Республика күніне орай Көкшетау қаласының биік нүктесі Бұқпа тауының басындағы ту тұғырында Мемлекет Туын көтеру салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, қаланың құрметті азаматтары, қоғам өкілдері, күш құрылымдарының әскери қызметшілері, қала жастары қатысты. Мемлекеттік ту желбіреп, Әнұран Көкшенің көгінде қалықтады.
Ту көтеру салтанатында облыс жұртшылығын құттықтаған әкім Е.Маржықпаев: «Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк туымыз – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. «Туған жерге туыңды тік» деген даналықтың мән-мағынасы осында. Себебі біз қасиетті топырағын қадір тұтатын, туын әрқашан биік ұстайтын елміз», – деді.
Айта кетейік, биыл Республика күні еліміздің басты мерекесі мәртебесінде аталып өтілуде. Іс-шара облыстың барлық аудандарында мерекелік концерттік бағдарламалармен және патриоттық акциялармен жалғасын тапты.
Республика күніне тарту ретінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетаудың орталық алаңында қызметтік және мамандандырылған автомобильдердің кілтін салтанатты түрде тапсырды. Шарада өңір басшысының қолынан 47 полиция, «КамАЗ»-ға қондырылған өрт сөндіретін көліктермен қатар, балалар тасуға арналған «Yutong» маркалы 15 автобустың кілттерін арнаулы жүргізушілер қабылдап алды. Облыс әкімі Ермек Боранбайұлы жиылған қауымды мереке күнімен және жаңа көлік алуларымен құттықтады.
Өңір басшысы өз сөзінде:
– Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында біз полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің бөлімшелеріне қызметтік автомобильдер, шалғай елдімекендердің оқушыларын тасымалдауға арналған мектеп автобустарын табыстадық. Бұл игі іс сіздердің кәсіби біліктілігіңізбен, азаматтық ұстанымыңыз – халықтың тәулік бойы қауіпсіздігін, олардың бүгінге және болашаққа деген сенімін қамтамасыз етуге берілген мүмкіндік. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үш жылда 800 млн теңгенің 70 бірлік автокөлігін ауылдарға тарту еттік. Жаңа автокөліктер барлық заманауи қауіпсіздік талаптарына сай. Еліміздің келешегі – балалар, жастар үшін жасалатын игі іс жалғаса береді, – деді.