Бейсенбай Бердіғожин ағай жайлы бір үзік сыр
Әлі есімде, 1990 жылдың қыркүйек айы. Біз оқитын Қаратүбек орта мектебінде орта бойлы, шымыр денелі, сұлу жүзді, шалт қимылдайтын жас мұғалім пайда болды. Есім-сойы – Бейсенбай Бердіғожин. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жасқа тән жалыны көзге ұрып тұр. Өзі ақын көрінеді. Қашан көрсек те жараған аттай шапқылап жүреді. Өз мамандығына адалдығы сондай, сабақтан тыс уақытта да оқушылармен бірге. Әйтеуір білгенін үйретіп қалуға деген талпынысы байқалады. Тіпті аз уақытта директормен ақылдасып, «Шәміл Мұхамеджанов атындағы ақындар үйірмесін» ашыпты. Оған әр сыныпты аралап жүріп, «Балағының биті бар-ау» деген оқушыларды жинапты. Ішінде мен де бармын.
Таңның атысы, күннің батысы мектептен Бейсенбай ағайды көреміз. Кейде біздің сыныпқа да қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп кетеді. «Сырт көз – сыншы» демекші, сабақ өткізу әдісі өзгеше екен. Оқушыны қызықтыра біледі. Тарта біледі. Тереңнен толғайды. Жастыққа тән албырттықпен мектеп бағдарламасынан ауытқып кетеді. Ең алғаш Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов туралы, олардың қазақтың тілі мен әдебиетіне сіңірген еңбектері туралы Бейсенбай ағайдан естідік. Және аттары аталған Алаштың екі қайраткерінің өзіміздің көрші ауылда, Ақкөл мен Қызбелде дүниеге келгендігі біздің әдебиетке деген қызығушылығымызды одан сайын арттырды...
Қолы босай қалса, шахмат-дойбы ойнайды Бейсенбай ағай. Футбол, волейбол, баскетболға да уақыт табады. Шаршамайды. Талмайды.

Ол кезде мен кеңшардағы мектеп-интернатта жатамын. 8-сыныпта оқимын. Аудандық газетке өлеңдері шығып тұратын әжептеуір жас ақынмын.
Кейін білгенім, Бейсенбай ағай өзіміздің елдің азаматы екен. Туыстығы да бар. 1969 жылы дүниеге келіпті. 1986 жылы Қаратүбек орта мектебін бітіріп, сол жылдың тамыз айында Алматы қаласындағы А. Құнанбайұлы атындағы Ұлттық педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1991 жылы (университет аталғанда) филология факультетін бітіріп шығады. Соңғы курста «шешем ауылда жалғыз еді» деп елге сұранып, сырттай бөлімге ауысады. Сөйтіп өзі оқыған мектепке мұғалім болып келген беті екен ғой.
Сол жылы Торғай өңірінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының республикалық күндеріне арнайы конференция өтіп, сол айтулы шараға Ахмет Байтұрсынұлының «Ақын ініме» өлеңі бойынша ашық сабақ өткізіп, сол сабағы жүлделі орынға ие болғаны да есімде қалыпты.
Жоғарыда сөз еткен «Шәміл Мұхамеджанов атындағы ақындар үйірмесі» – біз үшін ақындық өнермен шұғылданудың, сөз қадірін түсінудің мектебі болды. Иә, ақындық – Алланың берген сыйы! Оны ешқандай университет оқыта алмайды. Бірақ бойында ақындық қуаты бар, ойында ұшқын бар жас ақынды көпсөзділіктен арылтуға, метафоралар мен эпитеттерге үйір қылуға, қара сөзді теңеу арқылы жандандыруға тәрбиелеуде Бейсенбай ағайдың орны бөлек. Ол кезде мектепте «ақын» көп. Ақын болуға талаптанып жүрген жеткіншек мол. Солардың бәрін үйірмеге жинап, ерінбей, жалықпай өлеңдерін тыңдап, жазған-сызған шимай-шатпақтарын өңдеп, кейбіреуін өзі жазып шығып, жас талапкердің бойындағы «шоғын үрлеп», кейін оны аудандық «Жаңа Өмір» газетіне өз қолымен апарып тапсырып, ол жарыққа шыққанда, жас ақынмен бірге қуана білуге де үлкен жүрек керек. Мектептегі қауырт жұмыстары бола тұра, әр сыныпта өзіне жүктелген сағаттары бола тұра, үйірме ашу (оған айлық төленбейді) – нағыз өз мамандығын сүйетін шын ұстазға ғана тән қасиет деп білемін. Осы үшін де шәкірттері Бейсенбай ағайға қарыздар...
