Жуырда Тараздай қарт шаһардың қақ төрінде «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығы салтанатты түрде ашылған-ды. Бүгінде орталық өзінің жұмысын бастап кетті.
Орталықта жас қыздарды ертегі оқудан бастап, домбыра тартып, ән мен күй шертіп, сурет салу мен би билеуге баулып, сонымен қатар санаға тағылым себетін бірқатар үйірмелер бар. Ал бойжеткендер мен қыз-келіншектерге әйелдің отбасындағы рөлін меңгеруге жан-жақты үйретеді. Психологиялық кеңестен бөлек, іс тігу мен ас әзірлеп, тіпті сол арқылы кәсіп иесі атануға да бағыт-бағдар береді. Салтанатты сәтке қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңадан ашылған ғимараттың аналарға деген шексіз һәм риясыз құрметтің, сүйіспеншіліктің белгісі екенін тілге тиек етіп, болашақ ұрпаққа үлкен тәрбие көрсететін орталық болатынына тоқталды.
– Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ананың тәрбиесі, ананың балаға беретін тағылымы мен бағыты ауадай қажет. Рухани байлығымызды, ата-бабадан келе жатқан салтымызды, дәстүрімізді ұрпақтан ұрпаққа таратуымыз керек. Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпақ, қаракөз қыздарымыз да ертеңгі күні сіздердей ана болатынын, ұрпақ тәрбиелейтінін ұмытпау керек. Қанша дегенмен біз қай заманда да салтымызды сақтаған халықпыз. Аналардың міндеті – соны осы ұрпақтың бойына сіңіру. Осы орталықтың ең негізгі мақсаты да сол. Арамызда көпбалалы, аз қамтылған отбасылар бар. Олардың да қиыншылықтары, шешілмей жатқан мәселелері аз емес. Осы орталықтың қызметкерлері сондай отбасыларға кеңестер беріп, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың басшыларын шақырып, оларға түсініктеме беріп, мұқтаж отбасылардың мәселелерін шешуге көмектесетін болады, – деген еді Бердібек Машбекұлы орталықтың ашылу салтанатында.
Ғибраты мол ғимаратты өз қаражатымен демеушілік есебінде «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, белгілі меценат Арман Еділбаев салып берген.
Өз кезегінде үш қабаттан тұратын кимешектей көрікті, сәукеледей сәулетті ғимараттың алдындағы сәби ұстаған ананың мүсініне тамсанғандар да аз емес.
– Бұл біз секілді ақ жаулықты аналар үшін көптен күткен қуаныш. Облыс басшысының бастамасымен бой көтерген орталықтың маңызы әсіресе қыз келіншектерге, өсіп келе жатқан қыздарымыздың тәрбиесі үшін тағылымы мол. Себебі қазіргі таңда жас қыздар үшін ұлттық дәстүр, салт-сана ұмытылып бара жатыр. Мұнда тігін тігуден бастап, қыз тәрбиесіне қатысты барлығы қамтылған. Олар осы жерден тігін тігіп, ас әзірлеуді, тіпті бүлдіршіндеріміз домбыра тартып, ән айтып, би билеп, сурет салуды да үйренеді. Бұл ғимаратты анаға, қыз баласына деген үлкен құрмет деп санаймыз. Сол үшін облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен игі іске демеушілік танытқан, басы-қасында жүрген азаматтарға аналық алғысымды айтып, ақ батамды бердім, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова.
Рухани-адамгершілік орталығының ұстанымы – Қазақстанды дамыған, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танытатын ұлттық және әлемдік ең жақсы мәдени-адамгершілік дәстүр үлгілерінде қыздарды тәрбиелеуге ықпал ету.
– Сонымен бірге «Анаға тағзым» орталығында қыз-келіншектерге, әйел-аналарға түрлі қызметтер көрсетіледі: «Береке» аспаздық студиясы, «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиясында тұрмыстық-әлеуметтік дағдыларын шыңдап, «Ақ жаулық» ене мен келін өнеге мектебінде, «Сырғалым» жеңге мен қайынсіңлі сырласу клубында, «Ерке сылқым» хореография үйірмесінде рухани, мәдени жағынан өз-өздерін дамытуға мүмкіндіктер қарастырылған, – дейді орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали.
Жақында ғана бұл орталықта үлкен шара өтіп, еңбек майданында жүрген әйелдерді марапаттады. Оларға тегін тренинг ұйымдастырылды. Нақты айтсақ, мемлекеттік мекеме қызметінің мәні мен мақсаттары аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Еңбегі жанған арулар» атты облыстық әйелдер форумы өтті. Іс-шараға облыстың еңбеккер әйелдері, жас кәсіпкерлер, ҮЕҰ мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Еңбеккер әйелдердің өнеге жолын кейінгіге дәріптеу, іскерлік қабілеттерін бағалап, әйелдер көшбасшылығы идеясын ілгерілетуді мақсат еткен форумның ұйымдастырушысы – облыстық іскер әйелдер қауымдастығы.
Форум қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан еңбеккер әйелдер 12 номинация бойынша марапатталды. Сонымен бірге отбасылық іс ашып, бизнес бастаған 5 анаға облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева 100 мың теңгеден арнайы сыйлығын берді.