Алтынғазы деген ат сирек ұшырасады. Күні бүгінге дейін кездестірмеппін. Әсте атасы ма, әлде әжесі ме, алтын қазы болсын, билік айтсын деген ниетпен қойған шығар деп ойладым. Менің осы ойымды білген ол: «Менің атымды әкемнің туған қарындасы Жәмила әпкем қойған», – деді. Әпкесінің көңіліндегі сол үміті орындалмағанымен, халыққа қызмет етсін деген ізгі ойы қабыл болып, Алтынғазы Секербекұлы Тобатаев алтын қолды хирург-дәрігер атанды. – Дәрігер қай кезде де халықтың сұранысындағы мамандық қой. Кімге ұқсағыңыз келді, қалай таңдадыңыз? – деп ақырын сыр тартып едік, әңгімесін әріден өрбітті. – Жамбылдықпын. Луговой деген аудан болатын. Қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы. Сондағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте білім алдым. Біз мектеп бітіретін 1971 жылы «Кім боламын?» деген тақырыпта мамандық таңдау кеші өткізілді. Мектебімізде үздік оқып, Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген соң, Жамбылда жақсы атағы жарқырап шығып жүрген Төлеген Жақыпбекұлы Егенбердиев деген хирург ағамыз болатын. Қазір профессор, Алматыдағы кардиологиялық орталықтың директоры. Бүкіл ауылдың аузында сол кісі жүреді. «Облыста Төлегенге жететін хирург жоқ!» деп мақтайды. Сөз кезегі келгенде мен сол ағадай ақ халатты абзал жан боламын дедім. Кітап сөзіндей етіп айтқаным бәріне ұнаған болу керек, отырғандардың бәрі дүркіретіп қол соқты. Солай деп айтуын айттым-ау, алайда мединститутқа сол жылы түсе алмадым. Конкурстан «омақаса құладым». Құр босқа салақтап жүрмеймін ғой, ауылға келе салып колхоздың қара жұмысына білек сыбана кірістім. Келер көктемде жасым жетіп, әскерге алып кетті, – дейді ол күлімдеп. Алтынғазы әскери борышын мақтаулы жауынгер болып бітіреді. Елге оралғаннан кейін арман етіп жүрген Алматы Мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетінің дайындық бөліміне түсіп, келер жылы осы факультеттің студенті атанады. Әрмен қарата оқу, мамандықты жақсылап игеру жолында ізденіске ұласады. 1982 жылы оқуын бітіргенге дейін есімдері елге әйгілі академик-ғалымдар, профессорлар Алшынбай Рақышев, Мендолла Құланбаев, Тұрар Көкеев және басқа да толып жатқан ұстаздардан тәлім алады. Алтекеңнің курстасы, жерлесі Юля Өмірзаққызы Есенбаевамен шаңырақ құрып, туған жеріне оралды. – Институт жолдаманы Шуға берген еді. Сондағы орталық ауруханаға уролог болып орналастым. 14 жыл ізденген, талпынған кім-кім үшін де үлкен кезең ғой. Алдыма маған ота жасаңызшы деп өтінішпен келетіндер көбейді. – Алған диплом дәрігерлік мамандыққа рұқсат қағаз іспетті құжат қана деп ойлаймын. Нағыз дәрігер болу әрбір дипломды маманның қолынан келе бермейді. Ол үшін үзбей ізденуің, ерінбей еңбектенуің керек. Көп жылдық тәжірибемен ғана жинақталатын ауыр мамандық қой бұл. Алтынғазы Секербекұлы 1996 жылы Рысқұлов аудандық ауруханасына меңгеруші болып ауысады. 1997 жылдан 2004 жылға дейін Тараз қаласындағы №4 емханада бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, кейін Алматыға қоныс аударды. Шыңғысы Астанада Мемлекеттік кіріс комитетінде жауапты қызметте жүрсе, ортаншысы Руслан банк саласында, ал кенжесі Шоқан Санкт-Петербугте Павлов атындағы академияда. Біз тілдесіп отырған Алтынғазы ағамыз 2009 жылдан бері Алматы қаласындағы соғыс және еңбек ардагерлері тіркелген №7 емханада хирург. Біз, Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары, сол жерде қараламыз. Емхананың бас дәрігері жыл сайын көтеріліс күндері қарсаңында арнайы бір күнді белгілеп, бүкіл желтоқсандықтарды дәрігерлік тексеруден өткіздіреді. Әңгімеміздің арасында кейінгі жас маман ізбасарлары жөнінде де не дер екен деген оймен тамырын басып көрдік. – Білімнен қию кеткенін өздерің менен жақсы білесіңдер. Баяғы бізді ұйытып оқытқандай оқытатын оқулықтар жоқ. Ғалымдарымыз отыз жылда жөні түзу кітап жаза алмады. Тест тапсыру деген бірдеңені енгізді. Көп жылдан бері бейшара балалар «бар» не «жоқ» деген жалпы жауаппен шектелетін сынаққа жіпсіз байланды. Мұның кесірінен сауатсыз ұрпақ жауыннан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптады. Солар жоғарғы оқу орындарына түседі, сенделіп жүріп, әйтеуір бітіреді. Бітіргендер бізге де келеді. Сөйлесіп, білім деңгейін тексерсең, несін айтайын, біздің бітірген кезімізбен салыстырғанда арамыз аспан мен жердей, – деді ол. Алтынғазы Секербекұлының осылай ашылып, ашынып айтқан ойларынан-ақ айналасындағы болып жатқан құбылыстарға, өз мамандығы саласындағы бас бермей кеткен келеңсіздіктерге немкетті қарамайтынын анық аңғарып, ол кісіге деген құрметіміз еселеп арта түсті. Аман болыңыз, Алтеке! Сіз елге керексіз. Өйткені қоғамымыз сырқат. Сол қоғамда өмір сүріп жатқан адамдар да сырқат. Сондықтан сол сырқаттарды азайтып, емдеу үшін керексіз...