Референдум

Жалпыға маңызды жаһандық бастамалар

Жалпыға маңызды жаһандық бастамалар

Осыдан тура бір жылдың алдында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің тікелей бастамасымен БҰҰ жанынан Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орталық құру туралы бастамасы қолдау тауып, аталған орталық ресми түрде өмірге келген болатын. Тарқата айтар болсақ, 2025 жылы 5 наурызда Алматы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) бойынша Өңірлік орталығы мәртебесіне ие болды. Аталған орталықты құру туралы құжатқа, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің арасынан 152 мемлекет ресми түрде қолдап дауыс берген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы қазақстандық бастаманы қолдаған барлық серіктестерге ризашылығын білдірген болатын. Қазақстанның бастамасымен құрылған бұл орталықтың мақсаты: Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті күшейту, гуманитарлық мәселелерді шешу, экономикалық ынтымақтастықты дамыту еді.

2025 жылы тамыздың басында БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш Түркіменстанда өтетін теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның үшінші конференциясы қарсаңында елімізге арнайы келді. Мәртебелі мейман Алматы қаласында Қазақстан Үкіметі мен Ұйым арасында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Сол маңызды кездесуде сөз сөйлеген Президент Орталық Азияның стратегиялық маңызының артып келе жатқандығына тоқтала келіп, аймақтағы бейбіт те орнықты дамуға деген талпынысты айырықша атап өтіп еді.

– Біз халықаралық өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласатын мәмілегер ретінде Орталық Азияның әлеуетін ашуға және жаһандық аренада конструктивті әрі келешекті көздеген күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетуге ұмтыламыз.

Аталған Орталықтың құзыреті мен функциялары аймақтағы немесе одан тысқары жерлердегі басқа ұйымдардың қызметін қайталамайды. Керісінше, Орталық аймақ халқының нақты сұранысына назар аударудың арқасында қабылданып жатқан шараларды толықтырып, оның мән-мазмұнын арттыра түседі. Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс пен Каспий теңізінің тартылуы сияқты Орталық Азия проблемалары баршаға белгілі. Бұл түйткілдердің тиімді шешімін табу үшін өңірлік ықпалдастықты нығайтып, оған Біріккен Ұлттар Ұйымын белсенді түрде тарту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз кезегінде БҰҰ-ның Бас хатшысы бұл орталықтың ашылуына жоғары баға беріп, оның маңыздылығын арнайы тоқтала келіп, қазақ елінің бастамасына, Қазақстанның ішкі саяси бағдары мен сыртқы саясатына ерекше ризашылығын білдірген болатын.

– Қазақстанға шын жүректен тәнтімін. Мен үшін Қазақстан – даналықтың символы, халықтар арасына дәнекер болып, бейбітшілікке үндейтін ел. Бұл – түрлі этнос пен дін өкілдері бас қосып, ортақ келешекке апаратын жолды бірге іздейтін мекен. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын ешқашан ұмытпаймын. Осы шешімнің нәтижесінде Сіздердің елдеріңіз бейбітшілік пен қарусызданудың символына айналды. Бүгінгі таңда бұл өте өзекті. Қазақстан әрдайым парасаттылық танытқан әрі сол биігінде қалады. Өкінішке қарай, қазіргі әлемге осындай байыпты ұстаным жетпей тұр, – деді Антониу Гутерриш.

Қазақстан Президентінің бастамасымен өмірге келген бұл орталық, бейбітсүйгіш қазақ елінің жаһандық бастамаларының бірі ретінде тарихқа таңбаланып қалатыны анық еді. Олай дейтініміз, халықаралық деңгейде болып жатқан тұрақсыздық, соның ішінде тұтас Орталық Азия аймағында соңғы кездері болған оқыс оқиғалар мен экологиялық апаттар, қазақ Президенті қадап тұрып айтқан мәселелердің қаншалық маңызды екендігін айғақтап бергендей болды. Біз төменде аталған мәселелер жайлы қысқаша айта кетуді жөн көрдік.

Ауғанстан мен Пәкістан арасы тыншымай тұр. Бұл даудың тамыры тереңде жатқандығын, екі тараптың ортасында шешілмеген шекара дауы бар екендігі белгілі. 2021 жылы Талибан билікке келгеннен бері екі ел арасындағы шиеленіс ушығып кетті. Негізгі қақтығыс Пәкістанның «Талибан Пәкістан» (ТТП) Ауғанстан ішінде әрекет етіп, террористік шабуылдар жасады деп айыптауында жатыр, ал Ауғанстан мұны жоққа шығарады және Пәкістанды оның егемендігін бұзды деп айыптайды. Қазіргі уақытта шекарада қақтығыстар, әуе шабуылдары мен жердегі атыс жиі болып тұрады, салдарынан жүздеген адам шығын болып жатыр. Өткен айда қақтығыс «ашық соғысқа» айналды. Пәкістан террористік лагерьлерге әуе шабуылдарын жасады, ал Ауғанстан Пәкістанның шекарадағы қарауылдарын бақылауға алды. Қазіргі күнде Хост, Кунар және Нангархар провинциялары аумағында әскери ұрыс қимылдары жиі орын алып жатыр. Бұл даулы мәселеге қарата үшінші тараптардың араағайындығы әзірше өнім бермей тұр. Қақтығыстың салдарынан ауыр гуманитарлық апаттар туылып, екіжақты сауда мен босқындар ағынына қатты әсер етіп жатыр. Пәкістан аумағынан күшпен шығарылған миллиондаған босқындар Ауғанстан жеріне амалсыз кері оралды. Бұл қақтығыстың жуық арада тынши қоюы екіталай дейді сарапшылар.

Қасым-Жомарт Тоқаев тілге тиек еткен «Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс пен Каспий теңізінің тартылуы сияқты Орталық Азия проблемалары» қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі экология тақырыптарының қатарында тұр. Мұның ішінде Арал теңізі туралы біраз жұмыстар істеліп жатқанына қарамастан, ауқымды нәтиже шыққан жоқ. Енді мұның қатарына Каспий теңізі айдынының төмендей бастауы қосылып жатыр. Бұл аса маңызды тақырып, «Су дипломатиясы» мен мемлекеттер арасындағы өзара келісім аясында шешілері анық. Дегенмен осыларды үйлестіре отырып, ортақ мүддеге біріктіру жолында көптеп жұмыс істеуге тура келері анық. Қазақстан Президенті соңғы бірнеше жылдың көлемінде биік мінберлерден Каспий мәселесін үнемі ортаға қойып, шешу жолдарын қарастыруға үндеп келеді. Мемлекет басшысы аталған мәселелерге қатысты алдағы сәуір айында Астанада БҰҰ агенттіктерімен бірге Өңірлік экологиялық саммит өткізілетіндігін айтқан еді.

Міне, Қазақстан ортаға қойған жаһандық бастамалардың маңыздылығы осында жатыр деуге болады. Бұл бірер жылдың немесе бірер саммиттің аясында шешіле қоймасы анық. Алайда адамзатқа ортақ проблемалар ескерусіз қалмасы анық.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
12.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23828
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23499
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40551
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36941
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41179