Қалай десек те бүгінгі қоғам Президенттің халыққа Жолдауынан үлкен үміт күтеді. Себебі елдегі түрлі келеңсіздіктер, арсыздықтар, сыбайлас жемқорлықтар, мемлекеттік тіл мәселесі, шенеуніктердің әдебі мен әлегі, әлеуметтік желілердегі жан шошырлық көріністер, күн санап қусырып, тықсырып, елдің тынысын тарылтып бара жатқан қымбатшылық, көп қой қордаланған дүниелер. Соларға қандайда бір тыйым салуға, ескертуге, айып төлетуге, заңдық тұрғыдан жазалауға, үкім шығаруға көп жағдайда жалтақтық көп. Соның салдарынан билікке деген халықтың сенімі аз. Кейбіреулердің өкпелері қара қазандай. Тар түсініктегі кей адамдар соның бәріне Президент Жолдау арқылы тапсырма берсе екен деп тілейтіні де (өкінішке орай) рас. Мұның бәрі қоғамдағы саяси білімнің, біліктіліктің аздығынан. Өз құқығын қорғаудағы әлсіздігінен, табансыздығынан орын алатын нәрселер. Әйтпесе Конституция тұр. Онда еңбектегеннен ер жеткенге дейінгі, қаусап қария болғанға шейінгі өмір сүрудің картасы бар. Керегіңе жарат. Құқыңды қорға! Әділетсіздікке араша түс! Бір Президент қай жағына жетеді. Жолдау сайын қолдау білдіріп шала бүлінетініміз өтірік пе? «Жолдауды қолдау» акциясы халыққа не берді? Түк те!
Егер ел Президентінің билік басына келгеннен бергі Жолдауларын Үкімет пен Парламент, заң органдары мүлтіксіз орындағанда, осы күні дамыған елдер секілді шың басына шығып алып, аузымыздан ақ май ағып, «сен же, мен же» деп шалқып отырар едік қой. Әттең!..
Биыл да көпшілік Президентіміздің халыққа Жолдауын асыға күтті. Асыға күткенде тың жаңалық күтті. Сондықтан да көңілдері болды күпті!
Сенаттың алынып тасталуы нені өзгертеді?
Жасыратын несі бар, бұл жолғы Жолдауда елді елең еткізген мәселе көп. Атап айтсақ, Сенаттың Парламенттен «жоғалуы». Бұл негізі көптен айтылып, әбден тізесі шығып кеткен талап-тілек болатын. «Бидің айтқанын құл да айтады. Бірақ аузының дуасы жоқ» демекші, Президент айтқанда Сенат туралы көзқарас нұрланып жүре берді. Ойбай, шынымен-ақ сенаттың Парламентке түкке керегі жоқ. Ол өз миссияны атқарып бітті» деп Тоқаев мырзаны қолдап жатқан шенеуніктер бұрын қайда жүріпті, ә? Күйіп кеткесін айтасың ғой, әйтпесе жұртта неміз бар.
Қатты қуанбай-ақ қойыңыз, шыдамыңыз жетсе, екі-үш жылдай күтуіңізге тура келмек. 2027 жылы референдум өтіп, Конституцияға түзетулер енгізіледі. 2028 жылдан бастап елімізде тек Мәжіліс қалады. Сенат тарих сахнасынан кетеді. Бір палаталы Парламентке көшеміз. Бұл билік архитектурасын түбегейлі өзгертетін қадам екендігіне дау жоқ.
Бұл шешімнің бірнеше астары бар дейді журналист Нұрбек Бекбау:
1. Саяси жүйені ықшамдау
Шыны керек, Сенат көбіне «қосымша палата» қызметін ғана атқарып келді. Сенат Мәжілістің қабылдаған заң жобаларын қайта қарап, кейде бюрократиялық созбалаңға салатын органға айналды. Бір-бірінің жұмысын қайталаған екі мекеменің бірін қысқарту керек болды.
2. Жауапкершілікті күшейту
Қазір Мәжіліс заң шығарады, Сенат қайта қарап, түзетіп, бекітеді. Сөйтіп, нақты жауапкершіліктің адресін табу қиын болатын. 2028 жылдан кейін заң үшін толық жауап Мәжіліске жүктеледі.
