Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталықта жүргізуші куәлігін емтихансыз беру фактілерін өз көзімен көргенін мәлімдеген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин:
«Қазанның 24-і күні соңғы рет Нұр-Сұлтан қаласының халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталығында болдым. Шынымды айтсам, жұмысына көңілім толмады. Себебі кейбір фактілер анықталды. Оны жемқорлыққа жатқызып отырмын. Өйткені адамдарға теориялық және практикалық емтихансыз жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік жасалды. Иә, ондай жағдайлар аз шығар. Бірақ біз шын мәнінде қанша рет болғанын білмейміз ғой. Қазіргі кезде біз тиісті шараларды қолға алып жатырмыз. Енді ондай іс-әрекеттерге тосқауыл қойылады. Мәселен, кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталықта үш адам ғана жүргізуші куәлігін алды. Бұл дегеніміз — бақылау күшейтілді деген сөз. Енді халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталықтарда емтиханға кіретін адамдарды қосымша тексеріп отыратын мамандар жұмыс істейді», — деп атап өтті.