Ел тағдырын өз тағдырынан бөлеп қарамаған, қиындық туғанда халық үшін басын бәйгеге тіккен асыл ер, батырлар мен бағлан ерлер мекені саналатын киелі Байзақ ауданының тумасы, полиция капитаны, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовқа деген құрмет арада он жыл өтсе де еш толастаған емес.
Апта соңында даңқты жерлесіміздің ерлік жасағанына он жыл толуына орай, аудан көлемінде еске алу шарасы ұйымдастырылып, өзі туып - өскен Түймекент ауылында еңселі ескерткіш бой көтерді.
Батыр ерлігіне тағзым ету бүгінгі ұрпақтың парызы әрі міндеті екені сөзсіз. Ғазиздай батырды еске алу шарасы алдымен аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы «Батырлар аллеясынан» бастау алды. Онда мемориалдық тақтаға гүл қою рәсімі өткізілді. Шарада сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, еңбек ардагері Үсіпалы Халиев ата-бабамыздың қайсарлық пен ерлігін жалғастырған Ғазиз Байтасов міндетіне адалдық пен көзсіз ерліктің символы болып қала беретінін, оның есімі әрқашанда халық жадында сақталатынын атап өтті. Оның есімі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында Халық қаһарманы атағын алған алғашқы әрі жалғыз адам ретінде де құрметпен аталатынын жеткізді.
Жиын қатысушылары Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды.
Сонау 2011 жылы қараша айында Тараз қаласында қауіпті террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Батырды ұлықтау шарасы Түймекент ауылдық округінде өз жалғасын тапты. Шара қатысушылары Түймекент орта мектебіне аялдап, онда Ғазиздай батыр ағаларына арналған еске алу шараларын ұйымдастырып жатқанына куә болды. Мектеп алдында қонақтарды Батырдың бүгінгі ізбасарлары, жас жол инспекторлары саптық шерумен қарсы алды. Топ басшысы Гүлжарқын Оңғарбаеваның пәрменімен сап түзеген жас сақшылар әрекетіне сүйсіне көз тастаған қонақтар мектеп табалдырығын аттады. Онда кезекшілер ізетпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Мектептің акт залында Халық қаһарманы туралы бейнероликті тамашалап, мектеп оқушылары Шерхан Ескендір мен Венера Ерсейіттің батыр ағаларына арнаған арнауын ыстық ықыласпен тыңдады. Полиция капитанының құрметіне ашылған сынып бөлмесінде болып, оның өміржолы мен қызметтегі сәттерімен танысты.
Бүгінде он мыңға тарта тұрғыны бар, аудан аумағындағы ірі елді мекеннің бірі саналатын Түймекент ауылында орналасқан мәдениет үйі алдында Ер Байтасовтың елу жасқа толуы мен содырмен соғыстағы ерлігіне 10 жыл толуына әрі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, даңқты жерлесіміз, облыстық жол полициясы жеке батальонының бірінші взвод командирі, полиция капитаны, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш ашылды. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов жүректің батылдығын, қайсарлық пен асқан өжеттілікті көрсеткен батырдың есімі жан-жақты ардақталып келе жатқанын атап өтті.
- Батырдың құрметіне Тараз қаласында мемориалдық тақта, мүсіні орнатылды, орталық көшелердің біріне есімі берілді. Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті ғимаратында мемориалдық тақта орнатылып, облыстық ішкі істер органдары және Ұлы Отан соғысы жылдары қызметін өтеуде қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткішке полиция капитанының есімі енгізілді.
Сонымен қатар, 2020 жылдың сәуір айында Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында Ғазиз Байтасовтың ескерткіші бой көтерді. Аудан орталығы Сарыкемерде «Халық қаһарманының» суреті мен аты-жөні жазылған мемориалдық тақта «Батырлар аллеясына» ерекше құрметпен орнатылды. Батыр туып-өскен Түймекент ауылындағы мектепке батырдың есімі берілді.
Даңқты батырдың ерлік жасаған күніне орайластырылып, бүгін Түймекент ауылында Ғазиз Байтасовтың ескерткіші ашылғалы тұр. Дәл бүгін ауданымыздың түкпір-түкпірінде батыр ерлігін ұлықтаған спорттық және білім беру ұйымдарында батырдың ерлігіне арналған ашық тәрбие сағаттары мен іс-шаралар ұйымдастырылды, - деген Дәуір Рысбайұлы ерлік ешуақытта ұмытылмайтынын және халқының амандығы, елінің тыныштығы үшін күрескен Ғазиздай ердің есімі мәңгі жадымызда сақталатынын жеткізді.
Сондай-ақ, батырдың бауыры Бақтыбек Бесбайұлы, Түймекент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жомарт Мұхаметжанов ержүрек батырдың жанқиярлық ерлігі өсіп келе жатқан ұрпақты Отанын сүюге, қиын сәтте ерлік жасауға тәрбиелей тіндігіне сенімдерін білдірсе, еңбек ардагері Күнтуған Ақназаров өз арнауын жолдады. Ескерткіштің шымылдығын ашу рәсімі орындалып, көпшілік Батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның ерлігіне тағзым етті.
Ерен ерлікті ұлықтаған шара мәдениет үйінде жалғасты. Онда фойеде аймақтық білім беру және қосымша білім беру мекемелері мен балабақшалардың шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, аудан өнерпаздары мен мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Батырдың құрметіне орай ашылған ескерткіш халқымыздың және оның батыр перзентінің ерлігі мен өрлігінің нағыз символына айналмақ. Өйткені, Ғазиз Байтасовтың өнегелі ғұмыры – еліміздің өскелең жас ұрпағы үшін жарқын үлгі. Аталған ескерткіштің ашылуы ағымдағы жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өтетін азат елдің тарихына алтын әріптермен жазылары сөзсіз.