Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы Медициналық кеңес беру қызметіне (Call center) бюджеттен 8 643 750 теңге қарастырып, ашық конкурс жариялаған.

 

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі журналистің «Жаңа Қазақстанда дәрігерлер әлі күнге диагнозды телефон арқылы қоя бере ме?» деген сауалына жауап бермеді. Ол істің ақ қарасын анықтап алу керектігін алға тартты.  

«2015 жылы 27 ақпанда ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрімен бекітілген медициналық қызметтердің ішкі және сыртқы сараптаманы ұйымдастыру, жүргізу жөніндегі жол картасы және 2015 жылғы 16 ақпандағы ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің төрағасымен өткен кеңесте жазылған хаттама бойынша барлық облыстарда Call центр құрылған. Call центр осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген, қазіргі таңда оған зерделеу жүргізіп, қаражатын ашық конкурстан алып, оны бюджетке қайтарып, басқа қажетті мекемеге тапсыру керек. Сіздің бастамаңыз бойынша осы тапсырманы алып тастап, тиісті мекеменің өзіне жүктейміз» деді Перизат Үмбетәлі.

 

Айта кетсек, үнемделген қаражатты басқарма «Үміт» балалар үйіне (0 жастан 3 жасқа дейінгі балалар қамтылған) балаларды тасу үшін көлік сатып алуға жұмсамақшы. Биыл балалар жылы болғандықтан, қаражат балаларға жұмсалады. Аталған көлік балаларды ауруханаға, басқа да қажеттіліктерге апарып-алып келуге арнаталын болады.