Оралдық тәртіп сақшысы, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Ислам Молдабеков жуырда қала әкімі Абат Шыныбековтің алғыс хатын иеленді. Полиция қызметкеріне берілген бұл марапат – оның қоғам қауіпсіздігі үшін жасаған адал еңбегінің жемісі.
Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың қыркүйек айында әкімшілік аймақты аралап жүрген учаскелік полиция инспекторы Қазбек Қабесов пен учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Ислам Молдабековке тұрғын үйлердің бірінен өрт шыққаны жөнінде хабарлама жеткізіледі. Олар оқиға орнына тез жетіп, батыл түрде жедел қимылдап, екі адамның өмірін аман сақтап қалуға өз үлестерін қосады. Сақшылар тілсіз жаудан құтқарған екеудің біреуі – бес айлық нәресте болатын. Қазбек Қабесов ересектерді түтінге уланып қалудан сақтандырып, ал сәби салынған сөмкеге арқан байлап үшінші қабаттың балконынан төменге түсіреді. Бұл уақытта полиция аға лейтенанты Ислам Молдабеков төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлерімен бірге есікті ашу мақсатында жұмыстанған.
Тағы бір айта кетерлігі, кейіпкеріміз Ислам Молдабеков биыл 4 қылмыстың ізін суытпай ашқан. Тәртіп сақшысы сондай-ақ 124 әкімшілік хаттама толтырып, салынған айыппұлды 50% өндірген. Уақытша оқшаулау және уытсыздандыру орталығына 28 тұлғаны жеткізсе, тұрғылықты мекенжайы жоқ жеті адамды қабылдап-тарату орталығына орналастырған.
Қызмет барысында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, міндетін ойдағыдай атқарған полиция қызметкерінің еңбегі ескерусіз қалмады. Қала басшысы Абат Абайұлы қалалық әкімдікте өткен салтанатты іс-шарада тұрғындардың бейбіт өмірін, тұрмыстағы және өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз еткен әр саланың қызметкерлерімен бірге полиция аға лейтенанты Ислам Молдабековті де марапаттады. Қайсарлық пен батылдықтың үлгісін көрсеткен инспектор Ислам Молдабековке алғыс білдіріп, қиындығы мол қызметіне табыс тіледі.