Заңсыз иммиграцияның кесепаты

Заңсыз иммиграцияның кесепаты

Мен 2024 жылдың 9 шілдеде Колумбия жағалауында болған қайық апатын күйзеліспен қабылдадым. Мұндай оқиғалар жеке тұлғалардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіріп қана қоймай, отбасы мен қоғамға орны толмас зардаптар әкелетіні бар. 

 Жергілікті уақыт бойынша 2024 жылы 9 шілде күні Колумбияның көші-қон бюросы, Кариб теңізі айдынындағы Сан-Андрес аралының маңында 18 заңсыз иммигрант мінген қайықтың суға батып, бір адам қаза тауып, сегіз адам құтқарылып, тоғыз адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Колумбия теңіз әкімшілігі қайықтың суға батып кетуіне шамадан тыс тиелген жүк пен күшті толқындар себеп болған деп мәлімдеді. Өкінішке қарай аударылған қайықта Қазақстан азаматтары да бар еді. АҚШ-қа бет бет алған отандастарымыздың барлығында Құрама штаттардың визасы болмағандықтан, олар шекарадан заңсыз өтуді жоспарлап, тәуекелге бел буып сапарға шыққандар екен.

Апат болған күннің ертесінде- ақ желдей ескен жаман хабар бізге де жетті. Қазақстан азаматтарынан екі баласымен кетіп бара жатқан ерлі-зайыптылар аман қалыпты да Қабидолла Қалиұлы есімді азамат қаза тауыпты. Жоғалғандардың арасында тағы да үш қазақ бар десті. Оның біреуінің аты-жөні Ермұрат Ермек деген азамат екен. Қабидолла Қалиұлы Қытайдың Шыңжаң провинциясының Манас ауданында туған, кейін Қазақстанға келген. Көбінде Алматы қаласында тұрған ол, соңғы бірнеше жылда Түркияға барып кәсіпкерлікпен айналысса керек. Қаза боларынан бұрын жақындарына өзінің АҚШ-қа кетіп бара жатқандығын айтыпты. Тірі қалғандар Алматы облысында тұратын отбасылы адамдар екен. Осы жерде бір айта кетерлігі, осындағы кей азаматтар Қазақстандағы дүние-мүлкін сатып, АҚШ-қа бүкіл отбасы мүшелерімен кетпек болған. Бұл азаматтардың Қазақстандағы экономикалық жағдайы да жаман емес екені ондаған мың доллармен жолға шыққанынан -ақ белгілі болып отыр.

Ендеше, жерлестерімізді АҚШ еліне заңсыз жолмен баруға кім үгіттеп көндіріп отыр деген сұрақққа жауап іздер болсақ, басы ашық бір мәселе- азаматтарды Америкаға қызықтырып шақыру және заңсыз жолмен кетуді ұйымдастыратын, адам саудасымен айналысатын  азаматтар және қылмыстық топтардың әрекет етіп отырғандығы дер едік. Сондықтан, айдың- күннің аманында, жерлестерімізді заңсыз жолмен шетел асуға көндіріп,  онысымен қоймай берген кеңесі үшін ақы алып отырған азаматтар мен қылмыстық топтарды жіті тексеріп,  заңдық жауапкершілікке тартатын уақыт келді деп санаймын. 

Қазіргі таңда Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып отырған мемлекеттердің барлығына заңды жолмен виза алып саяхаттай баруға, білім алуға және ол жақта тұрақты тұруға мүмкіндік бар екендігін айта кеткен жөн. Тек барлық шаруаны аталған мемлекеттің көші-қон талаптарына сай істесеңіз болғаны. Ал тіптен хабарыңыз болмаса ғаламторға жүгініңіз немесе ресми тіркелген агенттіктерден кеңес алыңыз.  

Қазақта «Қайда барсаң да қазанның құлағы төртеу» немесе «Пәлен жерде алтын бар дейді, барсаң бақырша да жоқ»-  деген аталы сөз бар. Әрине,  әр елдің өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Осыған орай Қазақстан мемлекетін, қоғамын, билігін жамандап жеккөрінішті етіп көрсету, елді дүрліктіру,  заңсыз көші-қон ұйымдастыру белең алып барады. Тіптен,  кей блогерлер әлеуметтік желіні пайдалана отырып, айналасына адам топтап, жеке мүддесі үшін АҚШ елін керемет етіп насихаттап жатыр. Бұлардың қатарын толықтырып отырғандардың арасында Қазақстаннан, Қытайдан АҚШ-қа барып алған кейбір азаматтар мен мүдделі топтардың үгіт-насихаттары да толастамай тұрған жайы бар. Тіптен,  кейбіреулер түрлі жолдармен АҚШ-қа шақырып алған азаматтарды саясатқа пайдаланып жатқанын да көріп отырмыз.

Біздің құзырлы мекемелелріміз мұндай заңсыз топтардың жұмысын қадағалап,  жеке азаматтарды олардың тұзағына түсіп қалудан сақтандыру керек.  Ел ішінде үгіт-насихат шараларын ұйымдастырып, адам саудасын жасаған, жеке адамдардың құқығына қол сұққан тұлғаларды тексеріп, заңды жауапкершілікке тарту тиіс. Бұл қоғам орнықтылығы,  азаматтардың жәйлі өмірі үшін аса маңызды мәселе. Өйткені есебін тауып АҚШ-қа барып алғасын, дұрыс тіл білмей әлдекімдердің құлдығына түсіп кетуі бек мүмкін. Немесе, қылмыстық топтар мен жеке тұлғалардың мүддесіне қызмет ететін «жанды қуыршақ» болмасына кім кепіл?  Қазірше белгілі болғаны- Қазақстан азаматтары БАӘ, Түркия, Қатар мемлекеттерінің біріне барып, онан ары Мексикаға жетіп, сол жерден заңсыз көші-қонды ұйымдастырушы топтармен келісіп, адам басына 2000-3000 доллардан төлеп, АҚШ шекарасына кіріп жатыр. Естіген құлақта жазық жоқ. Ебін тауып АҚШ топырағына заңсыз жолмен аттап кірген кейбір отандастарымыз ары қарай сол елдің Ықтиярхатын немесе азаматтығын алу үшін "Қазақстанда адам құқықтарының сақталмайтындығын" жеріне жеткізе айтып, сол жақтан саяси баспана сұрайтын көрінеді...

Ал жоғарыда тілге тиек еткен Колумбияда апатқа ұшыраған жерлестеріміздің жақындары хабарды ести салысымен СІМ-не арыз түсірген болатын. Министрлік басында марқұм Қабидолланың сүйегін мүмкіндік болса елге жеткізуге күш салатындығын айтқан. Кейін белгісіз себептерге байланысты бұл іске аспай қалды. Осылайша бір қазақтың баласына ата-бабасы аяқ баспаған Колумбия жерінен топырақ бұйырды. Тағы бір айта кетерлігі, осы оқыс оқиға туылғаннан қазірге дейін ҰҚК, ІІМ секілді құзырлы мекемелердің аталған факті бойынша іс қозғағандығы туралы ақпаратты естіген жоқпыз. Егер құрығы ұзын мекемелер індете тексерсе, біраз жайдың беті ашыларма еді кім білсін?

Сондықтан осы елдің азаматы ретінде біздің құзырлы мекемелерімізге, заңсыз иммиграцияның алдын алудың кезек күттірмейтін шаруа екендігін ескерткім келеді.

Гүли Нұркелді
23.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 197
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 1068
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1106
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1087

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6081
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5523
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8709
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6514
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7721