Сенат төрағасының құзіреті Мәжіліс басшысына берілсе керек. Яғни Мәжіліс күшейеді.
3. Партиялық жүйені нығайту
Мәжілісте бірмандаттық болмайды. Депутаттар тек партиялық тізіммен өтеді. Бұл:
• Популизммен әп-сәтте танымал бола қалғандар Парламентке өтіп кете алмайды. Шынымен саяси өмірді таңдаған тұлға партия құрып немесе партияға өтіп, аймақ, ел мүддесін қорғайтын болады.
• Парламент партиялардың саяси арпалыс алаңы болады енді.
Қорыта келгендей айтарымыз:
Сенаттың таратылуы – жай ғана техникалық өзгеріс емес. Көп нәрсе өзгергелі тұр.
Ең бастысы – партиялар сапасы. Егер олар шынымен халықтың сөзін сөйлейтін институтқа айналса, Мәжіліс қоғамның мүддесін қорғайтын мінберге айналады.
Белгілі теолог Досай Кенжетайдың сенат туралы пікірі мынаған саяды: «Негізі унитарлы мемлекет үшін сенат о бастан артық еді… 130 ұлт тұрамыз дегенді спекулятивті саяси ойындармен желеу еттік… тағы бірнеше сылтаумен бір айда құрғанбыз. Ал жою үшін бір жыл керек… Бұл не? Оған референдум керегі жоқ. Себебі ме? О баста халықтан сенат керек пе деп сұраған билік болған емес… Бірақ Қ. К. Тоқаев таза демократиялық принцип ұстанып отыр. Қолдайық!!!» – дейді ол.
«Қазақстан міндетті түрде цифрлық ел болуы керек»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ еліне кезекті Жолдауында еліміздегі күрделі де көкейкесті мәселелерді егжей-тегжейлі талдап, олардың түйінін жедел түрде шешу жолдарын ұсынды. Мәселен, соңғы уақытта елімізде интернет-алаяқтық көбейіп кеткенін, су дипломатиясын дамыту, кадрларды арнайы даярлау, кәсіби тәртіп пен бақылауды күшейту, әуемен жүк тасымалдау ісіне айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті. Қысқасы, Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
– Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ қазір тұрған міндет басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің жасанды интеллектке қатысты пайым елең еткізген дұрыс шешім болды. Себебі бүкіл әлем жасанды интеллекттің пайдасы мен зияны туралы дабыл қағып жатқанда, біздің беймарал жатуымыз ұят нәрсе!
«Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.
Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан, барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек. Баршаңызға мәлім, соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды өзгерістер жасалды. Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда.
Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек. Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық.
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес, себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек».
Президент Жолдауынан көңіл дәптерге түйіп алған жағымды жаңалықтар мыналар:
«Жерді жер қадірін білетін азаматтарға беру керек!», «Бізге қазір екінші және үшінші АЭС құрылысының жоспарын бастау қажет!», «Alatau Сity Қазақстанның алғашқы цифрлық қаласы болады. Жаңа шаһарға ерекше мәртебе беріледі», «Қазақстанда жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады», «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен еркін экономикалық аймақтар жұмысы мардымсыз», «Қазақстан үш жылдың ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек!», «Павлодардағы сұйытылған газды терең өңдеу жобасы дер кезінде іске қосылуы керек», «Әлеуметтік экономикалық даму жасанды интеллект негізінде жүргізіледі», «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасады», «Ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Биыл шаруаларды қолдауға 1 трлн теңге бөлінді», «Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс!» деді Президент Қ.Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
Торғай аймағы Үкіметтің айрықша назарында болуы тиіс!
