Түркістан облысындағы Сайрам ауданы – оңтүстіктегі ауыл шаруашылығы дамыған, қажетті азық-түлікпен өңір жұртшылығын барынша қамтып отырған бірден-бір аудан. Аталған өңірде аграрлық секторға жаңа технологияларды енгізіп, кеңінен қолдануда жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
Биылғы 9 айда ауданда 81,5 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш бойынша жалпы өңірлік өнім көлемінің 58 пайызын құрап отыр.
Жыл соңына дейін салада өндірілетін өнім көлемін 100 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Және оның орындалуына толық негіз бар. Қазіргі таңда аудандағы жылыжайдың жалпы көлемі 52 гектар, ал қарқынды бау егілген жер көлемі 500 гектарға жуықтаған.
«Сайрам ауданының халқы өте еңбекқор. Ауданымызда мал етін өндіру, жылыжай салу, көкөніс, бақша, бидай, мақсары, жем-шөп дақылдарын егу жұмыстары қарқынды. Шаруаларға қолдау көрсету мақсатында да бірқатар оңды істер жүзеге асырылуда. Жуырда ауданымызда тағы бірнеше тың жобалар іске асырылғалы отыр. Мысалы Қайнарбұлақ ауылдық округінде 3,5 гектарлық жылыжай кешені салынады. Жоба құны 1,5 млрд теңгеге «Нұр-Агро» ЖШС тамшылатып суару арқылы осы кешенді қолға алуда», – дейді аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков.
Бұдан бөлек, ауданда балық шаруашылығын дамытуда жоспарлаған «Көмешбұлақ» ЖШС-гі жылына 1 млн балық шабағын өндіруді жоспарлап отыр. Жоба құны 50 млн теңге. Сондай-ақ Көлкент ауылдық округінде 29 гектар қарқынды бау кешені іске қосылмақ. Бұл жобаның құны 400 млн теңгені құрайды. Осы жобалар іске асса, ауданда тағы 380 жаңа жұмыс орындары ашылады.
Бүгінде ауданда жиын-терім жұмыстары әлі де жалғасуда. Жыл қорытындысымен аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 100 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда.