Әрбір отбасы үшін әйел-ананың, әрбір ата-ана үшін баласының денсаулығы маңызды. Бұл байлықтан асқан ғаламда ештеңе жоқ. Мұны бәріміз де жақсы білеміз. Сол үшін де балаларымыз бен аналарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету дәл қазір үлкен маңызға ие. Соның бірден-бір жолы – вакцинациялау.
Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алтай Сауруковтың айтуынша, ауданымызға 30 доза "Pfizer" вакцинасы жеткізілген. Екпе 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, 16-37 апталық жүкті әйелдерге және 42 күннен асқан емізулі аналарға салынады.
Бүгін өңірде "Pfizer" екпесін алғашқылардың бірі болып Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясын оқушысы Жандос Реңбай қабылдады.
14 жастағы Жандос екпе ектіруге жергілікті емханаға анасымен бірге келген. Екпе қабылдаған соң жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір денсаулығы қалыпты, жайсыздық сезінбеген.
- Жер жүзіне жайлаған індеттің белең алуына тосқауыл болу үшін отбасымызбен екпе ектіргенбіз. Әрине, жақындарымыздың өмірі мен денсаулығы қай-қайсымыз үшінде аса маңызды.
Міне, бүгін жергілікті емханаға келіп, жасөспірімдерге салынатын "Pfizer" вакцинасын салдыртты. Өзімде куә болдым, Бастысы - отбасының амандығы, халықтың саулығы, - дейді анасы.
Вакцинаның басқа екпелерге қарағанда кауіпсіздігі де тиімділігі де жоғары екендігін айтады аурухананың иммунолог дәрігері Жадраш Тотаева.
Әрине, таңдау әрбір ата-ананың, баланың өзінде.
Дегенмен, бала өміріне барлығымыз жауапты екенімізді ескергеніміз абзал.