Он шақты күннен бері Орталық-Батыс жолының төңіріндегі әңгіме Торғай елін біраз толқытқаны рас. Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев бұл жайлы Фб парақшасында былай жазған болатын. «...Биліктен көңілі қалып біткен Торғай елінің үмітін Ұлттық құрылтайдағы Президент сөзі оятып еді. Бірақ оны Орталық-Батыс жолының бағыты өзгеріп, Ұлытау – Сексеуіл арқылы өтеді екен деген қауесет су сепкендей басып тастады. Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты арқылы өтетін жолды Ұлытаулық бірнеше азамат балама жол бағытын ұсынып, бұрып әкетпекші екен деген әңгіме де жүр. Оларды да түсінеміз, облысы жабылған кезеңде Жезқазғанның да жүдеп кеткені жасырын емес. Біз Астанадан Ұлытауға төте жол салынғанына қарсы емеспіз, оны қолдаймыз да, бірақ ол жол Орталық – Батыс күрежолының есебінен емес, бөлек салынуға тиіс. Ұлытау мен Торғай ежелден тамырлас, қаны да, жаны да бір ел! Орталық – Батыс жолын бұрып әкетуге тырысып жүрген азаматтар екі елдің арасына от салып жатқанын түсінуі керек. Бұл жол Торғай елінің соңғы үміті! Ертеңгі Президент Жолдауында мәселе оң шешіледі деген үміттеміз». Сол үміт ақталғандай болды.
Бүгінгі Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Торғай өңіріне ерекше тоқталып, Үкіметке бұл аймаққа айрықша назар аудару керектігін атап өтті. Бұған дейін де Бурабайда өткен төртінші Ұлттық Құрылтайда Президент ел дамуы үшін стратегиялық маңызы бар жаңа бастамаларды жария еткені баршамызға белгілі. Солардың қатарында орталық және батыс өңірлер арасын 560 шақырымға қысқартып, Торғай аймағының дамуына тың серпін беретін «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағытымен автокөлік жобасын салу.
Содан соң биылғы мамыр айында Премьер-министр Арқалыққа жасаған жұмыс сапарында «Орталық – Батыс» күре жолының құрылысын бір ай мерзімде бастау жөнінде нақты тапсырма беріп, маусым айында Арқалық пен Торғайда автодәліз құрылысының ресми басталғаны жарияланды.
Алайда, бар болғаны үш айдың ішінде осы жобаға қатысты бірқатар түсініксіз жағдайлар орын алып, бәрімізде алаңдаушылық туындады. Яғни, автожол құрылысы іс жүзінде тоқтап қалып, мемлекеттік органдар Президенттің нақты тапсырмасын бұрмалап, баламалы бағыттарды қарастыра бастаған. Мәселен, Ұлытау облысының аумағында Президентіміздің атап өткен бағытынан өзге бағытты зерделеу мақсатында қоғамдық тыңдау өткізуі халықтың наразылығын тудырды.
Бүгінгі Президенттің Жолдауындағы Торғайға айрықша назар аудару керек дегені осы мәселе төңірегіндегі барлық сұрақтарға нүктесін қойды деп ойлаймын. Орталық – Батыс дәлізі «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша салынатынына сенімдімін. Оны өткен аптада Мәжілісте өткен алқалы жиыннан кейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев растаған.
Торғайдың дамуы Бүкіл Қазақстанның дамуына ықпал берері анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы Жолдауда су мәселесіне ерекше назар аударды. Оның негізі де бар. Су – тіршілік көзі, өмірдің қуаты. «Судың да сұрауы бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Сол үшін біз суды орынсыз және босқа пайдаланбауымыз керек. Су болмаса біз өмір сүре алмаймыз, себебі айналадағы қажетті өмірге заттардың барлығы сумен байланысты. Адамдар суды ластамауы керек, себебі су деген – тіршіліктің жаны, оны ластайтын болсақ, зиянды заттармен, бізге де, қоршаған ортамызға да зиян келері сөзсіз. Жылдан-жылға әлемде су азайып бара жатыр. Мысалы өзіміз білетін Арал мен Каспий теңізінің сулары құрғауда. Ал, әлемнің басқа да жерлерінде суды көп пайдаланғаннан емес, жер шарының басқа экологиялық мәселелерінен азайды. Су қорын қорғау және тиімді пайдалану шаралары масштабы мен техникалық шешімдері бойынша әртүрлі, оның барлығы кешенді шараларды жүзеге асыруды талап етеді. Сонымен қоса, судың сапасы нашарламау керек. Біз осының барлығын қазірден бастап қолға алып, болашаққа суды және тағы басқа маңызды заттарды жақсы қалпында қалдыруға міндеттіміз!!! «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты жүзеге аспақ
«Қызық енді басталады» дейді журналист Болат Аманбаев: «Сенат таратылады. Алда алашапқын тұр. Саясат сахнасына су жаңа партиялар келуі бек мүмкін. Себебі, бірпалаталы Парламент партиялық тізім бойынша ғана жасақталады. Жеке мандаттық сайлаумен біржолата қош айтысуымыз ықтимал.
