Жақында көршімнің қуанышына ортақтаспақ болып үйіне барғанмын. Әсілі, көршімді көрмегелі біраз уақыт болып қалыпты. Ол да, мен де жұмысбасты болғандықтан сирек көріседі екенбіз. Сонда деймін-ау, жағдай сұрасқанға уақыт емес, адамның пейіл тапшы ма, түсінбейтін бір уақыт болды ғой, әйтеуір....
Міне, осы тұрғыда Мөңке би бабамыз үш ғасыр бұрын айтқан мына бір сөзіне таң қалмасқа амалың жоқ: «Адамдар бір-біріне қарыз бермейді, шақырмаса, көрші – көршіге кірмейді». Расында көршілер арасындағы сыйластық, татулық, құрмет-ізеттілік өзгергені ме? «Көрші ақысы – тәңір хақысы» деген текті халықтың ұрпағы едік қой.
Бүгінде көршінің халін біліп, жағдайынан хабардар болып отыратын жандар қарасы азайды. Іргелес отырған отбасының тұрмысы мен тіршілігіне араласу былай тұрсын, аман-саулығын білу де салтымыздан ажырап бара жатқандай. Қойы қоралас, ағайыны аралас дәуірдің жәймен жылыстап жатқаны ма? Әлде нарық заманына ілесеміз деп, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып бара жатырмыз ба? Адам пейілі өзгерді ме, әлде қоғамның талабы өзгерді ме? Түсініп, біліп болмайсың?
Меніңше, заман да, қоғам да өз орнында. Күнкөріс қамы деп жүріп, көрші-қолаңмен қатынаспай, жақынымызды жат еткен өзімізден кінә бар секілді. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген тәмсілді терең ұғынсақ та, көршімен көңіл сұрасуды әдеттен шығардық-ау! Жақын тұрып, ыдыс-аяқ, құрал-сайман, керек-жарақ ауыспайтын, балалары бірге ойнамайтын жағдайлар бар. Бұл бай мен кедей, мансап пен беделдің тартысына ұқсайды.
Ұлтымызда «Жақсы көрші – төрің, жаман көрші – көрің»,«Жақсы болсаң көршіңмен, кем болмайсың еңшіңнен», «Отты шұқысаң – өшіресің, көршіні шұқысаң – көшіресің» деген мақал мәйегі көршінің қадір-қасиетін аңғартады. Рухани құндылығымызға терең бойласақ, көршінің ақысын жемеу, қадірін білу, сыйлап-құрметтеудің тамаша үлгісін байқайсыз. Шындығында басыңа қиындық келгенде ең алдымен көмекке құдайы көршің келетіні рас. Қолтығыңнан демеп, қуаныш-қайғыңды тең бөлісетін жандарды қалай ғана ұмытуға болады? Мұны Жаратқан Ием қасиетті хадисінде ақ қанатты періштеге балап, жәрдемші ретінде жібергенін айтады. Әрі арғы өмірде «Бұл кісі қандай болып еді?» деп көршіңнен жауап сұралады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің арқалық бөренесін қоюына тыйым салмасын», – деп үкім етіпті. Ал қазір кей бір ағайындар арасында жарты мерт жер үшін көршімен дауласып қырық пышақ соғысып отырғандар өте көп.
Тұрғындар татулығы тұтас ауылдың ынтымағын арттыратыны сөзсіз. Олай болса, бабалардан қалған салт-дәстүр «байырғыға» айналып, ұлттық тамырдан алыстап, ұрпағымыз қазақ халқына ғана тән кейбір асыл қасиеттерін тарих пен әдебиеттен ғана оқитын жағдайға жетіп жүрмейік. Көршімен сыйластық – ел-жұрттың сыйластығын, көршімен татулық – қоғамның татулығын құрайтындықтан, көршілермен тату-тәтті күн кешейік. Ал, сіздер, көршімен қалайсыздар, құрметті оқырман?
Жұман МАТАЙ,
Алматы облысы
Ұйғыр ауданы














