Жақында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жыршы, жырау, ақын-жазушы Қожағұлов Сардарбек Омарұлы бұл өмірден бақилық дүниеге кетті. Сардарбек туралы балалық шағымыздан есте қалған бір ойын түрін қысқаша ғана айтқалы отырмын. Сардар ағамен Қазалы станциясында Титов (бұрынғы Сталин) көшесінде көрші тұрдық, әрі туыстық жақындығымыз да бар болатын. Өзге балалар секілді біз де асық ойнап, ләңгі теуіп, доп ойнап өстік. Бұрынғы үлкен кісілер баланың ойнаған ойындарына қарап, болашақта кім болатынын өздерінше болжайды екен. Мысалы: «қойдың қозыларын жақсы көрсе, «мына баламыздың отар-отар қойлары көп болады екен», ағаштың бұтағын ат қылып мінсе, «үйір-үйір жылқылары көп бай болады екен» деп жоритын болған. Енді Сардарбекпен ойнаған мына бір ойын түрін айтайын. Жерге қарама-қарсы қағылған екі қазыққа кесе-көлденең ағаш байлаймыз. Сол ағашқа жеті бөтелкені жіппен байлап, ең бірінші бөтелкені бос етіп, қалғандарына әртүрлі мөлшерде су құйып, соңғы бөтелкеге толық етіп су құйылады. Содан соң бөтелкелерді жіңішке шыбықпен ұрып, әртүрлі дыбыстарды шығартып ойнаушы едік.
Ойынды Сардарбек өзі бастап «До-Ре-Ми-Фа-СольЛя-Си» деп айтып көрсетіп беретін. Сөйтіп, бірте-бірте дыбыстарға әндерді қосып айтатын болдық. Сардарбек дыбыстарға «Сәулем-ай», «Паравоз» әндерін өте жақсы ойнатып айтушы еді. Сол «Сәулем-ай» әнін жиі, әдемі айтқандықтан болар, Алла Сардарбекке Ордабайқызы Сәулені өмірлік жар етті. Ал музыкалық түсінігі мол болғандықтан, Алла оған атасы Қарасақал Ерімбеттің рухын дарытып, жырау етті деп ойлаймын. Ол жыраулық өнерімен қатар ақындық, жазушылық қабілетке де ие болды. Оған оның жазған «Жанқожа батыр», «Баһадүр Жалаңтөс», «Райымбек батыр» дастандары дәлел бола алады. Ол Сыр бойы сүлейлерінің барлық жыр-термелерін, тыңдармандарын ұйытып, құлақ құрышын қандырып орындайтын, есте сақтау қабілеті мықты термеші-жырау еді. Осындай елге елеулі, халқына қалаулы Сардарбек Омарұлы 2022 жылы 26 тамыз жұма күні ешкімге салмақ салмастан, ауырмастан, ұйықтаған адамдай бұл жалған дүниеден бақилыққа аттанды.