Халық және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі

Халық және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі

 

 «Қазақстан – 2050: «Ауыл – Ел бесігі» атты «Nur Otan» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтымен бірлескен экспедициясы «Халық және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы аясында сапарға шығады

 

«Nur Otan» партиясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының бүкіл ауыл тұрғындарына үндеуі

 

Қадірлі ауылдастар!

Ауыл – қазағымның тамыры, рухы, тарихы, шежіресі, қара шаңырағы һәм алтын тұғыры. Ауыл – қазақтың тамырына қазақылықты сіңірген, небір нәубеттерден аман алып шыққан, жауһар салт-дәстүрлерімізді аялаған, ұлы тұлғаларды дүниеге келтірген, асыл дініміз бен тілімізді сүйгізген және халқымыздың қара қазанын ортайтпаған алып та қасиетті қазынамыз. Ауыл – қаймағымыз сыпырылып, санымыз азайып, қанымыз сұйылып, рухымыз әлсіреп, санамыз жүдеп, жанымыз тарыққанда қазағын биікке көтерген құтқарушымыз. Ауыл – сан этностарды жатсынбай құшағына сыйғызған, ашыққанға нәр болған, әлемдегі ең қонақжай, ең жомарт қасиетті қара шаңырағымыз. Сол қасиетті де жомарт құтқарушы, қонақжай, алтын тұғыр ауылымыздың бүгінгі жайы қалай? Тәуелсіздігіміздің 30 жылында ауылымыз қаншалықты өзгерді, қандай өзгеріс, жаңашылдық бар. Болашағы қандай? ХХІ ғасыр ауылын жасай алдық па? Инфрақұрылымдары қандай дәрежеде? Республикамыздың түкпір-түкпіріне аттанғалы отырған экспедициямыз осы көкейтесті мәселелерді көтереді. Республикамыздағы 7232 ауылдың 3750-і аяғына нық тұрған, 2500-і орташа жағдайдағы, 1000-ы болашағы жоқ шағын ауылдар. «Қазақстанда ауылды қайта жандандыру туралы бағдарлама жасайық» деген Елбасының ұсынысы бар. Бірақ бүтіндей қарасақ, ауылдың сыртқы, ішкі көркі, сымбаты, ауылдағылардың әлеуметтік жағдайы мәз емес. Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз «Халық және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығына зор көңіл бөлді. Мемлекет ел экономикасын және жұртшылықтың әл-ауқатын өсіруде осы салаға иек артатынын президентіміз қадап айтты:

       «Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, осы шешімдердің барлығы агроөнеркәсіп секторына ықпал етеді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады деп сенемін».

Президентіміздің ауыл шаруашылығына, ауылға ден қоюында зор мән жатыр. Яғни ауылды түлету дегеніміз экономикамыз бен әл-ауқатымызды көтеру екен. Әрине, Президентіміз айтқандай ауылшаруашылығында көкейкесті мәселелер, кемшіліктер бар. Экспедициямыздың басты мақсаттарының бірі осы мәселелерді өкіметке жеткізу.Тағы бір ескертетін мәселе экспедициямыздың маршруттары  карантиннің барлық талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Елбасымыздың бастамасымен Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» атты бағдарлама жасалынып, қазір ол өмірімізге нық қадам басты. Осы бағдарламада ауылға да зор мән берілгенін байқаймыз. Ұлт жоспарындағы  98-қадамда айтылған, көтерілген, нақты қойылған мәселе тікелей ауылға арналған.

Бұл 98-қадамның маңызы неде?  Осы қадам арқылы ауылымыздың болашағына, тағдырына нақты не істей аламыз? Жергілікті өзін-өзі басқару және оның бюджетін жасау. Бұл мәселені Елбасымыз бұрын да талай мәрте қозғап, өмірге енгізуге тапсырмалар берген. Бұл ауылдарда, ұжымдарда, кейбір салаларда, қалаларда қолданылып, өзіндік жемісін берген әдіс. Яғни әбден сыналып барып, осы нақты жүз қадамның бірі болып батыл түрде енгізілгенін көріп отырмыз. Сонымен, бұл қадамның маңыздылығы неде?

Біріншіден, ауыл адамдарының белсенділігін арттырады.

Екіншіден, олардың патриоттық сезімін оятып, жауапкершілікті күшейтеді.

Үшіншіден, қазір барлық салаларымызды жаулап алған жемқорлыққа қатаң түрде тосқауыл қойылып, бөлінген қаржыны кім көрінген талан-таражға сала алмайды.

Төртіншіден, ынтымақ-бірлік күшейіп, іс-шараларымызды жұмыла атқаруға мүмкіндік туады. Тұрғындардың әрқайсысында жауапкершілік сезімі күшейіп, ауылдың өркендеуіне нақты іспен көмектесуге деген құлшыныс туады.

 

Сонымен, құрметті ауыл жанашыры!

Біз бәріміз бірлесіп ауылға нақты, батыл қадам жасамасақ, немқұрайлылықтан арылмасақ, тек ауыл ғана емес, бүкіл ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашағы бұлыңғыр болып, берекесіздік етек алатыны сөзсіз. Елбасымыздың «Қазақстан – 2050: Мәңгілік ел» стратегиясында «Ауылды қайта жаңғыртайық!» деген алға қойған жарқын мақсат пен міндет тұр. Қалай жаңғыртамыз, оны бүгін бастамасақ, ертең кеш болады. Осы үндеу аясында сіздерге ой тастау мақсатында бірнеше қағидаттарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

1. «Оян, қазақ!» демекші, алдымен өзіңіз, ауылдың әрбір азаматы оянып, дүр сілкініп «Бұл – тек менің ауылым! Осы туған ауылыма не істей аламын?» деген көзқарасты, жаңашылдықты сенімді, жауапкершілікті жүрегімізге ұялатайық.

2. Ауыл ажары алдымен сіздің үйден басталуы тиіс. Үйіңіздің сыртқы келбетіне көз жүгіртіңіз. Ағаш, гүл егілген бе? Тазалық қалай? Қақпа, дуал, қоршаулары қалай?

3. Көшеңіз қалай? Асфальттанған ба? Шашылып жатқан күл-қоқыстар жоқ па? Су құбыры, газ тартылған ба?

4. 98-қадамдағы Өзін-өзі басқару жүйесін жүзеге асыру өзіңнің қолыңда, қадірлі ауылдас. Қашанда ауылда белсенді азаматтар мен азаматшалар болған, әлі де бар деп білеміз. Тек белсенді ғана емес, қолынан іс келетін, адал, тәртіпті, ойын ашық айта білетін азаматтар бас қосып, Өзін-өзі басқару тобын құрған жөн. Бұл қоғамдық топ әкіммен біте қайнасып жұмыс істеуі тиіс.

5. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған салт-дәстүрлеріміздің айнасы осы ауыл. Бұл құнды мәселе шынында да ауылдан бастау алуы керек.  Жастарымызды салт-дәстүрлерімізбен сусындатып, дінімізбен нұрландырып, тіліменен байытып, Отанымен мақтаныш тұтқыза білсек. Арақ-шарапты жолатпай, салауатты өмірге үйренсек, ауылға береке келеді.

6. Мектеп түлектері қашанда ауылымыздың жарқын болашағы. Осы алтын бесігімізде тәрбиеленген ұрпағымыздың өз ауылына деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту – басты парызымыз.

7. Ауылдың әрбір тұрғыны, отбасысы – ең үлкен байлығымыз. Кедей отбасыларға ауыл болып көмектесу, қасіретке ұшырағандарға демеушілік жасау – әрбіріміздің парызымыз. Өйткені береке-бірлік те, бақ пен рух та отбасынан, балабақша мен мектептен басталады. Енді тағы бір айтатын мәселе туған ауылынан сыртқары жүрген азаматтармен де құрылған топ байланысты үзбей, олардың демеушілігіне жүгіну қажет.

Қадірлі ауылдастар! Біздің ауылымыз мемлекетіміздің іргетасы іспеттес. Әрбіріміз ауылымызды көтеруге, оның шаңырағының биік болуына үлес қосуға міндеттіміз. Сонда ғана ауыл өмірі көңілді, ондағы әрбір отбасы да нұрлана түспек. Кәнеки, осы айтылғандарды, көтерілген көкейтесті мәселелерді көңілден тыс қалдырмай, іліп әкетейік. Ауылымыздың шаңырағы биіктеп, мәртебесі ассын!

 

 

 «Nur Otan» партиясының

бірінші орынбасары                                                                     Бауыржан Байбек

 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі                                          Е.Ш.Қарашөкеев

 

«Qazaqstan dauiri» ЖШС  

 Бас директоры:                                                                  Сәуле Мешітбайқызы       

 

22.09.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 222
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 217
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 723
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 846
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 759

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8914
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8308
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11535
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9292
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10520