Тараз қаласында жүгіруден марафон өтті. Биыл Қазақстанда 2021 жыл Тәуелсіздік жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай, жуырда Тараз қаласында «Сен жеңімпазсың!» ұранымен жүгіруден марафон өтті. Тараз тұрғындарын сергіткен бұл іс-шара биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Марафон тек жамбылдықтарды ғана емес басқа өңірдегі спорт жанкүйерлерінің де қызығушылығын тудырды.
Жарыс Ыбырайым Сүлейменов көшесі бойындағы «Жастар аллеясы» маңынан бастау алып, бекітілген жүгіру жолына сәйкес қала көшелерінде жалғасты. Айта кетейік, марафон ерлер мен әйелдер арасында 5 шақырым, 10 шақырым, 21 шақырым қашықтықта ұйымдастырылды. Қатысушылар арасында кәсіби спортшылармен қатар әуесқой спортшылар да бар. Жалпы ұйымдастырылған шараға 600-ге жуық адам жұмылдырылды. Марафонның жүлде қоры 2 миллионға жуық теңгені құрады. Атап айтқанда 5 шақырым қашықтықты бірінші жүгіріп өткен қатысушыға 50000 теңге, ал 11 шақырым және 21 шақырым қашықтыққа 200000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді.
Ерлер арасынан 21 шақырым қашықтықты 1 сағат 3 минут аралығында жүгіріп өткен Алматы облысының тұрғыны Данияр Оманғали болса, әйелдер арасынан Асем Абылкасымова мәреге алғашқы болып жетті. Ал 10 шақырымдық қашықтықтан ерлер арасынан 1 орын иеленген Ислам Аманов, әйелдер арасынан Татьяна Нерознак жеңімпаз атанды. 5 шақырым қашықтықты ерлер арасынан Денис Степаненко, ал әйелдер арасынан Кязим Сенвинч бірінші жетті.
Жас жеткіншектер мен қариялар да марафоннан бой көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, 5 шақырым қашықтықта 15 жастағы ер балалар арасынан Олжас Қуанышұлы суырылып шығып, қыздар арасынан Сарвиноз Досметова 1 орын иеленді. Ал қария аталардың арасынан 10 шақырым қашықтықты Канат Берікболов, ал 21 шақырымды қарт әжелер арасынан Ирина Андреева жүгіріп өтті.
Сондай-ақ «Сен жеңімпазсың!» атты Жамбыл марафонында мәреге келген әрбір қатысушыға естелік медальдар табысталды.