Қарқаралыға қарасты Темірші, Қараағаштың тумасы күйші Хасен ІРГЕБАЙҰЛЫНАН қалған бұл домбыраның кемі 100 жылдық тарихы бар. Аттың қанжығасына лайықталып қарағайдан шабылған домбыраның иесі Хасен күйші 1895-1959 жылдар аралығында өмір сүрген. Кезінде көркем өнерпаздармен Алматыға барғанда, осы домбырасымен даңғайыр Дина Нұрпейісовамен күй тартысқанын айтып отырады екен. Кейін 1940-шы жылдары Алматыға екінші рет барғанда, бірнеше күй тарттырғанын айтыпты күйші. Сондықтан, Хасен күйші шерткен күйлердің жазбасы архивте сақталуы да мүмкін. Әзірге күйшіден қалған мұра – 40 жыл ҚарМУ-дың мұражайында тұрып, бүгінде баласы Хамза өз иелігіне қайтып алып, домбыра жасаушы шебер Аман Сәдуақасовқа қайта қалпына келтірткен осы киелі домбыра.

Күйшінің жалғыз ұлы Хамза әкесінің үлкен әкесі Халықбергеннің де домбырашы болғанын естігенін айтады. Немересі Хасен Іргебай күйші болса, оның немере інісі Қоспан Теміршіде ең алғаш мектеп ашқан көрінеді. Хасен күйші үлкен қызы Ханшайымға арнап істеткен екінші домбырасы қазір Қарқаралы мұражайында тұр. Хамза аға бізге әкесінің өлер алдында Қарағашта, Қарашоқының бауырында домбырамен қалай қоштасқаны туралы әңгімелеп берді. Біз білмейтін «Жетпіс қой» күйінің тарихы тіптен қызық. Хасен күйшіге кезінде колхоздың қойын бақтырған. Қыс ішінде қойды бір ауылдан екінші мекенге жеткізу үшін күннің боранына қарамай жалғыз айдаған. Жолай қалың қоймен бір қыстаққа түнесе, түнде қойға қасқыр шауыпты ғой. 70-ке жуық қой шығынға ұшыраған. Басқарма «бұларды адал ет деп Қарағандыға ет комбинатына өткізесің» депті. Оны өткізгенде, адал екендігін дәлелдеу үшін Қарағандыда арнайы сараптамаға салып, күйшіні әурелеп, әбден қинаған содан «Жетпіс қой» күйі шыққан.
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың мұражайының өкілдері 1980 жылдары Темірші ауылының Қараағаш бөлімшесінен жәдігерлер жинаған. Сонда Хасен күйшінің бұл домбырасы «қолды» болып кеткен. Бір жақ бүйірі омырылып тұрған домбыраны Хамза ағамыз жұмыста жүргенде, жары Бибіжан апамыз (Күлбарам) «атамыздың домбырасы еді, сынып тұр, енді болмаса ештеңеге жарамай қалар. Музейде сақталсын» деп беріп жіберген. Содан бергі уақытта домбыраның иесіне қайтқаны биыл, күні кеше ғана. Әкесі Хасен күйшіден, бәлкім оның әкесінен қалған болуы мүмкін. Бұл қалақ домбыра туралы, Хамза Хасенұлы былай дейді:
«Сейдіғали деген ұстазымыз болған, ол кісі соғысқа барып келген. Сол ағайымыз бертінде менен сұрады: «Хамза, сенің әкеңнің 18-20-ға жуық күйі бар еді. Сен сол күйлерді білесің бе?» деді. Домбыра тартпаған мен «білмеймін» дедім. Алайда, «Жетпіс қой», «Он сегіздің зары» атты күйлерін естігенмін. Балалары қайтыс болғанда шығарған зарлы, қайғылы, сай-сүйегіңді сарқырататын бір күйі болатын. Оны тарта бастаса шешем «болды, осы күйді тартпа бермеші» деп кейіс білдіретін. Естуімше, әкейдің күйлерін мына Томар ауылында тұратын Жидебай деген кісі көп тартыпты. Ол кісі әкейдің шәкірті көрінеді. Күйлері Алматыда архивте қалуы мүмкін. Мұны Бейсенбек атты әкеміз Қарағандыдан келгенде айтып отыратын.