Ұстазымыз Бейсекең бір естелігінде: «Сол жылы ауыл тарихына мәлім Шәміл Мұхамеджанов ақынның туғанына 60 жас толуына орай мектебіміз бен туған ауылымызда ірі көлемде мерейтойлық іс-шара өтті. Оған қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбеков бастаған бірнеше тұлғалар келіп қатысты. Сол жиында менің ақын шәкірттерім Нағашыбай Қабылбеков, Еркебұлан Аңдамасов секілді жас таланттарым өз өлеңдерін оқып танылды», – деп жазыпты.
Мен шәкірті ретінде осы жайтты тереңірек қаузағым келіп отыр.

ШӘМІЛДІҢ ТОЙЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ ҺӘМ БІР ӨЛЕҢНІҢ ТАРИХЫ
1991 жыл. Торғай облысы Жангелдин ауданы Албарбөгет совхозында Шәміл Мұхамеджановтың 60 жылдығы дүркіреп өтті. Осы тойға ұстазымыз Бейсенбай ағайдың сіңірген еңбегі зор. «Шәміл Мұхамеджанов атындағы ақындар» үйірмесіндегі екі жас ақынға (Еркебұлан Аңдамасов екеумізге) үлкен сенім артты. Үлкен мінберден ылғи ығай мен сығайдың алдында Шәміл ақын рухына арнап жыр оқу бақыты бізге бұйырды. Уақыт таяп келеді. Күнде кешке Бейсенбай ағайдың үйіне жиналамыз. Ағай алдымен екеумізге шай береді. Шайдан кейін Шәмілдің «Шағала көңілім, шарықта!» кітабынан өлеңдер оқиды. Талдайды. «Шәміл ақын туралы жазу үшін алдымен өлеңін терең зерделеңдер. Ұғынып оқыңдар. Сонда ақынға арнау жазу жеңілдейді», – деп ақыл-кеңесін де беріп қояды. Біраздан соң: «Ал не жазып келдіңдер? Құлағым сендерде», – деп екеумізге қарайды. Алдымен Еркебұлан оқиды. Өлеңі шымыр. Тілге жеңіл. (Бұл менің пайымым). Ал ұстазым басқаша ойлайды. Өлеңге талабы қатал. Шыңдай түсу үшін кей шумақтардың ұйқасына ғана емес, тұтастығына, мәніне ғана емес, мағынасына көңіл аударады. Тұшымды жолдарға балаша мәз болып, кәдімгідей ризашылығын білдіреді. Жалпы өлеңнің құрылысына, жазылу стиліне терең үңіліп, ақырында өз ойын айтады. Еркебұландай емес, менің арнауым «қозы көш» жерге барады. Шұбалаңқы. Ерінбей бірнеше рет оқытады. Әр жолдан кейін сөзбе-сөз қайталап, «қазан миына» қайнатады. Көзқарасын асықпай отырып жеткізеді. Кәдімгідей қанаттанып қаласың. Сипай отырып қамшылау деген сол шығар.
Әр сөз, әр жол, әр шумақ сүзгіден өтті солай.
Кейін ойлап отырсам, «Шәкірттерімнің бетін қайтарып алмайын, тауанын шақпайын», – дейді екен ғой. Әйтпесе екеуміздікі де соншалықты шедевр дүние емес. Сол үшін де біздің қанатымызды қатайтып, олпы-солпы тұстарын «сәндеп», ұстаздық әдеппен сылап-сипап тәрбиелеп жүр екен ғой. Бірден дүрсе қоя беріп: «Сендерден түк те шықпайды», – десе, кім біледі, әдебиеттің ауылынан басқа салаға бет бұрып кетер ме едік. Міне, ұстаздық көрегендік! Шәкірттеріне деген адалдық! Олардың болашағына деген сенім!
