Жайық ақса, жылап қана аға ма?
Жауабы жоқ сұрақ қалар санада...
Сырласа ма, мұңдаса ма, білмеймін,
Жетім бота боздап тұрған жағада.
Жайық ақса, күліп қана аға ма,
Жағалауын тіліп қана аға ма?
Мына өмірдің жалғандығын жасырмай,
Домбырадай бебеулеген сағада.
Жайық ақса, жыр қалатын шығар-ау,
Нар қамысы ырғалатын шығар-ау.
Тумай жатып анасынан көз жазған
Кім бар мына жетім тілін ұғар-ау?!
Жайық ақса, өмір ағып жатқандай,
Жайықпенен көңіл ағып жатқандай.
Жетім бота нәзік үнін созады
Жүрегінде мұң-зары бар батпандай.
Жайық ақса солқылдатып жағаны,
Жайық ақса толқындатып ағады.
Жетім бота жан жүрегі жаралы,
Жетім бота анасы жоқ – қаралы.
Жайық ақса, сыр айтқаны емес пе,
Сыр айтқаны – мұңайтқаны емес пе..?
Жайық-Ана жабырқаулы ботасын
Жұбатқаны емес пе?!
Жайық ағар, Жайық саған алаң-ды,
Алаң пейіл емдеп жазар налаңды.
Қайда кетсең, ораларсың түбі бір,
Үзе көрме туған жермен араңды.
Жайық ағар өз арнасын ұнатып,
Жайық ағар жарқабағын құлатып.
Жағасында боздап тұрған ботаны
Түні бойы жұбатып...
Маралтай Райымбекұлы