Еңбекшіқазақ ауданы Сөгеті ауылы Ораз Жандосов атындағы орта мектепте жазушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ұстаз Айзат Рақышпен кездесу кеші өтті. «Еркелеймін еліме» деп аталған кеш әдеби-драмалық сипатта өтті. Мектеп директоры Салманов Ысқақ Түзелбайұлы бұл кездесу кешінің өтуі автордың «Мұз үстіндегі қызғалдақ» атты кітабымен өзі танысқаннан кейін жоспарланғанын атап өтті. Патриоттық тәрбие беру, ұлтжанды тұлға қалыптастыру мақсатын көздеген кешке қазақ тілі пән мұғалімдері жұмыла атсалысты. Шәкірттер Айзат жазушының «Мейірімге шөлдегенде» әңгімесі мен «Балалықтың соңғы күзі», «Ақ арман алдамайды» хикаяттарының мазмұнын айта отырып, ол туындылардың өздеріне берер рухани салмағын таразылады.

Кештің бір айтулы сәті мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сарсембаева Алтын Семетайқызының сахналауымен назарға ұсынылған жазушының «Көк биенің киесі» әңгімесі және тағы бір көрініс-қаламгердің «Тегімді менің сұрама» әңгімесінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мақсұтова Майгүл Сматәліқызы сахналаған көрініс болды. Кеш соңында Айзат Рақыш бала оқырмандарының сұрақтарына толыққанды жауап беріп, сырласып үлгерді.

Жеңісбек Көкенов,
Алматы қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз