Облыс орталығы ғана емес, түбі бір түркі әлемінің астанасына айналған Түркістанда зәулім нысандар, мәдени, сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Олардың бәрі де әлемдік стандарттарға сай болуы – басты талап. Бұл талаптың орындалуын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі қатаң бақылауда ұстап отыр десек, артық айтпағандық болар еді. Салынып жатқан құрылыс нысандардың барлығын да өзі барып тексеріп жүреді.
Сондай маңызды құрылыс нысанының бірі – 1200 адам сыятын мұз айдыны. Екі гектар жерде орналасқан мұз сарайы келер жылы пайдалануға беріледі. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тікелей бақылауымен қолға алынған құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Заманауи кешеннің жалпы аумағы 5 мың м2 асады. Құрылыс барысын бақылаған облыс басшысы мердігерлермен кездесіп, оларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Шаһарда бой көтерген халықаралық дәрежедегі ескек есу каналының негізгі құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Құрылыс алаңында болған облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы жауаптыларға осылай деді.
Елімізде теңдесі жоқ олимпиадалық су кешені 80 гектар алқапқа жайғасқан.
Сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай футболы, волейбол, гандбол, теннис, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрлерін дамытуға септігін тигізетін спорт кешенінде кеңселер, қонақ үйлер, сауда орталықтары, кафелер, спорт және ойын алаңдары, аквапарк, балалар атракциондары және тағы басқа нысандар орналасады. Бүгінде мұнда 1,7 млн м3 топырақ қазылып, нығыздалып, қайта төселуде. Бетондау жұмыстары жүріп жатыр.
Түркістанда сонымен қатар «TURAN» футбол академиясы салынып жатыр. 20 гектар жерде құрылысы басталған футбол академиясының инфрақұрылымы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді және мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарына сәйкес жағдай жасалады. Жаңа кешенде еуропалық стандартқа сәйкес келетін 11 үлкен және шағын футбол алаңы, жасанды жабын, толық суару және дренаж жүйесі бар.
Облыс орталығында ат спортыкешені де салынуда. 35 гектар жерде орналасқан кешенде Поло-клуб, манеж, стендтік атысқа арналған алаңқай, садақ атуға арналған алаң, канал арқылы өтетін көпір мен атпен серуендеу аймағы болады. Сонымен бірге облыс басшысы жақын күндері ашылатын Экобазарда болып, ондағы инфрақұрылым жүргізу жұмыстарымен танысты.