Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ақын туралы телесериал мен бірнеше деректі фильмнің түсірілетінін жазды.
«Бізде экранға шыққан Абайдың алты нұсқасы бар. Бірақ, шын мәнінде, Қалибек Қуанышбаев сомдаған образы болмаса, кейін Абайдың экрандағы бағы жанбады. Жаңа жобаны шетелдік мамандарға беруге болмайды. Себебі олар қазақтың мәдениетін түсінбейді», – деді Теменов.
«Мысалы, мен кеше ғана «Қазақфильм» киностудиясына барып, ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің «Абай» операсын теленұсқаға түсіретінін естідім. Егор қазақтың мәдениеті тұрмақ тілін де білмейді ғой. Ол спекталді қалай түсіреді? Енді бұны кімнің шешіп жатқанын түсінбеймін. Сонда Абайды түсіретін адам қалмаған ба?», –дейді Теменов.
Режиссердің айтуынша, Тоқаевтың тапсырмасын орындай алатын отандық мамандар да, Абайдың рөлін сомдап беретін актер да бар. Бірақ, ең алдымен, режиссерді дұрыс таңдау қажет. Сонда ол образды да ашады. Режиссер Абайға жақын болып, Абайдың философиясын түсінуі керек. Режиссер Досхан Жолжақсыновтың пікірінше, «Абай туралы сериал түсіретін болса, сценарийге бәйге жариялау қажет. Осыны міндетті түрде жасаған дұрыс. Сценариймен бірге режиссерді қоса таңдау керек. Өйткені олар бір-бірімен біте қайнауы қажет. Бұл – негізгі шарт», – дейді Жолжақсынов.
Режиссер Рүстем Әбдірашев та «Абай туралы сериал түсірсе де, деректі фильм түсірсе де, көптік етпейді» деп отыр. «Телесериал мен деректі фильм түсіру – бұл үлкен бастама. Оны жақсылап тұрып жасау керек. Қомақты етіп шығарған жөн. Қазақтың шын болмысын дүниежүзіне паш етеміз десек, Абайдың заманы, Абайдың сөздері арқылы шығуымыз қажет», – дейді. Шетелден режиссер шақыруға қазақ режиссерлерінің қарсылығы орынды. Осы жөнінде айтысқа мәдениет министрлігінің өкілі «Бұл мәселе әлі түпкілікті шешілген жоқ» қысқа жауап берді. Әліптің артын бағайық.

(«Sputnik Қазақстан» сайтынан
алынды.)
Гауһар Тұрсынқожа

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз