– 8 наурыз – халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында, Сізді аналар мерекесімен құттықтай отырып, жалпы әйел туралы, ана туралы, қазақ қызы туралы ой қозғасақ...
– Рахмет! Қай қоғамда болмасын әйел адамның орны ерекше. Кішкентайынан ата-анасын сыйлауды, тәртіп пен ибаны, ар-ұятты бойына сіңіріп өскен қыз өзіне қояр талабы бар бойжеткен болып қалыптасады. Аяулы жар, ибалы келін, аяулы Ана атанады. Одан кейінгі деңгей – қатал да әділ, мейірімді де жанашыр ене, бір әулеттің ақылшысы. Қазақ әйелі – береке-бірлік ұйытқысы. Қазақ қызы, әйелі дегенде тұрақталған пікір осы деп ойлаймын.
– Қазір қазақ әйелі өзгеріп бара жатқан жоқ па? Қай заманда да, қай қоғамда да әйел – ана. Бірақ кешегі аналарымыз бен бүгінгі аналардың ұқсастығынан гөрі айырмашылығы көп. Неге? Кешегі қазақ әйелі кім еді, бүгінгі қазақ әйелі кім?
– Ана әр уақытта – Ана, заманына қарай әрине мінез-құлық, талап өзгереді. Баяғы заманда аналарымыз бала тәрбиесін, отбасыны сақтауды алдыңғы орынға қойған. Қазіргі аналар білімді, екі үш тілді жетік меңгерген, жауапты қызметке көбірек мән береді. Десек те отбасыны сақтау бәсеңдеп барады, отағасының артық мінезін жасырып, тұлға етіп көрсететін кешегі қазақ әйелі қазір шыдамсыз, артық сөз көтермейді, ажырасу көп.
– Иә, «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» дейді. Қазақ қыздарының тәрбиесін қолдан шығарып алдық па?
– Бала тәрбиесі әрқашан бірінші орында болуы керек. Қыз бала табиғатынан ұяң, нәзік болғанымен, ел шетіне жау тисе ер азаматтармен бірдей атқа қонып, Отанын қорғай алады. Қазақ халқы қыздарды, аналарды қадірлей білген. «Жұмақ ананың табанының астында» деген тәмсілден-ақ қазақ үшін әйел затына деген құрметті түсінуге болады.
Қазіргі жастар білімді, өнерлі. Бірақ жасөспірім қыздарымыздың көбі қонақ күту түгілі тамақ істеу, тіпті үй жинауды білмейді. Себебі ата-аналары оқысын, білім алсын, қатарынан қалмасын деп барлық жағдайды жасап қойған. Ал ұлдарымызда бір жасықтық бар сияқты...
– Қай ғасырда өмір сүрсек те ұлттық мінез, діл, мәдениет, болмыс сақталуы керек қой...
– Бұрынғымен салыстырғанда әрине қоғамның дамуына, адамның жоғары деңгейде білім, ілім алуына қазір барлық мүмкіндік бар. Қазақ салт-дәстүрінен біржола ажырап қалды дегенмен келіспеймін. Әдет-ғұрып сабақтастығы үзілген жоқ. Үлкен-үлкен сауда орталықтарынан бала бөлейтін бесікті көрудің өзі бір ғанибет. Қазір көпшілік жиналған мемлекеттік іс-шара болсын, ел жиналған той болсын, ұлттық киім кию белең алуда, өте әдемі. Батыспен мәдениет алмасудың да өзіндік артықшылықтары бар. Бұрын басымдыққа ие орыс тілінен гөрі, қазір жастар ағылшын тілін меңгеруге бет бұрды.
Жақында бір жас ана 1 жасар дерлік қызына ағылшын тілінде ән айтып, алдандырып отыр. Меніңше бұл дұрыс емес. Сәбиіне сәл дауыс көтереді де, кешірім сұрайды. Қазақтың өзіндік қалыптасқан бала тәрбиелеу мектебі бар. Содан қол үзіп бара жатқандаймыз. Бұрын аналарымыз әкең келе жатыр, әкең білмесін деп тәрбиелейтін. Бала әкенің мысынан қаймығатын. Қазір әкем біліп қоймасын, жақсы болайын деп тырысатын бала жоқ.
Өзге тілде сөйлеген баланың дүниетанымы, ойлауы сол тілде қалыптасады. Өзге ұлттың тілінде сөйлеудің өзі сол ұлттың өкіліндей ойлану деген сөз. Өз тілін білмегеннен кейін ұлттық болмыс та көлеңкеде қалады-ау деп ойлаймын. Бірақ бесікке салу, тұсаукесер, сырға салу, құда түсу, көкпар, бәйгеміз заманмен бірге дамып келеді. Қазақтың рухани құндылықтарының тамыры терең. Яғни қазақылығымыз, ұлттық болмысымыз жоғалмайтынына сенімім кәміл.
– Мерекеңіз құтты болсын!
Әңгімеңізге рахмет!