...Құдықшы өмір сүрген жердің бедері ерекше. Режиссер кино түсіретін тұсты әдейі таңдап алған. Ақшаңқан жартастардағы белдеулер бұл маңның мың-миллион жылдар бұрын теңіз түбі болғанын айғақтайды. Сонадайдан көз тартады. Көз қуантады. Кинодан бұл даланың алуан мінезін көресің. Бірде аспан ашық, күн нұрын молынан төксе, енді бірде көк жүзін шарбы бұлттар торлап, алайда дым тамызбастан әлдеқайда үдере көшіп барады. Ал енді бірде жаңбыр дегенің шүмектеп құяды. Жаңбырдан соң сайын даланың көгі дүрк көтеріліп, көк майса кілемдей құлпырады.
Режиссер Жаңабек Жетіруға бұл жағынан құдайдың өзі қарасқандай. Әншейінде толқымай, беті жыбырлап қана тып-тыныш жататын да қоятын теңіз түсірілім тобы жұмысқа кіріскен бойда, ежелгі момын мінезінен жаңылып, дауылдатып қоя беріпті. Тіпті соңғы ондаған жылғы момақан қалпын ұмытқан. О құданың құдіреті! Теңіз бетінің тынышы кетіп, үйдей толқындар төңкеріле құлап, өкірген дауысы әлемнің үрейін алып, жағалаудағы алып тастарға ышқынып кеп соғылып, быт-шыт болып кері қайтып, ғаламат бір көрініске қарық қылады да тастайды. Бұл әлде режиссердің құдайдан шын тілегені ме екен. Бұрын болмаған жағдай. Ғажайып құбылыс. Түрлі түсті бояуы айқындалған кемпірқосақ... Табиғаттың осынау тылсым құбылыстарын қалт жібермей, сол қанық бояуымен кадрге іліндіріп алу фильмге әр беріп тұр. Сөз жоқ, бұл – режиссердің, қала берді түсіру тобының табысы. Бұл – осы фильмнің қоюшы операторы Рифкат Ибрагимовтың қолтаңбасы. Рифкат – Андрей Тарковскидің «Сталкер» фильмінде оператордың ассистенті болып ұстазы Г.Рербергпен бірге түсірілімге қатысқан, бүгінде Ташкентте тұратын оператор. Оның өзіндік ерекше қолтаңбасын танып, «Шыңырауға» шақырған да режиссер.
Табиғаттың бірде жайдары, бірде астаң-кестең бола қалатын осынау алуан мінезі құдықшының алабұртқан көңіл күйін танытқандай.
Құдықшының аты Еңсеп екенін, ата-бабасынан бермен қарай құдықшылықтан нәпақа айырып келе жатқанын фильмнің оныншы минутында ғана білеміз. Құдықшылық деген жұмбағы мол, кім көрінгеннің қолынан келе қоймайтын киелі кәсіп екенін пайымдай бастайсың. Оның киелілігі сол, жерді бас салып қазбас бұрын қай жерден қандай су шығатынын айыра білу қажет.
Осылайша көрермен мәселенің мәнісіне біртіндеп тереңдей береді. Құдықшының әрекетіне сай, кәсіп сырына бойлап, ұғына бастайды. Кәсіп қана ма, осы әрекеттің бәрі өмір сүру үшін ғой. Ал өмір дегеніміздің өзі немене? Сіз өзіңізге өзіңіз осындай сұрақты қойып көрдіңіз бе? Күмәнім бар. Адам баласы басына түспей не ойлап жарытсын. Ал осы сұрақ фильмді көру барысында түйсігіңде оянып, еріксіз жүрек шымырлатады.
Кең дүниенің бір қанаты шөлейт дала. Тым-тырыс. Үнсіздік. Тыныштықта бұйығып жатыр. Тіршілік жоқ сияқты. Көкте Күн жарықтық жалғызсырап жүзеді. Ал сол әлемнің келесі бетінде төсін Күнге сүйгізіп еркелеп жатқан айдын шалқар көк теңіз. Бірде шалқиды, бірде толқиды, бірде дөңбекшиді. Ақшулан толқын мың-миллион меруерт моншағын шашу қып шашады. Ал кейде ашуланып, үйдей толқындары жағалаудағы қой тастарға өкіріп кеп долдана соғылып жатқаны.
