Бүгін күні аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығында» «Жекпе-жек» ұлттық спорт түрінің үйірмесі ашылды. Үйірменің есігі дүйсенбі мен жұма күндері келемін деушілерге әрдайым ашық. Мұнда спорт сүйер қауым үшін жаттығу құрылғылары мен жұдырықтасудың қыр-сырларына машықтайтын жаттықтырушылар бар. Салауатты өмір салтын ұстану, дене қозғалысын реттеу мақсатында ашылған үйірме 30-ға жуық 9-25 жас аралығындағы жастарды қабылдауға әзір.
Үйірменің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағысының орынбасары Рүстем Қасымов, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов пен ҚР «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының бірінші вице-президенті Қуаныш Дүйсебаев қатысып, жаттығуды тек жинақылық, шапшаңдық үшін қолдану қажеттігін ескертіп, көк байрақты желбірететін ұландардың тәрбиеленіп шығуына тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ жергілікті тұрғын Нұрбол Мырзағарев «Жекпе-жек» федерациясының аудандағы өкілі қызметіне кірісті.