Бүгін Президент Парламенттік реформаны халықтың талқысына ұсынамын деді. Елмен ақылдаспақ. Яғни, 2027 жылы бүкілхалықтық референдум өтеді.
Егер ел тұрғындары бір палаталы Парламент дұрыс деп шешсе, онда Парламент сайлауы өткізіледі.
Енді мына ақпаратпен бөлісе кетейін, әлем елдерінің жартысына жуығында Парламент бір палаталы екен. Орталық Азия бойынша көз салсақ, мына бізге көрші қырғыздар баяғыда жасап алған.
Мұндай жүйе Моңғолия мен Қытайда бар. Көрші мемлекеттер болған соң айтып жатқаным ғой. Солардың бірде-бірі қой құрысын, қос палаталы Парламент керек деп отырған жоқ.
Шынтуайтында, бұл елдің дамуына оң ықпалы бар үрдіс.
Меніңше, мынадай артықшылықтары бар: Заң шығару процесі сөзсіз жеңілдейді, жылдамдайды. Шығын азаяды. Сенат пен оның аппаратына бөлінетін қаржы үнемделеді, ол ақшаны өзге саланы дамытуға немесе әлеуметтің проблемасын шешуге бағыттауға болар еді.
Заң шығарушы бір орган – жауапкершілікті арқалайтын тек Мәжіліс болады.
Елдің географиялық, саяси ерекшеліктерін ескере отырып, бірпалаталы Парламент ойға қонымды шешім.
Тағы қайталап айтамын, елде саяси бәсекелестік басталады.
Мәселен, «Аманат» партиясының Павлодар облыстық филиалы хатшысының лауазымында бір жылдан аса мерзім бойы уақытша міндетін атқарушы адам отыр. Әрине, бұл сол саяси ұйымның жеке мәселесі. Бірақ енді бұндай «ұзын арқан, кең тұсауға» жол берілмесі анық.
Партиялар тура бүгіннен бастап өздерін күшейтуге кіріседі.
Мүше қабылдайды, депутат болуға лайық адамдарды тартады, ел ішінде ықпалы бар «тірі рупорлар» жинайды, қысқасы, мандатты көбірек қамтып қалу үшін әрекетке кіріседі. Ал, сол иеленген мандатты кімге, қалай беруді кім шешеді? Бай-бағландар мен бизнесмендер, компаниялар мен қаржылық ұйымдар басшыларына бұйырады ма? Халықтың сөзін сөйлеп мұңын айтар азаматтарға тиеді ме?
Әрине, мандатты бөлу кезінде партияішілік іріктеу-праймериздер өткізіледі.
Осының бәрін ескеріп, кейін сан соғып қалмау үшін Мемлекет басшысы халықтың ой талқысына салмақ.
Меніңше, Президенттің бұл бастамасы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына толықтай сәйкес келеді. Сондықтан ықпалды Парламентті жасақтауға дайын болыңыздар!» дейді ол.
Президент қоғамдық орында айқай-шу шығаратын әйелдер туралы да айтты. Бұл мәдениетті қоғамға жараспайтын қылық екенін еске салды. Демек әлеуметтік желідегі боқтампаз, ұятсыз әйелдер қауымының іс-әрекеті Президентке де жеткен болды ғой.
«Қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-бірімен ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөз айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық. Еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс. Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы жиында.
***
Түйін cөз:
Жолдауда не айтылмады?
Мемлекеттік тіл, тариф, салық, айыппұл, газ, бензин, елдегі қымбатшылық т.б. туралы Президент халыққа Жолдауында айтпады деп жатқандардың да күңкілін құлағымыз шалды. Дұрыс шығар. Бірақ бұл мәселенің екінші қыры да бар. Әбден айтылып жауыр болған дүниені қайта-қайта сөз қыла беру жетістік саналмайды. Президент олардың бәрін басты назарында ұстап отырғаны сөзсіз. Әлемдік саясат шағын мемлекеттерді жүндей түтуге бет бұра бастаған бүгінгі заманда ішкі саясатты көзден таса қылмай, сыртқы саясатқа дендеп көз жүгірту – дипломатияның жетістігі. Себебі қарышап дамып бара жатқан технология мен жасанды интеллект ішкі саясаттан әлдеқайда үстем, әлдеқайда өзекті! «Үйренген жау атыспаққа жақсы» дейді дана халқымыз. Сыртқы жаудың сыры бөлек. Осыны естен бір сәтке шығаруға болмайды! Босаңсыған ел бордай тозады! Тіл демекші, Жолдаудың 70 пайызын Президент қазақша сөйледі. Түсінгенге мұның өзі толағай табыс. Және ел Президентінің ана тіліне жетіктігі де көңілге қуаныш ұялатты емес пе!
Сонымен 8 қыркүйек күнгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тыңдап, еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің басында тұрғанымызға көз жеткендей болды.
Президентіміз атап өткендей, алдағы басты міндеттер мыналар:
• халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, әділ табыс бөлу;
• экономиканы әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу;
• білім мен денсаулық сақтау сапасын арттыру;
• ауылды дамыту және инфрақұрылымды жаңарту;
• жастарға мүмкіндік беріп, олардың бастамаларын қолдау;
• жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту, оларды экономиканың барлық саласына енгізу.
Жасанды интеллект – әлемдік бәсекеге қабілеттіліктің негізгі тетігі. Бұл бағытта Қазақстан өз әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа индустриялар қалыптастыруға, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға және ғылым-білімді жаңа деңгейге көтеруге тиіс.
Бұл жолғы Жолдауда, обалы нешік, Президент еліміздегі күрделі де көкейкесті мәселелерді егжей-тегжейлі талдап, олардың түйінін жедел түрде шешу жолдарын ұсынды. Мәселен, соңғы уақытта елімізде интернет-алаяқтық көбейіп кеткенін, су дипломатиясын дамыту, кадрларды арнайы даярлау, кәсіби тәртіп пен бақылауды күшейту, әуемен жүк тасымалдау ісіне айрықша назар аудару қажеттігіне бекер ат шалдырмағаны анық. Қарап тұрсаңыз, бәрі де өзекті, бәрі де бүгінгі күннің талабы. Қысқасы, Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
– Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ қазір тұрған міндет басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қорыта айтқанда, үш жылдың ішінде Қазақстан толыққанды цифрлық ел болуы керектігі Жолдауда айтылды. Оның қалай жүзеге асатынын көре жатармыз. Президент сөзі, пәрмені, бұйрығы, талабы жерде қалмас. Орындай алмағандар орынтағымен қоштасар. Тіршілік солай жалғасар.
Таяу арада Президенттің пәрменімен Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Бұл – заман талабы. Әйтпесе бәрінен құр қаламыз.
Айтпақшы, Президент ауылшаруашылығын қолдауға деп 1 трлн теңге бөлінетінін айтты. Бұл тұралаған ауылдардың еңсесін көтеруге септігін тигізсе, нұр үстіне нұр.
Тағы бір айтар жайт, Президенттің сөзін бөліп, қайта-қайта қол шапалақтап отырғандардан гөрі, Президент саясатының кейбір осал тұстарын сынап, ел алдында абыройы бар бірнеше оппозиция өкілдері Президентке қасқая қарап отырса, қандай жарасымды болар еді. Нағыз демократия көрсеткіші сол емес пе! Көзі қырағы, ел ішіндегі жайттардан үнемі құлағдар болып отыратын Президент бұл айтқанымызды келесі жолы іске асырса, ел сенімін арқалай түсер еді.
Сөз соңында айтарымыз, Жолдауды қолдау аз, қорғау да міндет! Көп болып көтермесек, Жолдаудың да құны түспек. Қадірі кетпек. Қасиеті қашпақ.
Шерхан ата айтпақшы, «Президент біреу, қалғанымыз оған тіреу» болуымыз керек, еңселі, ерікті ел болғымыз келсе, әрине...