Осылайша он күннен аса дайындалдық. Арнау өлеңіміз әбден пісіп-жетілді-ау деген уақытта Бейсенбай ағай: «Қазақтың маңдайалды ақындары отырады. Әр сөзді нықтап, буындарды сақтап, төгілте оқыңдар. Сонда халықтың жүрегіне жетеді», – деп ақ батасын беріп еді-ау.
Шәміл ақынның дүбірлі тойына да жеттік. Елімізге танымал ақын-жазушылардың көбін көзбен көріп, қастарына барып, қолын алғанға мәзбіз. Ақындардың мінезі қызық болады екен, ардың-дұрдың. Қылжақпас. Бірін-бірі тілімен «шағып», реті келсе, күлкіге қарқ қылады. Оған біз мәз боламыз. Астарлы әзілдері қандай, шіркін. (Біз деп отырғаным – құрдасым, белгілі ақын Еркебұлан Аңдамасов). Білетінім, келген қонақтар жақсы тойлатып жатты. Ішкендері алдында, ішпегендері артында...
Айтпақшы, мектеп іші де қарбалас. Бейсенбай ағайымызда маза жоқ. Түрлі іс-шаралар өткізуде. Мектеп ішінде Шәміл ақынның кітаптары, өмір жолы туралы жазылған естеліктер, газет-журналдар сөре-сөре болып тұр. Мұқағалидың «Шәмілге жазған хаттары» үлкен плакатпен көмкерілген. Оқыған адамның көзіне жас келеді. Мұқағали сырын, мұңын айтқан Шәмілді кем осал ақын дей алар... Мектептің маңдайшасына Шәміл ақынның:
«Мейлі ақын, мейлі ғалым, данасың,
Сен бәрібір туған жерге баласың», – деген өлеңі плакатқа ілінген. Бұл да ұстазымыздың ерен еңбегінің бірі. Рухты көтеретін-ақ өлең! Клубтың кең залы халыққа лық толы. Төрде атақты ақындар Сырбай мен Ғафу отыр. Одан кейін Алматыдан келген кілең ығай мен сығай.
Жеңіс Қашқынов, Серікбай Оспанов, Сейіт Кенжеахметұлы, т.б. бір шоғыр.
Ұмытпасам, шараны ұйымдастыруға күш салған, тойдың жақсы өтуіне зор мүмкіндік туғызған совхоз директоры Жаңбырбай Доспаев сөз сөйледі. Сөйтіп ақындар кезек-кезегімен сөз алып, Шәміл ақын туралы толғап жатты.
Біз де Шәміл ақынға арнаған арнау өлеңімізді оқып шықтық. Көпшілік ду етіп қол шапалақтады. Үлкен ақындар да біз жаққа мойын бұрып қарағандай көрінді. Пысынып, терлеп-тепшіп, мінберден әрең түсіп, орнымызға барып отырдық.
Әлі есімде, бір кезде шашын артқа қайырған бір жас ақын халықты қақ жарып, президиумға қарай тартты. Халық демін ішінен алып, «мынау кім?» дегендей кейіп танытып, тыныштық орнады. Сөйтсек, бұл Торғайға ұшатын ұшағы кешігіп, тойға әрең жеткен Серік Тұрғынбеков болып шықты. Сол жиында Серік аға өлең оқыды. Өлеңі кешігу жайлы. Жалпы мағынасы: «Үнемі кешігіп жүрем, осы маған өлім де кешігіп келетін шығар», – дегенге саяды.
Кейін ер жетіп, ақындар көшіне ілескенде, Серік ағадан бір жолыққанда: «Аға, есіңізде бар ма, баяғыда Шәмілдің 60 жылдығында «мен үнемі кешігіп жүрем, бәлкім, өлім де маған кешігіп келер» деген жыр оқып едіңіз. Соны кітаптарыңыздан таба алмадым», – деп едім, Серік аға маған күле қарап: «Кітаптарымды дұрыс оқымаған шығарсың. Ниеттеніп оқысаң, ішінде жүр ғой», – деп қулана күлгені бар. Сосын: «Әй, бала, ол кез ағаңның есіп жүрген сері кезі ғой, бір жерде қалып қойған жоқ па екен. Мен де іздеп көрейінші», – деген.
Айтайын дегенім, құрметті жырсүйер қауым, ақынның сол жырын кітаптарынан көздеріңіз шалмады ма?

