ЖҰМЕКЕН ЖҮЛГЕСІ

ЖҰМЕКЕН ЖҮЛГЕСІ

Көп мұғалімді маған сабақ бермей тұрып таныдым. Біз оқу үшін тұрған үй мектептің жолында тұрғандықтан мектеп табалдырығын аттаған тұстан барлық мұғалімнің жұмысқа қалай келіп, қалай кететінін түр- түсінен, жүріс- тұрысынан жаттап алған едім. Есімдерін де өзімнен жоғары класс оқитын бауырларыма сабақ бергендіктен жақсы білдім.           

Күндердің күнінде олар маған да сабақ берді. Олар деп отырғаным - сол кездегі мектебіміздің маңдай алды мұғалімдері. Шоқ жұлдыздай жарқыраған сол шоғырдың   ең басында тұратын  ұстаздардың бірі, Қазақ ССР білім саласының үздігі Жұмекен ӘЛМЕНҰЛЫ еді. Діндар отбасында дүниеге келіп, кеңес саясатының кесірінен  талантты жас саз өнерінен қол үзсе де, сөз өнерінен алыстамады. Педагогика саласында білім алып, оны жетілдіріп осы салада табан аудармай ұзақ жыл қызмет қылып, қаншама шәкірт тәрбиеледі.  Көргені мен естігені, оқығаны мен тоқығаны мол, аңғарымпаз Жұмекен ағайға бір жағынан күшті болуға, адам тәрбиелеуде нәзік болуға тура келді. Әзілмен астарлап сөйлеуі де біраз жағдайды аңдатады. Білім бере отырып, қазақтың салт- дәстүрін де шәкірт бойына сіңіре білген. Біздің үйдің балаларын "Жадырасын" деп атап шақыру арқылы, нағашы мен жиен арасындағы жарасымды қатынасты көрсеткен екен енді ойласам. 

  Бірде мені "Қазақ тілі" сабағында "сүріндірмек" болып, бір ережеге байланысты мысал келтір деп, "құйтырқы" сұрақтар ( сабаққа қатысты) қойды. Қалай сұраса да Алла сақтап дұрыс жауап бердім. Сол кезде:" Жарайсың, Жадырасын! Олай да былай домалатсам да дұрыс жауап бердің, 5!" деп, баға қойған- ды. Оқушының деңгейіне қарап сөйлеу де педагогтің шеберлігі ғой.  Жұмекен ағай әрбір сабағын жандандырып, жандырып жіберетін еді. Анау тұрмыс- салт жырлары, батырлар жыры, ертегілер, қалың малға сатылған қазақ қыздарының тағдыры туралы романдарды түсіндіргенде ол оқиғалар миыңа сол сәтте құйылып жататын. 

Хронология бойынша жазғанда, қазақ тілінен, әдебиеттен аудандық олимпиадада 1- орын алып, облыстық, республикалық олимпиадаларға жолдама алуыма, мектеп тарихында алғашқылардың бірі болып университеттің филология факультетіне оқуға түсуіме әуелі Алладан тауфиқ, содан соң әке қаны мен өнегесі арқылы келген асыл сөз, бастауышта сабақ берген Ғазиза Жұмекенқызының, Ақтұрсын және Ақжүніс Әжібаевалардың, кейін  Ырысалды(Зураш) Әбдібекованың, Жұмекен ӘЛМЕНҰЛЫНЫҢ үлесі зор. Алла оларды рақымына алсын!

  Біздің бақытымыз- Жұмекен ұстаздай сөз өнерінің корифейінен сабақ алуымыз. Көрнекті қайраткер, жүз жылдық үлесіндегі Жұмекен ұстаз жүлгесі үзілмесін десек, мектеп мұғалімі мамандығын күнкөріс көзі емес, әлемдік деңгейде (білім мен білік сайысында) тайталаса алатын корифейлікке ұмтылу керек. Ол өз кезегінде бірегей оқушыны айтқызбай- ақ шығара алады.

  Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау салқыны білім саласын айтарлықтай кенже қалдырды, соның салдарынан сауатсыз жазатын ұрпақтың бірнеше буыны қалыптасты. Бұл қандай алмағайып (аштық,  қуғын- сүргін, соғыс) жағдайда да кездеспеген жәйт еді. Біздің ұстаздар көркем жазудың, сауатты жазудың хас үлгісін көрсетті. Шәкірттер де сол деңгейден кем түспеді. Тоқсаныншы жылдардан кейінгі кейбір бастауыш, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері, олардан дәріс алған кейбір оқушылар арасында қатесіз жазатындарды республика бойынша кездестіре алмай қиналатынмыз рас.  Жалпы қай пән мұғалімі, оның ішінде бастауыш класс, қазақ, орыс, ағылшын, яғни тілді үйрететін мұғалім жазу сауаттылығын арттырмайынша, оқушы сауатты жаза алмайды. Мұның жанды мысалын көріп отырмыз. Мақалаға "Жұмекен жүлгесі" деп, тақырып қою себебімнің бірнеше мағынасы бар. Соның бірі- көркем жазу, сауатты оқушы тәрбиелеу жүлгесі. Бұл жүлге үзілмесін десек, үздіксіз іденіс, мамандыққа адалдық керек.

