Шегіртке апаты төніп келеді

0
1010

Бұл – Африкадан басталған 

Ақпанның 10 күні БҰҰ-ның «news.un.org» сайты жер бетіне төніп келе жатқан тағы бір апат – құмды шөл шегірткесінің қатері туралы дабыл қақты.Африканың шығыс бөлігінен басталған бұл апат, қазіргі таңда Қызыл теңізден өтіп, араб түбегі мен Иранға, онан Пәкістан, Үндістан елдеріне дейін жеткен. Кенияның шығыс бөлігіндегі кейбір шегіртке шоғырының ұзындығы 60 шақырымға, ені 40 шақырымдық аумаққа созылған. Ғалымдар осынау обыр жәндіктің жылдам көбейіп жатқандығына алаңдап отырғандығын алға тартуда. БҰҰ-ның Гуманитарлық көмек істері бөлімнің орынбасары хатшысы  Марк Лоукок мырза 10 ақпан күні шегіртке апаты туралы  шұғыл мәлімдеме жасады. «Құмды шөл шегірткесі бір түнде Угандаға кірген. Танзания мен Оңтүстік Судан елдері қауіптің астында тұр. Онсыз да кедейліктен еңсесін көтере алмай отырған бұл елдердің, осыану апатқа төтеп беруі екіталай. Біз шұғыл жағдайға көшуіміз керек. Бұл кедергілерді шешетін орайымыз да жоқ емес. Алайда жай қимылдап жатырмыз. Шегірткелер ойран салып жатқан бұл мемлекеттердегі апаттың салдарын жоюға қомақты қаржы керек. Мен бұл іске барлық елдерді және халықаралық ұйымдарды көмектесуге шақырамын. Бізде қаржы тапшылығы байқалып жатыр. Қазіргі таңда, БҰҰ-ның астық және ауылшаруашылығы ұйымы шегіртке апатымен күресуге 7 млрд 600 млн долларлық қаражат қажет екендігін айтып отыр. Өкінерлігі, БҰҰ-ның төтенше жағдайлар қорындағы қаражаттан қазірге дейін 20 млн доллар көлемінде ғана қаражат бөлінген. Қазірден бастап шұғыл шаралар қолданбасақ, алда шегірткелердің жыладм көбейетін мезігілі келе жатыр» – деді ол.

Кенияның БҰҰ-дағы өкілі Лазарус Амайо шегіртке апатының астық өндірісін айтарлықтай тұралатып кеткендігін айтқан. «Мұнымен қоса, жайылымдарды да отап кетті. Қазір Кенияның малшылары да қиналып отыр» дейді ол. Марк Лоукоктың айтуынша апаттың салдарынан аймақтағы 19 миллион адамның өміріне ашаршылық қаупі төніп тұр екен. Сумали мен Судан елдері 2017 жылы ашаршылық қаупіне тап болған еді. Бұдан кейін қатарынан екі жылға созылған қуаңшылық пен сел апаты да ауыл шаурашылығы саласын әбден тұралатып кетіпті. «Осындай табиғат апаттары шегірткенінң көбеюіне әкеліп соқты. Онан кейінгі нөсер мен Үнді мұхитынан келген құйын шегірткелердің алысқа кетуіне жағдай тудырды» деді Марк Лоукок.

Құмды шөл шегірткесі деп аталатын бұл жәндіктің ойрандау қуатының күштілігі 70 жылдан кейін қайталанып отырған шегіртке апаты Кения елінде жайылым мен егістік атаулыны өрт шалғандай отап кеткен. Сумали, Эфиопия, елдерінде шегіртке апаты 25 жылдан кейін алғаш рет қайталанған. Егістік пен жайылымдарыдң ойрандалғаны соншалық енді бұл елдерде аштықтың басталу қаупі төніп келе жатыр.

Азия құрлығы алаңдаулы

Рейтер агенттігінің хабарлауынша Үндістан елі шегіртке апатын ауыздықтап үлгерген екен. Рейтердің Жаңа Дели қаласындағы тілшісіне сұхбат берген үндістандық үкіметтің қажетті шараларды дер кезінде қолдануының арқасында шегіртке апатының бетін қайтарғандықтарын айтқан. «Шегіртке апатын ауыздықтап үлгірдік» дегенмен де кейбір тәуелсіз сарапшылар бұл апаттан Үндістанның астық өндірісінің 30-35-% ға дейін кеміп кететіндігін болжаған…

«Пәкістан шегіртке апатымен күресу үшін өздеріне қырғи қабақ болып отырған Үндістаннан қажетті инсектицидтер сатып алуды ойластырып жатыр»деп жазды Рейтер агенттігі. Коронавируспен күресіп жатқан Қытай елінен импорттаудың мүмкіндігі болмағандықтан Пәкістан амалсыздан осы қадамға баруды шешкен.

Пәкістанның азық-түлік қауіпсіздігі және зерттеу министрлігіне қарасты өсімдіктерді қорғау департаментінің директоры Фалак Наз доктор Рейтер агенттігіне берген сұхбатында «алдағы маусым айында шегіртке апаты тіпті де күшейуі мүмкін. Соған қарсы дайындықты ертерек бастауымыз керек» депті.

Шалғайда жатқан Африкадан басталып, көрші мемлекеттерге дейін жеткен алапат апаттың үрейлі хабары, онсызда естері шығып жатқан Қытай елін онан ары алаңдатып отыр. Ел ішіндегі коммерциялық бағыттағы БАҚ-беттерінде «400 млрд шегіртке Үндістан пен Пәкістан аумағын жайпап өтіп Қытай шекарасына қарай төніп келе жатыр» деген жазбалар қаптап кетті. Қытай Ғылым Академиясы Экология және жәндіктер мен зиянды жәндіктерді зерттеу орталығының академигі Каң Лы профессор бұл туралы кең көлемде баяндама жасаған. Бұл апатқа қарсы дайындық жұмыстарының ойдағыдай екендігін айтқан профессор шөл шегірткесінің «шекарадан кіре алмайтындығына» сенімді екен. Сонымен қатар Пәкістан мен Үндістандағы апатпен күреске көмектесе отырып, «шегірткелер армиясын» сол аймақтардан бері өткізбеудің дайындығына кіріскен.

Қазақстанға қандай әсері бар?

Шөл шегірткесінен төніп келе жатқан қатер елімізге қаншалық әскер етеді деген сұраулар төңірегінде біраз ізденіп көрдік. Қазіргі таңда апатпен күресіп жатқан Үндістан мен Пәкістан елдері бізден шалғайда жатқандықтан, қатердің ауылы алыста сияқты. Дегенмен Шыңжаңның оңтүстігіндегі Қашқар, Хотан аймақтары арқылы Қытай шекарасына кіретін болса, біртінде жатқан солтүстік Шыңжаң жеріне жетуі де ғажап емес деген күдік туындады. Солтүстік Шыңжаңға жетті деген сөз, Қазақстанның шығыс бөлігіне қатер төнді дегенмен бірдей нәрсе. Көңілге медеу болатыны Қытайдың қорғанысының бекемдігі ғана. «Шекарадан бері өткізбейміз» деген сөздері шындыққа айналса деп тілегеннен өзге алып-қосарымыз шамалы…. Апаттың айтып келмейтіндігін ойлағанда бейғам жүруге де болмас дейміз. Алайда, бидай өндірісі мен экспорт саласында әлемдік деңгейдегі ойыншы есептелетін қазақ еліне шетелдерге астықты молынан экспорттаудың орайы туып тұрған сияқты. Ол алдағы күннің еншісінде болмақ.

Ерқазы Сейтқали

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.