Офшор мәселесі өте өзекті. Осы уақытқа дейін офшорға кеткен қаржы 140 млрд доллар деген ақпарат бар. Бұл әрине нақтыланған ақпарат емес. Сарапшылар мен түрлі дереккөздер осындай дейді. Бұл қаражаттың өзі өте көп. Оның басым бөлігі әрине көлеңкелі экономика арқылы табылған қаражат көздері ғой. Кайман аралдары, Бермуд аралдары сынды ірі офшорларға шығару әдетке айналды. Жақында «Панама-гейт» бойынша шу болып, арасында қазақстандық азаматтардың да аттары аталды.
Халыққа бір дүниені анық айтуымыз керек, шетелдік банктерде көбіне кодталған шоттар болады. Егер қаражат соған салынса оны ешкім қайтара алмайды. Үкімет те, ешкім қайтара алмайды.
Оны тек сол шоттың кодын білетін адам ғана қайтаруы мүмкін. Қандай да бір ішкі ұяты оянып, ары қысса әрине. Ал енді басқа шоттарда, акцияларда, депозиттерде жатса, онда оны қайтаруға мүмкіндік бар. Бастысы қаржының заңсыз шығарылғанын дәлелдеу керек.
Менің ойымша қазір үкіметтің басты позициясы көлеңкелі экономикамен барынша күрес жүргізуі тиіс. Барлығын цифрландыруға өткізу қажет. Шекаралық аймақта әсіресе. Мысалы кезінде Қытайдың бізге жіберген экспорты мәліметі мен біздің Қазақстанға кірді деген импорт мәліметтерді теңестіргенде айырмашылық 7 млрд доллар болған еді. Енді ондаған жылдар ішінде қанша млрд доллар көлеңкелі экономикаға кетіп жатқанын ойлай беріңіз. Бізде көлеңкелі экономиканың үлесі өте жоғары. 2019 жылы көлеңкелі экономика үлесі 30 пайыз болса, 2020 жылы 23 пайыз болған деседі. Кей деректерде көлеңкелі экономика үлесі ЖІӨ-нің 50 пайызына тиесілі дейді. Қазір бізде ЖІӨ 80 трлн теңге, оның тең жартысы 40 трлн теңге көлеңкелі экономикада жүр деген сөз. Егер осыны реттей алсақ, айналымға дұрыс енгізсек және ашық экономика жасасақ, онда бюджет тапшылығын жабар едік. Бюджет жетіспеушілігін Ұлттық қордан аударымдар жасау арқылы, шетелдік банктерден несие алу арқылы жауып отырмыз. Шығысымыз көп, кірісіміз аз.
Мысалы мемлекеттік сатып алудың көбін «Самұрық-Қазына» жасап отыр. Трлндаған доллар қаржылар кетуде. Сондықтан «Самұрық-Қазынаны» толық трансформациялау керек немесе тіпті таратып жібергені дұрыс. Алдыменен нақты бір аудит жүргізілуі қажет деп есептеймін. Жұмысшылар санын қысқартып жатыр, ол бұрын да болған еді. Одан нақты нәтиже шықпайды. Тек компанияға соңғы кіргендерді шығарып жібереді. Болды. Сондықтан «Самұрық-Қазынаны» тарату керек, ал табиғи монополиялық компанияларды тиісті министрліктерге берген дұрыс. Энергетикаға «Қазмұнай Газды» деген сынды. Сонда нақты министрліктен сұрап, солардың жауапкершілігіне арта аламыз. Олар да жүйелі жұмыс істеуге тырысады.
Президент елдегі халықтың жартысы айына 50 мың теңге табатынын айтты. Бұл мәселені тез арада реттеу керектігін де тапсырды. Бұл мәселені жылдам іске асыруға болады. Алайда өкінішке қарай, біздің үкіметтің жылдамдығы тым баяу. Қазір бір тенденцияны байқап отырмыз, ол президенттің ірі лауазымда ұзақ жылдар бойы отырған азаматтарды алып тастап, жаңа кадрлық ауыс-түйістерді іске асырып жатқаны. Осыған қарап, іштей бір үміт оты жылт етті. Халықтың табысы өте төмен екені жасырын емес, ол бұрыннан айтылып келеді. Халықтың табысын жылдам арттырудың ең бірінші жолы, ол ең төменгі жалақы деңгейін реттеу. Қазіргі 60 мың теңге деп бекітуін ешқандай экономикалық негіздерсіз іске асырды деп санаймын. Оны қайдан және неге сүйеніп жасады? Нақты дәлелдер, есептемелер, аргументтер ұсынуы тиіс. Егер аргумент болмаса, онда қайтадан әлемдік жаңа стандарттарға қарап, қайта бекіту қажет. Менің ойымша бұл 60 мың теңге емес, дәл қазіргі уақытта 78500 теңге болуы тиіс. Иә, көп емес. Алайда бұл 60 мың теңгеден жақсы және 80 мың теңгеге жуық қаражатпен сәл болса да әлеуметтік жағдай жақсара түсері анық. Бұл ең бірінші іске асуы тиіс нәрсе деп санаймын. Оны қалай есептейді, оны медианды жалақының негізінде алады. Өткен жылы ол бізде 157000 мың болған, осының тең жартысы ең төменгі жалақы болып бекітіледі. Ал 44 %-ы ең төменгі күнкөріс шегі болып бекітіледі. Ол бізде бүгін 36 мың теңге бүгінде. Ал егер біз 157000 теңгемен есептесек, онда ол 69000 теңге болады. Яғни менің ойымша 70 мыңнан төмен табатын халықтың бәрі бізде кедей болып есептелуі тиіс, солай танылуы қажет.
Екінші бір есептеме бар, ол Дүниежүзілік Банктің шарттарына сай күніне 5.5 доллардан төмен табатын адам кедей болып саналуы қажет. Ол әлемдік стандарт. Сондықтан да күніне 5.5 доллардан есептесек те ол сол 70 мыңның маңайында болады. Сол себепті біз бұл көрсеткіштен төмен қаражат алатын жанның барлығын кедей деп тануға тиіспіз. Кедей деп танылған жандарға мемлекет арнайы көмек көрсетуі қажет, арнайы төлемдер, жәрдемақылар беру сынды.
Күні кеше ғана статистика бюросының басшысы ауысты ғой. Оның да бір себебі осында деп санаймын. Себебі бізде кедейшілік деңгейі де, жұмыссыздар саны да мүлде дұрыс есептелмеген. Сондықтан статистиканы дұрыстау қажет және ол жылдам іске аспаса, ертең үкімет жаңа бағдарлама ұсынған күннің өзінде, бұрынғы бұралаң жолмен жүріп, нәтижесіз болуы мүмкін.