Шөл мен теңіз. Қатар жатқан қос құбылыс. Бірімен-бірі кереғар құбылыс. Бүкіл адамзат өмірінің пәлсапасы деген – осы. Адамның өмірі ақ пен қарадан, жақсы мен жаманнан, асыл пен жасықтан, аярлық пен адалдықтан, шындық пен өтіріктен, бақ пен сордан және тағы басқа да осы сияқты толып жатқан қарама-қарсылықтардан тұрады. Бұл ұғымдар өне бойы шарпысумен өтеді, адамның өмірі есейе келе күреске ұласатыны содан. Бабаларымыздың «Өмір деген – бірде шөл, бірде көл» деген даналығын экранда осылайша сәтті шығарған.
Толқып жатқан теңіз – қайнаған өмірдің символы, мәңгілік өмірдің нұсқасы. Жаратылыс мұраты айқын. Өмір бар жерде өлім бар. Осынау арпалысқа толы өмірдің өзі адам баласының басынан қас-қағым сәтте өте шығады екен. Қас-қағым сәтте өте шықса да, адам бейшара бір жұтым суға, бір жұтым ауаға, біт сәттік Күн сәулесіне тәуелді. Осы тәуелділік күрес деп аталады. Күрескердің бірі – құдықшы Еңсеп.
Оның өмірі осы өлкеде тіршілік ететін өзге адамдардай емес. Өзгелер жердің үстінде алшаң басып, алаңсыз өмір сүрсе, бұның жарты өмірі жердің астында, үнемі үрейленумен, үнемі қауіп күтумен өтеді. Ол тас қашағанына қиналмайды, кез келген сәтте шыңырау астында көміліп қалмас па екенмін деп алаңдайды. Соны ойласа, жүрегі дүрсілдеп кетеді. Алайда бір сәттік жарық сәуле үшін, жалған болса да өмір жалғастығы үшін бәріне төзеді. Қайтпас қайрат, қайсар мінез, маңдай тер, табандылық, темірдей төзім. Осы қасиеттің бәрі Еңсептің бойында бар. Оны солай қылып өмір қалыптастырған. Сонымен бірге оның жүрегінде намыс ойнайды. Су шыққанша қанша уақыт қазу қажет болса, сонша уақыт жер астында топырақ үңгіп, тас қашайды. Жер асты ызғары өңменіңнен өтеді. Су өнбей қала ма деген қауіп одан да ызғарлы. Көңіл содан қобалжулы. Тереңдеген сайын шыңыраудың аузы тарылып, оймақтай тесікке айналады. Қызыл күннің қиық сәулесіне зар болатын зәрезап күндер басталады. Қауіп пен қиындықтан қажиды. Сондайда кәсібінен бас тартқысы кеп кетеді кейде. Алайда шыңырау құдық қазылып біткен кездегі қуаныш, халықтың ырзалыққа толы лебіздері әуелгі райын ұмыттырады. Қайласын қолына қайта алады сосын. «Адам армандаймын деп жүріп алданады, алданып жүріп-ақ талай дүниені бітіреді». Фильмге ойша бойлай отырып, осы қағиданы еріксіз мойындайсың.
...Суреткер жазушы Әбіш Кекілбаев – ұлы даланың ұлылығын қара сөзбен жырлаған ірі тұлға. Міне, енді сол дастан кино болып кең ауқымды форматта көрерменге жол тартты. «Шыңырау» хикаяты философияға тұнып тұр. Оны кино тілінде сөйлетіп, пәлсапа қуатын арттыру, бес бөлімнен тұратын көлемді шығарманың айтары мен бүкіл болмысын беру үшін режиссер көп ойланып, көп толғанған. Дұрыс қорытынды жасаған. Көп тұсын барынша сығымдап жеткізуге тырысқан. Бұл да оның шеберлігі, осы саланың ілім-білімін жетік меңгергендігі. Мәскеуден білім алып, қырық жыл ғұмырын осы кино саласына арнаған режиссер, сценаршы Жаңабек Жетірудың мол тәжірибесі, өзіндік қолтаңбасы айқын екенінің дәлелі.