«Президентті қолдайық» десең біреулер, «Жағымпаздануды бастадыңдар ма?» деп миығынан күліп жатқан сыңайлы. Оу, айналайындар-ау, енді Президентті қолдамай, тұтқында отырған Мәсімовті қолдаймыз ба әлде көшедегі қарапайым халыққа лаң салып жатқан содырларды қолдаймыз ба, кімді қолдаймыз?! Менің үлкен қызметім жоқ, туысқандарымның да, балаларымның да ондай үлкен қызметі, жауапты креслолары жоқ. Өз күнімді жұрт қатарлы көріп жатқан қарапайым ғана қазақпын. Жағымпаздану, көлгірсу дегенді үйрене алмай-ақ келемін. Тоқаевқа жағымпазданып, шен-шекпен алу ойымда жоқ. Бірақ саясаттан мүлде хабарым болмаса да айтайын, нақ осы мезетте қазақ бас-басына би болмай, Тоқаевты қолдау керек.
Тоқаев өйтпеді, бүйтпеді деушілер де бар. Дәл қазір сол орында болса ешкім де өйте алмайды, бүйте алмайды. Халық үкіметті жаңарта ма деп үміттенді, өзім де солай ойладым, бірақ біз ойлағандай болмады. Тоқаев дипломат, қандай істі болса да байыппен, сабырмен шешетін кісі секілді. Үкіметті түгелімен жаңарту мүмкін тиімсіз шығар. Мүмкін үкімет басшысын өзгертіп, әзірше өзіне-өзі жауды көбейтпей, ескі үкіметтегі кадрларды пайдалану керек деп шешкен де болар. Ханда қырық кісінің ақылы болады дейді, ол кісінің ойлағаны бар болар. Тоқаев қиын кезде, сын сағатта халықпен бірге болды. Тарих беттерін парақтасаңыз, «Мен кеттім, қала керек болса халық өзі қорғап алады» - деп қасына 20-30 нөкерін ертіп, әулетін алып, қашып кеткен хандар да болған.
Тоқаев қандай қиыншылық болса да елмен бірге көрді, халыққа қарсы оқ атылған жоқ.
Әскерге оқ атуға рұқсат берсе халықты атуға емес, халықты қырып бара жатқан содыр-сойқандарға, баскесерлерге ескертусіз оқ атуға рұқсат берді. Парламент мәжілісінде бірталай жайлар айтылды, әрине, бір қарағанда үйреншікті ұсақ-түйек мәселе сыңайлы болуы мүмкін. Бірақ бұрындары айтылмай келген соны, серпінді ойлар, жоспарлар да жоқ емес. Орынды, өткір, сындарлы пікірлер де айтылды. Сондықтан нақ осы кезде Қасымжомарт Тоқаевты қолдап, елдегі жағдайды қалпына келтіруден басқа жол жоқ бізде. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықты қалпына келтіргеннен кейін әрі қарай көре жатармыз. Бәріміздің де туысқандарымыз бар, бауырларымыз, балаларымыз бар, осылардың амандығын ойласақ ең бастысы бізге тыныштық керек. Содырлар сойқан салып, Сирия мен Ауғанстанға айналып кетпейік, ағайын. Қалай дегенде елде үлкен бір серпіліс, халық санасында сілкініс болғаны ақиқат, аяғы жақсы болады деп ойлаймын.
Содырлармен сойқанда мерт болған боздақтардың жайлары жаннаттан болсын! Бұл менің өз пайымым, пікірімді ешкімге таңбаймын. Әлеужелідегі көсемдер мен шешендерден таным-түсінігім, өрем төмендеу болар, бәлкім ақылым да аздау болар олардан. Бірақ менің ойым осындай.