Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Meta Bilim and Idea Alań» TEDx форматында ұйымдастырылған «META MEET» XІX республикалық студенттер слеті өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңға жуық белсенді студент жастардың басын қосқан жиынға Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы, ЕҰУ студенті Ұлан Наукен, «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есентүгел Елеукен, журналист, танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт, имам, дінтанушы, психолог, блогер Нұрлан Асанов, кино және театр актёры Данияр Оразаев, журналист, ақын Рамазан Есмағамбетов және Студенттік Парламенті, Жастар ісі жөніндегі комитеті, Қазақстан студенттері Альянсының облыстық филиалы, Студенттер мәселелері жөніндегі кеңес төрағалары мен мүшелері қатысты.
Жиынның ашылу салтанатында Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Ұлан Наукен:
– Студенттер альянсы 2005 жылы құрылған болатын. Содан бері студенттер слеті жыл сайын өткізіліп келеді. Өкінішке қарай, тек пандемия кезінде ғана ұйымдастырылған жоқ. Ауқымды іс-шараны әр өңірде өткіземіз. Мәселен, осыған дейін Тараз, Павлодар, Түркістан қалаларында ұйымдастырылған жиындар көпшіліктің есінде деп ойлаймын. Былтырғы және биылғы слетті Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Биылғы іс-шараға альянстың мүшелерінен бөлек, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының да өкілдері шақырылды. Бұрын альянсқа жоғары оқу орындарының студенттері ғана мүше болса, енді колледж студенттерін де қатарға қоспақпыз. Биылғы іс-шараға колледж студенттері де қатысып отыр, – деді.
Жылда ұйымдастырылатын студенттер слеті – жастардың тәжірибе алмасып, білім жарыстыратын, спорттық ойындар арқылы достық байланысты нығайтатын зияткерлік алаңы. Сонымен қатар қатысушылар еліміздегі жастардың және студенттердің рухани-мәдени, әлеуметтік, қоғамдық проблемаларын талқылап, пікір алмасатын рухани орта. ХІХ республикалық студенттер слетіне колледж студенттерінің де қатысуы шараның ауқымын кеңейтіп, қордаланған мәселелердің де ашық айтылуына түрткі болды. Жастар арасындағы қатігездік, мейірімсіздік, заңға қайшы әрекеттердің күн санап артып келе жатқандығы, тәлім-тәрбие мәселелері талқыланды. Құмар ойындар мен оның жарнамасына тыйым салу, жастар арасындағы нашақорлық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Студент жастар спикерлерге өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Жиын барысында Дана Нұржігіт жастар арасында өршіп бара жатқан құқық бұзушылық, әлімжеттік туралы сөз қозғады. Ол жастардың қатігездік әрекетін қылмыс деп санайтынын және жәбір көрсетушілер ата-анасымен бірге жазалануы мүмкін екенін ескертті.
– Қазіргі ақпарат айдынында, әсіресе күнделікті тікелей эфирге шығып, өзекті мәселелерді қозғаған кезде осымен бірлесіп күресуіміз керек дейтін жантүршігерлік, кейде жиіркенішті деп те айтуға болатын оқиғаларды көрген кезде көбінде жастардың арасында болып жатқан дүниелерде сіздер сияқты студенттер альянсының күші керек деп ойлаймын. Өйткені сіздің сүріп жатқан өмірден қалыс қалған жастардың тілін табатын өздеріңіз. Мысалы, алдыңғы күні жасөспірімдер арасындағы әлімжеттікке байланысты «Біздің мақсат» бағдарламасын жүргіздік. Бір-бірін өлімші етіп сабап жатқан, бір-бірінің ар-ожданын жерге таптап, оны видеоға түсіріп, бопсалап, елдің алдында масқарасын шығарам деу – қылмыс. Шынтуайтында, олар қылмыс жасап, ертең өздері де, ата-анасы да осыған жауап беретінін ұмытып, сондай видео түсіреді. Бұған тыйым болуы керек, – деді Дана Нұржігіт.
Елімізде әлі күнге дейін көлеңкелі бизнестің жолын кесу мәселелерінің толық шешім таппай отырғандығы, TikTok желісі арқылы жастарды ашық түрде казино ойнауға тарту арқылы ақша табуды көздейтін қылмыстық топтың қалыптасқандығы, оған тыйым салуға келгенде еліміздегі заңдардың солқылдақтығы жөніндегі мәселелер де көтерілді. Жиынға қатысушылар жастар арасындағы мұндай келеңсіз оқиғалармен үнемі бірлесе күресу, керекті заңдық нормалар қабылдау, ашық талқылау керектігі туралы уағдаласты. Үш күнге созылған жиын барысында студенттердің үздік жобалар көрмесі, жастардың проблемаларын шешу жолдарын ұсынатын Hackathon, интеллектуалдық және спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Қорытынды кездесу кезінде кезекті XІX республикалық студенттер шақырылымында үздік көрсеткіш көрсеткен студент жастар, ЖОО-лар мен колледж ұжымдары марапатталды.