БІЛІМ САЛАСЫНДА 40 ЖЫЛДАЙ ЕҢБЕК ЕТКЕН
Бейсенбай ағай жайлы осылай айтсақ, артық емес. Ағайдың айтыс пен жазба ақындыққа баулу мектебінде айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев, жырау Абзал Алпысов, мен, ақын Еркебұлан Аңдамасов, Аязбек Ержанов, Берік Дүйсенов, Есен Киікбайұлы секілді қазіргі таңда елге танымал шәкірттері өсіп шықты.
Біз мектеп бітіріп кеткеннен кейін, ұмытпасам, 1994 жылы Бейсенбай ағай бес ақын шәкіртін ертіп, облыс орталығы Арқалық қаласында өткен «Мектеп оқушыларының V облыстық ақындар айтысына» барып, жүлдемен оралды. Айтысқа облыстың төрт-бес ауданынан талантты деген жас айтыскерлер жиналғанымен, топ арасынан Бейсенбай ағай апарған Айбек Қалиев (11-сынып) – бас жүлде, Абзал Алпысов (11-сынып) 1-орын, Аязбек Ержанов (10-сынып) – 3-орын алып, жас ақын Берікбай Дүйсенов «Көрермен көзайымына» айналды. Әрине, мұның бәрі шәкірттеріне талай жылдар бойы бойына сіңірген ұлан-ғайыр еңбектерінің арқасы болатын.
Осы бәйгеден соң Айбек пен Абзалдың жолы ашылды. Бақтары жанды. Ұстазымыз Бейсенбай ағай өзі естелігінде: «Маған берген әуелі Алланың, содан соң ұстаздарымның үлкен сыйы – мұғалімдігім жалғаса түсті. Өмірдегі талай сындарда шыңдалдым. Сүйеушім – ұстаздарым үйреткен өмірдің сабағы, тәжірибелері мені небір қиын сәттерден алып шықты. Сүріндім, құладым, қайта тұрдым, өкіндім, намыстандым, жігерлендім, қайта биіктерге көтерілдім. Атақ-даңққа жұмыс жасағам жоқ, оқушымның өмірге қажеттісін игеруіне жұмыс жасадым, сол жолда тер төктім...», – депті. Шындық! Оған біз куәміз.
Талай өнерге, өлеңге талпынған жастың жұлдызын жаққан Бейсенбай ұстазымыз бір жазбасында өзінің туған жері мен аяулы ұстаздарын еске алып, былай тебіреніпті: «Маған өмірдің өзі сыйға тартқандай мұғалім болудың бақытын көріп келемін. Менің балалық шағым өткен киелі Торғайдың шағын ауылында туып-өстім. Шеті ен Торғайдың өзі аттас Торғай өзенімен шектесетін Тәуіш суының жағасында Жаркөл деген ауыл бар. Сол ауылдан кезінде қазақтың ақиық ақыны Шәміл Мұхамеджанов пен атақты палуан Таңатқан Дүйсекеев шыққанын бірі білсе, бірі біле бермес. Қазіргі жаңа тарихтың еншісінде қалың қазақтың ақтаңгер ақыны Айбек Қалиевтің туған жері екенін де есіңізге саламын. Мен де сол ауылдың түлеп ұшқан баласымын.
Менің мектептегі ұстаздарым Айбек ақынның: «Білім берудің алтын ғасырында білім алғаныма бақыттымын», – дегеніндей, сол кезеңдегі әрбір ұстаздарымның дана Торғай тарихына өшпес із қалдырған ірі тұлғалар болғанын мойындаймын. Атағы жер жарған әр тұлғаның қазіргі таңдағы атақ-абыройы талай кітапқа жүк боларлық салмағы бар десем де артық болмас.
Менің бақытты балалық шағымның өзі мені өмірге дайын мұғалім етіп даярлағандай еді. Ұстаздарым – қазақ тілі мен әдебиетінің білгірлері, сөзі мен ісі келіскен Ғалымжан Бекетұлы мен Қазымбек Нұрбекұлының тәлімінде өстім. Мектеп бітіріп, ауылға осы пән бойынша жас мұғалім болып оралғанда, менің мұғалімдік тұсауымды кескен де, мені осы салаға баулыған да «қос бәйтерегім» болды. Жандарыңыз жұмақта шалқысын, қос бәйтерегім. Сіздердің әрбір берген ақыл-кеңестеріңіз бен үйреткен ұстаздық істеріңіздің тәжірибесін тірнектеп жинап, талғаммен қолдандым».
