Жастар – қоғамның аса қуатты әрі маңызды тобы саналады. Сондықтан да жастар мәселесі мемлекеттің саяси, әлеуметтік және қоғамдық өмірінде аса маңызға ие. Тәуелсіз елімізде жастар саясатына мемлекет тарапынан жақсы көңіл бөлініп келе жатыр. Мұның ең басында 1999 жылы Президент жарлығымен қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын» айта кеткен жөн. Бұл маңызды құжатта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты – жастардың азаматтық, әлеуметтік дербес тұлғалық қалыптасуын жүзеге асыру үшін қажет құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайларды жасау мен нығайту» екендігі анық көрсетілген. Әрі осы бағытта «Жастарда патриотизмді қалыптастыру, жастардың ізгілікті әрі рухани дамуы, еңбек, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жастардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, жастардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін дербес жүзеге асыруына жағдай жасау, жастардың денесін шынықтырып, интеллектуалдық дамуына жағдай жасау, жастардың қоғамдық игі бастамаларын қолдау мен ынталандыру, қазақстандық жастарды халықаралық мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру процестеріне тарту» қатарлы бірнеше мазмұнды белгілеген еді. Содан бергі 20 жылға жуық уақытта елімізде жастар мәселесі төңірегінде бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020» қатарлы игі бастамалар – біраз жастардың кәсіптенуіне, ауылдық жерлердің көркеюінебелгілі деңгейде серпін берді.
Қазіргі таңда мемлекетіміз жастардың мамандық игеруі, кәсіптенуі секілді жақтарына баса назар аударып отыр. Бұл мәселеде «Атамекен» ҰКП көптеген жобаларды қолға алып жатыр. Ал еліміздегі әрқайсы аймақтар жастар саясатын жетілдіірп, жастарды жұмыспен қамту, білім алу істеріне жағдай жасап жатыр. Сондай игі бастамалардың бірі Нұр-Сұлтан қаласында атқарылуда. Атап айтар босақ 2022 жылы наурыздың 11 күні Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданында Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасымен және қолдауымен ашылған орталықтың мақсаты-мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар және жастар арасындағы өзекті мәселелер болып табылатын: жұмыссыздық, тұрғын үй, білім, денсаулық және тағы басқа бағыттар бойынша консультативтік көмек көрсету және NEET санатындағы жастардың санын азайту делінген еді.
Таратылған ақпарат бойынша мұндай орталықтар қаладағы өзге аудандарда да ашылмақ екен. Біз құрылғанына бір ай болған орталықтың жалпы беталысы мен қызметі туралы оқырмандарымызды құлағдар ету мақсатында аталмыш орталықтың қызметкерлеріне хабарласып, қатысты ақпараттармен бөлісулерін өтіндік. Ондағы мақсатымыз елордадан басталып жатқан осындай игі істер өзге өңірлерде де қолға алынса деген арман еді.
Сонымен қолымызға келіп түскен ресми ақпаратта мынадай нақты мәліметтер тілге тиек етілген екен. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қаламызда алғаш рет Сарыарқа ауданы әкімдігімен бірлесе отырып «Астана жастары» МКК атты жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Сарыарқа ауданында ашылған бұл орталық басқа жерлерден орталық ашылғанға дейін 750-ге жуық жасты қабылдап, жастар арасындағы өзекті мәселелер бойынша жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттаумен қоса түрлі консультациялық көмектер көрсетті. Бұл жоба жақсы көрсеткішке ие болғандықтан, 2021 жылдың 18 қарашасында қаланың үш ауданында осындай орталықтар ашылды. Олар Алматы ауданындағы Қ.Сәтбаев көшесі 13а мекенжайында («Алкато» бизнес орталығы), Байқоңыр ауданында – Алаш тасжолы, 34/5 мекенжайында («Big Шанхай» сауда кешеніне қарама-қарсы), Есіл ауданында – Е-11 көшесі 10 мекенжайында («Базар» БО) орналасқан.
2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Жастарға қызмет көрсету орталықтары бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастардың бастамаларын қолдау, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесіне қатысты мемлекеттік бағдарламаларды қолдау және түсіндіру, психологиялық-құқықтық көмек көрсету, жастарды ынталандыру мақсатында онлайн және офлайн іс-шаралар өткізді. 14-29 жас аралығындағы жұмыс істейтін жастар, NEET санатындағы жастар және Нұр-Сұлтан қаласының маргинал жастары үшін спорт және спорттың қолжетімділігі көзделді. Мәселен, «Отбасы Банкі» АҚ, Халықты жұмыспен қамту орталығы сияқты ұйымдар мемлекеттік қызмет алу үшін жағдай жасалған бұл орталыққа біріккен.
ЖҚКО ашылғаннан бері (2021 жылдың 18 қарашасы) Нұр-Сұлтан қаласының 4 ауданында жалпы (Алматы ауданы – 329 адам, Байқоңыр ауданы – 298 адам, Есіл ауданы – 211 адам, Сарыарқа ауданы – 229 адам) 1067 адамға кеңес берілді. Бұл аралықта жастардан келіп түскен өтініш түрлері: аула клубтары, волонтерлік қызмет, кәсіпкерлік, жеңілдетілген несиелендіру, сонымен қатар өтініштердің 80-90%-ы кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үй мәселелері бойынша болды.
Жалпы қала бойынша ЖҚКО ашылғаннан бері 1817-ге жуық жастарға кеңес берілді. Биыл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ «Нұр-Сұлтан қаласының төрт ауданында жастарға қызмет көрсету орталықтарын ашу» жобасын ашуды жоспарлап отыр.
Нұр-Сұлтанның әр ауданында ЖҚКО ашылуы елорда тұрғындары мен қонақтарының көпшілігін, соның ішінде NEET санатындағы жастарды келесі мәселелер бойынша ақпараттандыруға және қамтуға мүмкіндік береді:
• кәсіби бағыттылық;
• жұмыспен қамту (Жастар тәжірибесі/Қоғамдық жұмыстар);
• жастардың бастамаларын қолдау (бизнес ашу, іс-шаралар ұйымдастыру, жобаларды қолдау);
• еріктілік;
• тегін демалыс (спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелер);
• мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары.
Қазір бұл орталықта мамандығы жоқ немесе біліктілігін жоғалтқан азаматтарды қайта оқыту курстарына жолдма беру жағы қарастырылған. Әрі бұл курстардың тегін екендігін айта кеткен жөн. Үш айлық курсты оқу барысында әрбір курсантқа 21700 теңгеден мемлекеттік стипендия беріледі. Сонымен қатар «Бастау бизнес» бойынша кәсіппен айналысамын деген жастарға қайтарымсыз грант та қарастырылған. Қазіргі таңда грант сомасы 1 млн 225 мың теңге екен.
Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл игі істер еліміздің әрбір аймағында өркен жайып, жастардың кәсіптенуіне, мамандық игеруіне көмек қолын созса құба-құп болар еді.