Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ыстамбул Сауда палатасы мен Кәсіпкер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар серіктестік шарттарын талқылап, мүмкіндіктерді саралады. Қауымдастық мүшелері Сабрие Коджабалкан, Мехлика Гидер, Капуджу Аху қазақстандық кәсіпкер әйелдермен іскерлік байланысты нығайту, серіктестікті дамыту бойынша жобаларын таныстырып, ұсыныстарын жеткізді. Нұрбол Тұрашбеков Түркістан өңірінің ерекшеліктерін баяндап өтті.
Жоба аясында Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін арнайы кооперативтер құру, брендинг және коммерцияландыру мәселелері бойынша кеңес беру орталығын ашу ұсынылды. Бұл бастама Түркияда әйелдер кооперативі мен KAISDER бизнес-одағының тәжірибесіне негізделіп, Қазақстанда әйелдерге бағытталған пилоттық кооперативтер құруды көздейді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, азық-түлік және тоқыма секторларында әйелдер кооперативтерін құру жоспарланып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігінің мүмкіндіктерін кеңейту және олардың экономикалық тәуелсіздігін арттыру.
Түркияның Bikoop әйелдер кооперативі мен KAISDER қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асырылатын жоба әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына үлкен ықпал етіп, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтпек. Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және әйелдерге экономикалық тұрғыдан теңдікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.