ҮКІМЕТТІҢ АЛДЫНДА ЕКІ ТАҢДАУ ТҰР: НЕ ЗАҢ, НЕ ПИЛОТТЫҚ ЖОБА... (ҚР Премьер-министрі О. Бектенов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Р. Склярға!)

ҮКІМЕТТІҢ АЛДЫНДА ЕКІ ТАҢДАУ ТҰР:  НЕ ЗАҢ, НЕ ПИЛОТТЫҚ ЖОБА... (ҚР Премьер-министрі О. Бектенов пен  ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Р. Склярға!)

Құрметті Олжас Абайұлы!

Құрметті Роман Васильевич!

Мен Сіздерге аттарыңызға арнайы хат жазып, Атажұртына көшіп келіп, осы жылдың ақпан айынан бері қатаң атқарыла бастаған «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы бірлескен бұйрықтың кесірінен Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай отырған 430 этникалық қазақ  отбасының тізімін жолдап отырмын. 

Олардың құжаттан алмай қалуының себебі біреу-ақ! Ол – аталған «Бірлескен бұйрықтың» шарттарының заңсыздығы мен шектен тыс ауырлығы!!!

Осыған дейін осы мәселе туралы Президентке, Президент Әкімшілігіне Үкіметке бірнеше мәрте хат жаздым.

Президентке жазған ««Пилоттық жоба» не дейді, Конвенция мен Конституция не дейді?!» атты хатымның Қасым-Жомарт ағаның қолына тигені, тиісті тапсырма берілгені туралы Ақордадан хабарланды. Бірақ, әлі нәтижесі болыңқырамай тұр. Міне, бүгін тағы қалам алып, Сіздердің аттарыңызға арнайы хат жазып отырмын!

Құрметті Олжас Абайұлы!

Құрметті Роман Васильевич!

Мемлекеттің қандастар мен қоныс аударушыларды Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстандыруы – стратегиялық маңызға ие өте маңызды саясат! Мен бұл саясатты жүз емес, екі жүз пайыз қолдаймын! Бірақ, мен үш министрлік қабылдаған пилоттық жобадан көшіп келушілерді Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстандыру сынды ізгі ниетті көріп тұрған жоқпын. Керісінше, бұл бірлескен бұйрықтан қандастарымызды мәжбүрлеу арқылы Ұлы көшті тоқтату пиғылы мен мұндалап тұр! Тіпті, басқа облыстар мен қалаларды былай қойып, Үкімет белгілеген өңірлердің өзіне көшіп келген қандастарымыздың өзі жарты жылдан бері не құжаттана алмай, не өңірлік квотаға қол жеткізе алмай, сорлап қалды...

Әне, «Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан тиесілі, олар ажыратуға және айыруға болмайтын деп танылады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады», – деп жаңа Конституцияның 15-бабында тайға басқан таңбадай ашық жазулы тұр!

Үнемі айтып келе жатырмын, бүгін тағы қайталаймын, шекара сыртында қалған қандастарымыздың тарихи Отанға көшіп келуі, тұрғылықты жерін еркін таңдауы, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы – оларға тумысынан тиесілі құқықтар мен бостандықтар! Сондай-ақ, Конституцияның 24-бабына сай, Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар. Оларды бұл Құдай берген, Заңмен бекітілген құқықтары мен бостандықтарынан ажыратуға және айыруға ешкмнің ешқашан хақысы жоқ!

Ал, көшіп келушілерді Үкімет белгілеген өңірлерге қонстандыру – мемлекеттік саясат! Мемлекеттік саясат адам құқығын шектемеуі тиіс! «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңының 20-бабының 5) тармағы арқылы 2023 жылы 19 сәуірде қойылған өңірлік шектеу мен осы пилоттық жоба – атажұртына оралған қандастарымыздың жоғарыда айтылған конституциялық құқықтары мен бостандықтарын тас-талқан етті. Сөйтіп, Қазақстан мемлекетті заңмен емес, түсінікпен басқаратын Елге айналды! Адамның құқығын шектейтін мұндай жағдай тәуелсіз Қазақстанның тарихында болмаған, кешегі Сталин билік құрған дәуірде ғана болған. Бұл – Заң үстемдік құрған Әділетті Қазақстан үшін ұят әрекет! Бұл – бір!

Екінші, қазір «Заң мен Тәртіп» қағидаты салтанат құрған заман! Осы «Бірлескен бұйрықты» Сіздерге қабылдауға мәжбүр еткен ықпалды адамдар ойлауы мүмкін, «Қандастар туралы Президентке жағымсыз ақпарат беріп, осылай пилоттық жоба қабылдатып, Атажұртына оралған этникалық қазақтардың құжаттану процесін барынша қиындатсақ, Ұлы көш тоқтайды...» – деп. Қатты қателеседі! Бұл – барып тұрған ақымақтық және шектен шыққандық!!! Ұлы көш мәңгі тоқтамайды!!! 