  Білім саласының үздігі, парасатты педагог Жұмекен ӘЛМЕНҰЛЫ  халқымыздың тарихын, арман- мүддесін, рухын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп кетті. Ол жүлге үзілмей кейінгілерге эстафета ретінде жолдана береді.

  Әкенің жақсы қасиеті көбіне қыздан, қызынан туған баладан, немесе ұлдан туатын екінші, үшінші, кейінгі ұрпақтан шығады дегенді оқыған едім, жаны бар сөз іспетті. Еліміздің мақтанышы, күміс көмей әнші Ғазиза Жұмекенқызы- бастауышта  сабақ берген алғашқы ұстазым. Жұмекен ағайдың саз өнерінде қолы жетпеген жүлгесі Ғазиза қызы арқылы жалғасты.

  Нұрболатты Жұмекен ұстаздың ұстамы жақсы, тілінің тотияйыны, жадта сақтау қабілеті тартқан бірден бір көшірмесі дер едім. Бір жүлгесін- ұрпақтары, бір жүлгесін - шәкірттері алып жүрсе, ұстаз өнегесінің өрісі кеңея түспек.

Аналарымыздың, әкелеріміздің көзін көрген, араласқан, дәмдес болған қайран ұстазым өмірінің соңғы жылдарының бірінде ғана жазғы демалыс уақытында ауылға барғанымда немересінің шығармасын тексертіп алған еді. Ертесіне келіп рақметін айтқан. Мұның өзі маған берген батасы екен- ау!

 Естуімше Жұмекен ұстаздың тәуелсіздік алған жылдардан бастап оразасын жария ұстап, тарауық намаздарына ыждағатты болғанын айта кетейін. Жұмекен ағайдың ішкі өзегі мықты болғандығы діндар отбасында дүниеге келіп тәрбиеленуінен деп бағалаймын. Жастайынан Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің танымал ұзақ дастан, поэмаларын жаттап алып, елге жеткізген. 

  Қандай жағдай болсын қорықпай, жасқанбай  талантын, білімін ел болашағы үшін жұмсай алған жүз жылдық үлесіндегі Жұмекен ӘЛМЕНҰЛЫ жүлгесі ғасырдан ғасырға жалғаса беруі үшін мынадай ұсынысым бар.

  Жаңа мектеп ашылғаннан бастап мұғалімдерімізге тиесілі кабинеттер болды. Мәселен, Химия кабинеті Құланбай Теміровтің, Қазақ тілі кабинеті Жұмекен Әлменовтің, Қазақ әдебиеті кабинеті Қаражан Бекбауыловтің, Физика кабинеті Күнзила Сейілханованың, Математика кабинеті Шәкір Әлмағамбетов, Сәуле Қойшығұлова, Тұрсын Искакова, бастауыш класс кабинеттері Ақтұрсын Әжібаева, Тойындық Әбдішүкірова, т.с.с. сияқты мектеп мұғалімдерінің кабинеттері болатын. Енді сол ұстаздардың ұстазын кейінгі ұрпақ ұмытпас үшін арнайы кабинеттер ашып, еңбектерін насихаттап отырса, нұр үстіне нұр болар еді!

  "Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін" аталған мектеп қайраткерлеріне кабинет атауын беруге көп нәрсе керек емес. Ниет болса, аз ғана іспен айтулы жұмыстар атқаруға болады. Олардың туғандарына, қайтқандарына 5, 10, 15, 20, 100, т.б. жылдықтарында, немесе жыл сайын пән апталықтары аясында кабинет тарихын түсіндіріп отырса жеткілікті.

 Атаулы кабинет ашу үшін міндетті түрде оны жабдықтау, ас беру, дүбірлі той өткізудің қажеті жоқ. "Жұмекен ӘЛМЕНҰЛЫ атындағы кабинет" деген маңдайша ілініп, класс ішіне толық өмірбаянын қамтыған дерек ілінсе, болғаны. Бұған шығын кете қоймас, ысырап та емес. Ескі мектептен бастап еңбек етіп, жаңа мектептің өзінде ұзақ жыл ұстаздық қылған ұстаздарды ұлықтайық, ұмытпайық! 

 Ізгілік кемесі, жүз жылдық Жұмекен жүлгесі білім айдынында желкені желбіреп болашаққа шеру тартқалы қашан! Оны біреу біліп, біреу білмес.

 Мағжан ақын айтқандай:

"Арқаның селі, желі, шөлі, белі,

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!" Жұмекен ӘЛМЕНҰЛЫН жер де, сел де, ел де, біз де ұмытқан жоқпыз.

    Күлпара САҒЫНҒАЛИҚЫЗЫ, 

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

 Алматы қаласы, 2026 жыл

16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27115
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26609
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43937
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39707
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44280