Журналист болу– мақсаткер, талапшыл әрі бір уақытта тез тіл табысқыш, ықыласты, бауырмал болу деген сөз. Қоғамдағы құбылыстарды зерттеп-зерделеу жолында өзіңнің күшің мен уақытыңды аямайтын дәрежеге жеткенде, өзіңнің шын талантыңмен оқырманды баурап алатын шабытың шыңдалғанда ғана жақсы журналист бола аласың. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болып, әділеттік тапқанда, біреуге үміт ұялатқан сәтте осы мамандықтың құдіретін сезінуге болады. Журналистиканың нақты анықтамасы жоқ.
Журналистика – төртінші билік...
Журналистика – газеттер мен журналдар...
Журналистика – дүрліктіру, таңқалдыру және өтірік...
Бұл тізімнің бітпейтіні анық. Білесіз бе, кез келген адам журналист бола алмайды. Қазір біздің қоғамда талантсыз журналистерде, атаққа қызыққан бейберекетсіз жастарда, көлеңкеде қалып қойған мықты жазушыларда, жазықсыз журналистер де өте көп. Қазіргі қоғамды жақсарту біздің, журналистердің де қолынан келеді. Ол ушін бізге шындықты ғана шырқырата жазу керек. Қашанда қайда болсақта мына біздегі жүрек билік үшін емес, қарапайым халық үшін соғуы керек. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіп иелерінің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді.
Бұған қоса журналист кең пейілді, жаны жомарт, жақсылыққа құштар, мейірімді, жақсы дос, қиналғанда қол ұшын беретін жан болуы да үлкен қасиет. Ол менмендіктен аулақ болуы керек, өзін-өзі ұстауы мен іс-әрекеті арқылы өзгелерге үлгі-өнеге бола білгені ғанибет. Журналист жұртпен тіл табысқыш болса тіпті жақсы. Ол қашанда жинақы, қиын жағдайдың өзінде жұмыс істей алатын, аңғарымпаз және сезгіш болуы керек. Оған есте сақтағыш қабілет те өте қажет. Тез ойлап, тез жазу да жақсы нышан. Журналистің өз жүмыс істеу тәсілі, өз ерекшелігі болуы заңды. Әркімнің сондай-ақ өзі қалайтын тақырыбы да болуы мүмкін. Журналистің стиль қалыптастыруы да үлкен жетістік. Ал жалпы кәсіби және творчестволық қасиет пен ерекшелік бір-бірімен ұштасканда нағыз журналист қалыптаспақ. Журналист өз қызметінде тек қана шындықты жазып, барлық мәселені объективті түрде қарау керек. Нағыз журналист өмірде осылай еңбек етуге, осылай өмір сүруге тиіс. Бұл журналистің алдында тұратын үлкен борыштардың бірі. Журналистиканың маңызы жариялылық болса, халықты тек қана объективті түрде, жан-жақты әрі дәл де, анық ақпараттық хабарлармен, материалдармен қамтамасыз ету керек. Сондықтан ең алдымен өмірдегі жайларды деректі фактілерге сүйене отырып жазу керек. Бұл шыншылдыққа бастайтын негізгі жолдың бірі. Еш нәрсені тексеріп алмай тұрып жазуға болмайды. Мәселенің әбден анық-қанығына көз жеткізу қажет. Ал кездейсоқ, бірен-сараң ғана фактіге сүйену кемшілікке апарып соқтырады. Сондықтан мәселенің зандылығына назар аударып, шындықты көре білу, өмірде жақсылықты таңдай білу және құбылысты дұрыс бағалай білудің жөні бөлек. Оқиғаны бұрмаламай, сол болған күйінше құрғақ сөзге салынбай жазу керек. Әр нәрсені дұрыс түсініп, талдау қажет. Яғни, әрқашан ақиқаттан айнымау — журналистің басты парызы.
ЖАНСАЯ ТОЛҚЫНБЕК