Бүгін Тараздай қарт шаһардың қақ төрінде «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы салтанатты түрде ашылды.
Орталықта жас қыздарды ертегі оқудан бастап, домбыра тартып, ән мен күй шертіп, сурет салу мен би билеуге баулып, сонымен қатар санаға тағылым себетін бірқатар үйірмелер бар. Ал бойжеткендер мен қыз-келіншектерге әйелдің отбасындағы рөлін меңгеруге жан-жақты үйретеді. Психологиялық кеңестен бөлек, іс тігу мен ас әзірлеп, тіпті сол арқылы кәсіп иесі атануға да бағыт-бағдар береді. Салтанатты сәтке қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңадан ашылған ғимараттың аналарға деген шексіз һәм риясыз құрметтің, сүйіспеншіліктің белгісі екенін тілге тиек етіп, болашақ ұрпаққа үлкен тәрбие көрсететін орталық болатынына тоқталды.
– Адамның өмірінде, қоғамда ананың алар орны бөлек. Қазақ «анаңды Меккеге арқаңа салып алып барсаң да, борышыңды өтей алмайсың» деп бекер айтпаған. Қайбір қиыншылықтар болса да аналарымыз халқыменен бірге ерлеріне тілеуші, еліне тірек болған. Біз тарихтан қазақтың қандай аналары болғанын жақсы білеміз. Осы уақытқа дейін сол аналардың есімі аталады. Біз сол аналардың алдында мәңгілік басымызды иеміз. Айша бибіден бастасақ, Қыз Жібек, Әлия менен Мәншүк бар, солардың ізгі жолын жалғастырып келе жатқан өздеріңізсіздер. Әулиеата жеріндегі ашаршылық, соғыс секілді халықтың басына небір қайғы-қасірет төнген уақытта ең алдымен соған темірдей төзіммен төтеп беріп, сонымен қатар отбасындағы тыныштық пен береке, бірлікті сақтаған да ақ жаулықты аналарымыз еді. Біз әр уақытта алдарыңызда басымызды иеміз. Сіздер үшін қызмет жасаймыз. Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ананың тәрбиесі, ананың балаға беретін тағылымы мен бағыты ауадай қажет. Рухани байлығымызды, ата-бабадан келе жатқан салтымызды, дәстүрімізді ұрпақтан ұрпаққа таратуымыз керек. Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпақ, қаракөз қыздарымыз да ертеңгі күні сіздердей ана болатынын, ұрпақ тәрбиелейтінін ұмытпау керек. Қанша дегенмен біз қай заманда да салтымызды салтаған халықпыз. Аналардың міндеті – соны осы ұрпақтың бойына сіңіру. Осы орталықтың ең негізгі мақсаты да сол. Арамызда көпбалалы, аз қамтылған отбасылар бар. Олардың да қиыншылықтары, шешілмей жатқан мәселелері аз емес. Осы орталықтың қызметкерлері сондай отбасыларға кеңестер беріп, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың басшыларын шақырып, оларға түсініктеме беріп, мұқтаж отбасылардың мәселелерін шешуге көмектесетін болады. Орталықтың тағы бір негізгі міндеті, ол – мамандық беру. Тігін, аспаз өнері, домбыра секілді бағыттар да қарастырылған. Бұл қазақтың анасына деген құрметіміздің бір бөлшегі ғана. Қазақтың анасы деген қастерлі сөзді біз ешуақытта ұмытпауымыз керек. Ананы тыңдау, ананы сыйлау, ананың ізеттілігі мен тәрбиесін жастар ұғып, түсініп, қадірлеуі қажет. Ең басты нәтиже – тәрбие, деген Бердібек Машбекұлы сөз соңында ғибраты мол ғимаратты өз қаражатымен демеушілік есебінде салып берген «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, белгілі меценат Арман Еділбаевқа алғысын жеткізді.
Өз кезегінде үш қабаттан тұратын кимешектей көрікті, сәукеледей сәулетті ғимараттың ашылуына жиналған аналардың да қарасында қисап жоқ. Нысанның алдындағы сәби ұстаған ананың мүсініне тамсанғандар да аз емес.
– Бұл біз секілді ақ жаулықты аналар үшін көптен күткен қуаныш. Облыс басшысының бастамасымен бой көтерген орталықтың маңызы әсіресе қыз келіншектерге, өсіп келе жатқан қыздарымыздың тәрбиесі үшін тағылымы мол. Себебі қазіргі таңда жас қыздар үшін ұлттық дәстүр, салт-сана ұмытылып бара жатыр. Мұнда тігін тігуден бастап, қыз тәрбиесіне қатысты барлығы қамтылған. Олар осы жерден тігін тігіп, ас әзірлеуді, тіпті бүлдіршіндеріміз домбыра тартып, ән айтып, би билеп, сурет салуды да үйренеді. Бұл ғимаратты анаға, қаз баласына деген үлкен құрмет деп санаймыз. Сол үшін облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен игі іске демеушілік танытқан, басы-қасында жүрген азаматтарға аналық алғысымды айтып, ақ батамды беремін, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова.
Шашу шашып, тұсау кесіп, ұлттық дәстүріміз ұмытылмай, керісінше ұлықталған сәтте меценат Арман Еділбаев та сөз тізгіндеп, ақ жаулықты аналардың алғысына бөленді.