Биылғы 25 қазан Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Республика күні» болып бекітілгені белгілі. Осыған орай ұлттық мерекеміз Батыс Қазақстан облысында кеңінен аталып өтілді.
Бұл күні еліміздің барлық қалаларында бір уақытта Мемлекеттік туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Орал қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл салтанатты рәсім облыс орталығындағы Тұңғыш Президент алаңында жасалды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев оралдықтар мен қала қонақтарын мерекемен құттықтап, еліміздің дамуында әр қазақстандықтың қолтаңбасы бар екенін атап өтті. Сондай-ақ мерекелік іс-шарада бір топ жерлесімізге ел Президентінің, Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хаттары тапсырылды. Ал 16 жасқа толған бозбала-бойжеткендерге жеке куәліктері салтанатты түрде берілді. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Орал қаласында ұлттық мерекеміз спорттық шаралармен де айшықталды. Соның бірі – Шаған өзенінің оң жағалауында өткен көпшілік жүгіру. «Оған 500-ден астам адам қатысып, 3; 10.5; 21.1 шақырым қашықтықтар бойынша жүгіріп өтті. Барлық қатысушыларға медальдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді» деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.