1995-96 жылдар халық арасына үлкен тоқырау алып келген заман болды. Ұн тартып, ақ адал сиырын жалғыз қапшық ұнға сатқан ауыл қазағының тонаушысы – сырттан келген саудагерлер бір тонады. Халықтың күйзелісі – жекеменшікке өте бастаған өтпелі кезеңде совхоз миллиондаған малынан айырылып, елдің берекесі кетті. Сол кезеңде елдің мықтылығы – сонда да сырын бермеді, ешкім де өз жерін тастап кетпеді. Сыртта жүрсек те, Бейсенбай ағаймен байланысымызды үзбедік. Хабарласып, амандығын біліп отырдық. Сыртынан тілекші болып жүрдік.
2001 жылдың күз кезінде отбасылық жағдаймен Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Ақтөбе қаласы ұстазымызды алғашында құшақ жая қарсы алған жоқ. Бөтен ел. Бейтаныс жұрт. Қазақ мектебінің күзетшіге арналған үйінде үш-төрт қызмет атқарып, отбасын асырау үшін үш жылдай тұрып, баспаналы болды. Қиындықты еңсере жүріп, 2003 жылы «Ақтөбе қаласы – 2003» облыстық «Жыл мұғалімі» атанды. Сол жылы «Ақтөбе облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің шығармашылық сайысында» жүлделі 1-орынға ие болды.
2004 жылы тағы да Қостанайдың Алтынсарин ауданына қоныс аударды. Мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры қызметін атқарды. 2004 жылдың аяғында жолдасы Фариданың дүние салуына байланысты қызметін тастап, Ақтөбеге қайта оралды.
Ақтөбеде сол кезеңнен бастап үлкенді-кішілі талай сындарға, бәйгелерге, мұғалімдік сайыстарға қатысып, тағы да биіктен көрінді.
Колледж бен гимназия мұғалімі атанып, соңында №64 Ұзақбай Құлымбетов атындағы мектепте 6 жылдай табан аудармай қызмет етті. Елге 2020 жылы қайта оралды.
Әуелі Қостанай төңірегінен орын іздеп, Рудный маңындағы ауылдық орыс мектебінде мектеп мұғалімі болды. Кейін Әулиекөл аудандық білім бөлімі «Құсмұрын» деген жерде орыс мектебіне жібереді. Сол мектепте 3 жыл абыройлы жұмыс істеп, қазіргі таңда №1 Құсмұрын жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Бағындырған асуларына көз жүгіртсек, теңіздей телегей.
2010 жылы – Ақтөбе облыстық «Кәсіби қазақ тілі маманы» байқауының бас жүлдегері;
2011 жылы – Қазақстан Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың «Алғыс хаты»;
2012 жылы – Ақтөбе облыстық жас ғылыми зерттеушілер қоғамының Құрмет хаты;
2013 жылы – Ақтөбе облысы жас журналист дайындаған «Құрметті маман» марапаты.
2021 жылы Ақтөбе облыстық білім басқармасының ұсынысымен «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» медалі мен марапатын алды.
Қазіргі таңда білім беру саласында табан аудармай 40 жылдай еңбек етіп келеді Бейсенбай ағай. Шәкірттері әр түрлі салада, әр өңірде табысты еңбек етіп жүр. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп-баққан бес ұлы мен қызынан 8 немере, 2 жиен сүйіп отырған қадірлі ата бүгінде.
Алланың бергеніне шүкіршілік етіп отырған Бейсенбай ағамызға шәкірттері атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Жасай беріңіз, қадірлі ұстаз! Денсаулығыңыз зор болсын!
«Ұстаздық еткен жалықпас, /Үйретуден балаға», – деп ұлы Абай айтқан шыңға шыққан сізді көрдік. Шын сүйсіндік. Марқайдық!
Қажырлы еңбек, қайтпас төзім өз жемісін беріпті. Бұдан артық адамға не керек?!
Бейнетіңіздің зейнетін де көріп отырсыз! Біз сізбен мақтанамыз! Сіз барлық марапатқа лайықсыз!
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК,
ҚР Жазушылар одағының,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі













