Туризмді жақсартқың келсе, оған жағдай жаса!

Туризмді жақсартқың келсе, оған жағдай жаса!

Қапшағайдан гөрі Алакөлді жұрт бөле-жара жақсы көреді. Неге? Себебі көлдің суы мөп-мөлдір. Денсаулыққа да пайдалы. Суының құрамында әрқилы минералдар жетерлік. Алматылықтар үшін Алакөл тым алыс. Он шақты сағаттай жүресің. Тіптен бұл ғажайып көлге шетелдерден де келеді. Дегенмен шығыс пен оңтүстік-шығысты, қос облыстың жерін дендей жатқан Алакөлдің жарнамасы ғана емес, туристерге жасаған жағдайы да аса жақсы емес.

            Қаржы бөлініп жатқан жоқ па? Бөлінгенде қандай! Алакөл ауданына осы мақсатта (Жетісу әкімшілігінің мәліметі бойынша) соңғы 3 жылда 29,4 млрд теңге бөлінген. Есесіне осы уақыт ішінде мұнда 4,8 млн турист келген. Көлдің Абай облысында жеткен жағалауына өткен жылы 200 мың адам келіп демалған. Әрине, қу шөппен ауызды сүртпейік. Соңғы он шақты жылда Алакөл кәдімгідей өзгерді. Мәселен Ақши ауылында 17 туристік нысан салынса, енді 500 орынды 3 ірі пансионат салынып жатыр екен. Жағалау бойында көптеген ірілі-ұсақты дүкендер сап түзеді. Онда бәрі сатылады. Тіптен Шошқа көлден әкелген батпақ та бар. Тегін әңгіме-дүкен құратын орындар да салулы. 10 мың теңге тұратын демалатын тапшандар да жетерлік. Шезлонктер 2000-2500 теңге тұрады. Жалпы Алакөлдегі демалыс құны Қапшағайдан төмен деседі.

            Алакөлде үлкен кемшілік бар. Ол – әжетхана мәселесі. Рас, жергілікті көшелік әжетханалар жұмыс істейді. Бірақ аз болғандықтан, оларға кезекке тұруыңа тура келеді. Маусым айының басында Жетісудың шенеуніктері «демалыс орны дайын» деп есеп берді. Ал әжетхана сол кездері жабық тұрыпты. Тағы бір жетпейтін нәрсе – киінетін орындар. Сондай-ақ күл-қоқыс салатын контейнерлер жеткіліксіз. Әп сәтте толып қалады. Жеңіл машиналар тура жағалауға келіп ентелеп тұрады. Оларға арнаулы орындар қажет емес пе? Электр энергияда да кемшілік бар. Қабанбай ауылының инфрақұрылымын өзгертуге 430 млн теңге бөлініпті. Әзірге ол өзгерістер жасалмаған. Содан кейінгі ең үлкен кемшілік – құтқарушылар жоқ десе де болады. Көлді бақылайтын мұнаралар жоқ. Егер де қайық төңкерілсе не болады? Қауіпсіздік ең басты нәрсе емес пе?

            Иә, біздегі туристік орындарда осындай кемшіліктер бастан асады. Бурабайда да, Көлсайда да демалушылар шағымды көп айтады. Әйтпесе Түркияның демалыс орындарын он орап алатын ғажайып сұлу табиғи, тарихи орындар бізде баршылық. Жағдай жасалмаған. Жарнамалауда кемшілік бар. Туризмді жақсартып, миллиардтаған қаржы жасау үшін алдымен жағдай жаса! Сонда бәріміз де байимыз.

Бет қатталып жатқанда:

Қоғам белсенділері Алакөлдегі демалыс сапасын қатты сынға алды. Әсіресе дипломат Қазбек Бейсебаев Туризм министрлігі басым бағыттарды дұрыс таңдамады деп айыптады. Ал заңгер Ержан Есімхановтың айтуынша, жағалау қараусыз, демалу қауіпті, скутерлер мен қайықтар жүзушілердің жанынан зырғып өтеді. Министрлік те, жергілікті билік те бұл проблемаларды бұрыннан біледі, бірақ еш әрекет етпеген дейді олар. Қоғам белсенділері Президент Тоқаевтың сын-ескертпесінен соң жағдайдың оңала қоятынына үміт артты. 

Президент Тоқаев Алакөлдегі былыққа назар аударып, Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырған еді. Содан кейін ғана барып министр Мырзабосынов Алакөлге ат басын бұрған. Соның барысында жағажайдағы «жабайы туризмге» куә болған. Атап айтқанда, құтқарушылар мен құтқару мұнарасының жоқтығы, жағажай жанындағы қаптап жүрген катерлер, әжетхана тапшылығы, сервистің төмендігі, қарапайым санитарлық талаптардың сақталмайтыны анықталған.

 

 

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

17.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16524
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16375
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31551
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30169
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33763