Салық Зиманов сынды пайғамбар текті аталарымыз бастап, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қостап, шекара сыртында қалған этникалық қазақтардың тағдырын Тәуелсіз Қазақстанның мойнына артып, Атажұртқа ағылатын Ұлы көштің мәселесін сонау Тәуелсіздіктің бірінші күні мәңгілікке шегелеп тұрып шешіп қойған болатын!

Сенбесеңіздер, қараңыздар:

«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының (1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған) 7-бабында: «Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын Республика территориясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердiң азаматтығымен бiрге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу хұқы танылады», – деп жазылған.

Аталған Конституциялық Заңда тағы: «Қазақстан Республикасы көшi-қон процестерiн реттеп отырады. Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде Республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды» және «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды», – деген қасиетті нормалар бар!

Конституцияны, конституциялық заңдар мен заңдарды жылына емес, айына емес, аптасына, тіпті күніне өзгерте беруге болады. Ал, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заң (1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған) ешқашан өзгермейді! Ол – Мәңгілік Елімізбен бірге мәңгі жасайтын Заң!

Керек болса, 18-бабында жазулы тұр, жаңа Конституцияның өзі «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы» декларация мен осы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының негізінде жасалады!

Мен жоғарыда «Қазір «Заң мен Тәртіп» қағидаты салтанат құрған заман» деген сөзді босқа айтып отырған жоқпын. Ата Заңның маңдайында жарқырап тұрған «Заң мен Тәртіп» қағидатының нағыз жұмыс істейтін жері – дәл осы тұс!!!

Керісінше, міне, алты айдың жүзі болды, «Бірлескен бұйрық» арқылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 7- және 8-баптары өрескел бұзылып, Атажұртына оралған қандастарымыздың құқығы шектеліп жатыр!

Өкінішке орай, қазір «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының бұл нормаларының біреуі орындалып жатқан жоқ!

Президентіміздің «Заң мен Тәртіп» деген қасиетті қағидаты жаңа Конституциядан көрініс таппай жатып, желге ұшуда...

Егер осы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Заңның осы өлшеміне салсақ, бірлескен бұйрық арқылы Атажұртына оралған этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын шектеу – Мемлекеттің тәуелсіздігіне қасақана қарсы жасалған аса ауыр қылмыс болып есептеледі!!!

Құрметті Олжас Абайұлы!

Құрметті Роман Васильевич!

Мен өте жақсы білемін, кейбір облыстардағы халықтың саны шамадан тыс артып кеткендіктен, Үкіметке қолайсыздықтар тудырып жатыр. Бірақ, бұл мәселеге тек қана Атажұртына оралған қандастарымызды айыпты ету әділетсіздік болар еді. Жұртқа кінә артқаннан гөрі, ел болып, жұрт болып, бұл мәселені оңтайлы шешу жолын тапқан әлдеқайда сауапты әрі абыройлы жұмыс болмақ!

Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды Үкімет белгілеген өңірлерге жаппай қонстандыру.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысындағы халықтың шамадан тыс артып кетуі бәрімізді алаңдатып отыр. Бірақ, бұл аймақтың халқының аталған өңірлерге лап етіп көше жөнелуі қиын! Оларды қандастар секілді мәжбүрлесең, соңы дүрбелеңге айналуы бек мүмкін!

Егер Сіздер Маңғыстау халқының бір бөлігін Үкімет белгілеген өңірлерге көшіремін десеңіздер, онда осы Маңғыстаудың тумасы, экс-депутат Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаевты Солтүстік Қазақстан мен Павлодарға облыс әкімі етіп тағайындап, екеуіне белгілі дәрежеде мүмкіндік берулеріңіз керек! Өздеріңіз жақсы білесіздер, екеуі де елге танылған, өте білікті азаматтар.

Маған сеніп қойыңыздар, мінезі өзгеше, жаратылысы бөлек Маңғыстау халқының тілін тек осы екі тұлға ғана табады және оларды Үкімет айқындаған өңірлерге көшуге көндіре біледі.

Ал, қандастарымызға келсек, жоғарыда айттық, өңірлік шектеу мен осы пилоттық жоба олардың конституциялық құқығын шектеуге апарып соқтырады!

Оларды Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру үшін, отбасының бүтіндігін сақтау шарты астында, өзге облыстар мен үлкен қалаларға көшіп келушілердің қоныстануын шектейтін арнайы Заң керек!