Аққора ауылында Ақыжан деген ақсақал өткен. Әлгі кісі әкейге жылына екі рет күй тыңдауға арнайы келетін. Сонда бір сөздерінде «бұл – Қасым ұстаған домбыра» деп айтқанын естіп қалғанмын. Бірақ, анық білмегендіктен, нақты кесіп айту қиын. Совет колхозының басқармасы Нұрмағанбет Өтен әкейді той-думандарға арнайы алдыратып, күй шерттіретін.
Бір күні әкей маған «көрші-қолаңды шақырып, үйге жи. Айт бәріне, домбырасымен қоштасайын деп жатыр де! Кешу алысам!» деді.
Замандасы Шәукен домбыра, гармон тартатын. Екеуі кезек-кезек күй шертіп, жиылған жұрт қауқылдасып, мәре-сәре болысты. Сол күні әкей таң атқаннан түн ауғанша домбыра тартты. Ең соңында «ал, алып қалыңдар» деп домбыраны керегеге сүйей салды. Замандасы Шәукен «неге олай дейсің, Хасен? Соңыңда із бар емес пе? Балаң Хамза ұстамай ма домбыраны?» дегенде, «жалғыз ұлым аман болсын. Бұған қонбады ғой» деп налығандай сыңай танытты.
Ел кеткен соң, маған «қызым Дәмешті шақыр, маңдайынан иіскейін» деді. Дәмеш менен үлкен апам. Ол кезде қасқа құнаным бар. Соған мініп, шауып отырып, көрші ауылдағы апама бардым. Түнделетіп жүргенімді көрген ол бірден «әкей қалай?» деді. «Ой, әкең концерт қойып жатыр, елдің бәрін жинап» дедім. «Өзі өліп қалған жоқ па?» деді. Өлмегенін айттым. Сөйтсем, апам үйінде атасымен ғана отыр екен. Жолдасы енесі жағында біреу қайтыс болып, сонда кетіпті. Содан атасы ақылға салып, «жарайды, жеті түнде әуре болмаңдар, таңертең барасыңдар» деген соң, сонда түнеп шығып, таңертең барсақ, әкем бақилық болыпты. Домбырамен әкем осылай қоштасып еді» дейді Хамза Хасенұлы.
«Әкей тығыз денелі, саусақтары жуан болатын. Кейде үйде қоңырлатып күй тартып отырғанда, Ханшайым апамның баласы Несіпхан жиеніміз домбыраның мойнына жармасатын. Сонда әкей «менің өнерім осында қалады екен ғой» дегенін естігенім бар. Айтқанындай Несіпхан жиеніміз «Салтанат» ән-би ансамблінің құрамында домбыра тартып, Франция, Германияға шейін барып, әкейдің атын шығарды. Қазір ортаншы ұлдан туған немерем домбыра десе үйірсектейді де қалады. Көре қалса, ішкен асын жерге қояды» дейді Хамза ағамыз.

Аман СӘДУАҚАСОВ, домбыра шабушы шебер:
«Қызыл қарағайдан жасалған бұл дом-быра 9 пернелі көне домбыра. Отыз жыл домбыра шапқанда, тұңғыш кездестіруім. Сынған жерлерін гипспен қаптап, бетіне жай ағаш қағып қойыпты. Соның бәрін қызыл қарағайдан жамап, қалпына келтірдім. Түпнұсқаны сақтадым. Мойны жуандау екен, ептеп жұқарттым. Бұл домбыраның ерекшелігі – қанжығаға ықшамдалып, қарағайдан бітеудей шабылуында».
Иә, домбыра тамаша сөйлеп тұр. Тек оны төрге іліп қана қоймай, дәулескер күйшілерге тарттырып, тыңдап көрсе деген ой көкейді түрткілейді.

Аман Сәдуақасов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.