Қазір әлемнің әр жерінде қақтығыстар болып, бейбіт халық, оның ішінде сәбилер жапа шегіп жатыр. Украина мен Ресей арасындағы қиян-кескі ұрыс оған мысал бола алады. Сондайда 30 жыл тыныштығын сақтай алған, бітімгершілік саясатын жүзеге асырып келе жатқан мемлекетіміздің идеологиясын мойындауға тура келеді.
Айтар болсақ, Семей ядролық полигонының жабылуы. Бұл тәуелсіздік жылдары қарусыздандыруға Қазақстанның қосқан ең үлкен үлесі. 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдады, ал кейіннен еліміз әлемдегі қуаты жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ). 1996 жыл бұл құжатқа Қазақстан алғашқылардың бірі қол қойды және шартты ратификацияламаған немесе қол қоймаған (және оның күшіне енуі ратификациялауға байланысты) мемлекеттерді мүмкіндігінше тезірек шартты орындауға шақырды. Содан кейін 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге қол қойылды.
Ал 2013 жылдың ақпан-сәуір айларында кезекті «алтылық» мемлекеттері мен Иран арасында Алматыда кезекті келіссөздер жүргізілді, оның нәтижелері келіссөздер процесін бұғаттауға мүмкіндік берді және нәтижесінде P5+1 тобы және Иран (БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі және Германия арасында) Бірлескен іс-қимыл жоспарына (JCPO) қол қойды. 2015 жылдың соңында Қазақстан осы жоспарды іс жүзінде жүзеге асыруға тікелей қатысты. 2016 жылғы 28 маусымда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайланды. Осылайша еліміздің жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты миссия жүктелген әлемдегі ең беделді он бес елдің қатарына енді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде алдағы жұмыс үшін төрт басым бағытты жариялады: ядролық, энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі. Сириядағы азаматтық қақтығыстарға қатысты мәселені шешу барысында Қазақстан бейбіт келіссөздер жүргізуде, соның ішінде Таяу Шығыс аймақтарында маңызды рөл атқарады. Қазақстанның Сириядағы азаматтарын елге қайтару аясында атқарған «Жусан» операциясын да өзге мемлекеттер аса жоғары бағалады. Бұл тізімге аралықта айтқан мәлімдемелер мен көптеген сыртқы саясаттың көрінісі бола алатын оқиғаларды кіргізбедік. Әлем діндері басшыларын елордаға жинап, басын қосқанымыз тағы бар. Бұл нені білдіреді? Қазақстан әлемнің әр жерінде тұтанып, сөніп жатқан соғыс оттарына, елдер арасындағы қарама-қайшылыққа, қан төгіске барынша қарсы екенін көрсетіп келеді. Сыртқы саясатымыздың көрінісі осы жерден байқауға болады. Бұл біз сияқты жас мемлекеттің жақсы атын қалыптастыруға көп көмегі тиері анық. Тіпті кейбір ұйымдардың басшылығын Қазақстанға тапсырғанын көріп, сенімге де кіргенімізді бағамдауға да болатын шығар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қазақстан халықаралық аренаның бейбітшілік нысанына айналып келеді. Ләйім солай болғай. Себебі тәуелсіздік – бәрінен қымбат!