Орал қаласында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыстар өз жалғасын табуда.
Жалпы облыс орталығында 1246 көпқабатты тұрғын үй болса, 2011 жылы басталған аталмыш бағдарлама аясында солардың 127-сі жөндеуден өткен. Биыл 15 тұрғын үйдің жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыруға 267 млн теңге бөлінген. Оның ішінде 10 үйдің шатыры жаңғыртылса, бес үйдегі жеделсатыларды ауыстыру көзделген болатын.
Бірнеше жылдан бері көпқабатты тұрғын үйлердің тозығы жеткен шатыры мен істен шыққан жеделсатыларын алмастыруға, үйлердің кіреберістерін жөндеуге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы өз септігін тигізіп келеді.
Бағдарламаның жемісін көрген үйлердің бірі – Гагарин көшесіндегі 36/2-үй. Бұл бес қабатты тұрғын үй өткен ғасырдың 70-жылдарында салыныпты. Уақыт өте төбесі тозған көпқабатты тұрғын үй мемлекеттік бағдарлама арқылы қалыпқа келтірілуде. Жөндеу жұмыстарын мердігер компания – «ГНРМАШ» ЖШС жүргізуде. Компания басшысы Талғат Еділбаев бүгінде тұрғын үйдің төбесі жобаға сай жасалып жатқанын айтты. Үйдің төбесінің аумағы 2000 шаршы метрді құрайды, құрылыс басында 18 адам еңбек етуде. Дәл осы серіктестік іргелес Орда көшесіндегі 1/1-үйдің шатырын жаңғыртудан өткізіп, қыркүйекте тапсырған екен.
Ал қаланың Жуков көшесіндегі тоғыз қабатты 15/2-үйде жаңа жеделсаты жұмыс жасап тұр. Бұл да – «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасының нәтижесі. Биыл бес үйдегі жеделсатылар ауыстырылып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Әліби Лифт» мекемесі жүзеге асырған. Белоруссия елінен жеткізілген жеделсатыларды шығарушы зауыт тарапынан 1 жылдық кепілдік болса, құрылыс-монтаждаушы компания үш жыл мерзімге кепілдік береді. Тапсырыс берушілердің есебінше, бір ғана жеделсатының құрылыс-монтажына 13 млн теңгедей қаржы жұмсалады. Тұрғындар осы қаржыны сегіз жыл ішінде ай сайын алты мың теңгеден төлейді.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасының өңірлік операторы – «Орал құрылыс жөндеу сервис» ЖШС-ның бас инженері Қыдырғали Жорасовтың айтуынша, бүгінде бағдарлама арқылы үйлерін жаңғыртудан өткізуге ниеттілер көп. Сонымен қатар келер жылы тағы 20 тұрғын үйге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын жеткізді.