Сонда, Ата Заңымыздың 24-бабындағы «Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар», – деген норма бұзылмайды! Аталған Заң осы баптағы «Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда» деген ескертпеге үшін керек! Сонымен бірге, Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған қандастарымыздың құжаттану, өңірлік квотаға қол жеткізу процесін барынша жеңілдету керек! Есесіне, ол өңірлерден қайта көшіп кеткендерге қолданылатын әкімшілік жазаны барынша ауырлатқан жөн. Мысалы, Үкімет берген өңірлік ковота мен өзге де қаражатты үш еселеп қайтарып алу сынды шаралар қолданылса, еш артық болмайды...

Егер Сіздер мүмкіндік берсеңіздер, мен осы Көші-қон саясатымен ұзақ жылдан бері тынбай айналысып келе жатқан өте тәжірибелі маман, белсенді азамат ретінде, осы мәселені шешу үшін көмектесуге 24/7 дайынмын!

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

Құрметті Роман Васильевич!

 

430 отбасы – аз сан емес, мың немесе одан да көп адам!Бұл – менің қолыма түскендері ғана. Ал, Пилоттық жобаның кесірінен жалпы құжаттана алмай отырған қандастарымыздың саны бұдан әлдеқайда көп, тіпті екі-үш есе артық болуы мүмкін;

Тізімге қарап отырсақ, олардың біразы көпбалалы отбасылар екен; 

Өздерінің айтуларына қарағанда, «Қандас» мәртебесін алып үлгергендері де жетерлік көрінеді; 

Бір бөлімі Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанғандар болып шықты;

Жоғарыда айттым, соған қарамастан, ондай санаттағы отбасылар да құжаттана алмай, өңірлік квотаға қолы жетпей дағдарып отыр;

Көбінің визасының, «Қандас» мәртебесінің және өзге де құжаттарының мерзімі өтіп кеткен;

Өздерін қоя тұрып, мектеп жасындағы балалына виза рәсімдете алмай жатқандары қаншама?!

Енді осы мәселені шешуге келсек, Үкіметтің алдында екі таңдау тұр: не Заң, не Пилоттық жоба!

Үкімет тез шешім қабылдап, осы екі жолдың біреуін таңдауы керек! Егер Үкімет Заңды таңдаса, онда бірден Пилоттық жобаның күшін жойып, қандастарымыздың құжаттана алмай отырған мәселесін бұрынғы тәртіппен шешуі тиіс!

Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаев жолға қойған Әділетті Қазақстан идеясы мен Заң мен Тәртіп қағидатының талабы! Ал, Пилоттық жобаны таңдаса, онда мемлекетте Заң жұмыс істемейді деген сөз, бірлескен бұйрықтың кесірінен құжаттана алмай отырған неше жүздеген отбасын сергелдеңге салмай, келген елдеріне кері қайтаруы керек!! 

Бұл – «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен Тәртіп» қағидатын түбегейлі жоққа шығару! Басқа амал да, жол да жоқ! Ендігі таңдау, ардақты бауырларым, Сіздердің құзырларыңызда! Әрине, бір-екі жейдені бұрын тоздырған жанашыр ағаларыңыз ретінде, мен бұл келеңсіздіктің «Бектенов пен Склярдың пилоттық жобасы» деген жаман атпен тарихқа қалғанын ешқашан қаламаймын!!!

«Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз!» – деп антқа бергісіз ақжарма сөзін айтып, ағынан ақтарылып жатқан менің Қасым-Жомарт ағамды ұятқа қалдырмайтындай, мемлекетті шерменде қылмайтындай етіп, екеуіңіздің оң әрі тиімді шешім қабылдауға ықпал ететіндеріңізге сенімдімін!

Садағаң кетейін, бауырларым, Сіздерден өтінерім: ең құрығанда, Қасым-Жомарт аға Президент болып тұрған кезде Ұлы көшке кедергі жасатпаңыздаршы! Ертеңгі ұрпақ алдында ұятқа қалдырамыз ғой...

Маған сол қабылдаған шешімдеріңізді айтып, өз қолдарыңызбен жауап берулеріңізді және мені жеке-жеке қабылдауларыңызды сұраймын!!!

Ескерту: 430 отбасының тізімі қоса тіркелді.

Құрметпен,

Ауыт МҰҚИБЕК,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің,

«Құрмет» орденінің иегері

 

06.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Маңызды жобалар басталды
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 06.08.2026 83
Бұл құрылтайда кәсібилік  болмаса, бәрі бекер...
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 06.08.2026 115
Талғарда   тоғызқұмалақтың   үздіктері анықталды
Ә.ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 06.08.2026 82

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26755
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26183
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43577
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39356
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43979