Құрсақ жазушы – әдебиет қасіреті

0
756

   Құрсақ ана ұғымын бәріміз білеміз. Оның қызметі мен қоғамға тигізер пайда-зияны хақында да білеріміз бар. Ал «құрсақ жазушы» жайлы не айта аламыз? Жауырды жаба тоқып, әдебиеттегі аса қауіпті бұл үдерісті жоққа шығара аламыз ба? Өзім «құрсақ жазушы» деп атаған бұл үрдістің келтірер кесапаты мен тартқызар тақсіреті төменде сөз болмақ.

Өзім анық көз жеткізгенге дейін бұл кесірдің барына аса мән бермейтінмін. Бүгінгі әдебиетті тұнық, шынайы бейнеде қабылдайтынмын. Бірақ мына бір оқиға кәдімгідей ойландырып тастады. Жұмыстан қайтып келе жатқанымда, белгісіз біреу қоңырау шадды. (Телефон нөмірімді әлдебір ортақ танысымнан алыпты.) Болашақта шығаратын кітабына корректорлық жасауымды өтінді. Бағасын да аямай айтты. Мен алдымен қолжазбаны   көргім келді. Ақыры поштама келіп түскен қолжазба «әдеби жинақ» деп атамақ түгілі, бастауыш сынып оқушыларының шимайлап жазатын шығармасынан да төмен бір сандырақ болып шықты. Емле, тыныс белгі қателерінен көз сүрінеді.  Ақыр соңында сол ағамыз айтқан бағаға келісіп, қатесін теріп бермекке бекіндім. Ертеңіне ағамыз маған қоңырау шалып, «жазылған дайын хикаят, әңгімелерің бар ма, болса сатшы», деді. Мына сөзді «жаңалыс естідім бе?» деп қайта сұрадым. Арсыз жаңғырық қайталанды. «Сатшы, әр бетін қанша теңгеге бағалайсың, еш жерде шықпаған қолжазбаң болса сат. Сенің нең кетеді, басқасын қайта жазып аласың!»-деп телефонда сампылдаған дауыс берекемді қашырды. Санамда пісіп, жүрегімді жарып шыққан өз баламдай аяулы туындыларымды әлдебір сылдырмақ тиынға оп-оңай теліп, жайма базарда жүргендей екіленгені намысымды келтірді. Содан соң қандай хабарламалар келді десеңізші?! Маған «жоғары бір атақты әперем» дейді. Дипломға көміп тастайтынын жазыпты. Бұрын келіскен бағадан екі есе қымбат төлейтінін де хабарламаға жазды. Әдебиеттің нарқын, көркем сөздің парқын қара бақырмен бағамдаған ағамыздың нөмірін бұғаттап тындым.

 

 

Дереу әлгі ортақ танысыма қоңырау соқтым. Анау пысықай ағамыз жайлы толығырақ білгім келді. Танысымнан білгенім – ол әдебиетке тиынның  тегеурінімен келмек болған пақырдың жалпы өнерге, қара сөзге еш қатысы жоқ екен. Тек алда тойланар алпыс жылдық мерейтойына орай кітап шығармақшы көрінеді. Алқымынан алпыс алғанда, ақылынан айрылып, жазушы жалдап, кітап шығармақ болғаны әумесердің қай сасқаны? Танысым даңғырлап мән-жайды тереңдете түсіндіріп қояр емес: «Сенің төлеп жүрген ипотекалық несиең бар екенін білемін ғой. Содан саған жаным ашып, қосымша ақша тапсын деген тілек қой менікі.» Тым үстірт ойлаған танысымның пайымына сүйенсек, несиесі бар жазушының бәрі жалдамалы қатарды көбейтер еді-ау. Құрсақ ана тоғыз ай көтерген сәбиін келісім бойынша өзгеге береді. Ал мен қаламгер ретінде өз шығармаларымды перзентімдей көріп, оларды ешбір байлыққа теңгермей, басқаның  қанжығасына бөктермей, өз бақшамда жайқалтуды жөн санаймын».

Жазушыны жалдамалы жұмысшыдай көретіндер қайдан шықты? Жалпы, олар кімдер? Қандай мақсаттағы жандар?

 

 

Біріншіден, олар өмір бойы белгілі бір қызметте жүріп, зейнетке шыққанда, кітап жазуды ермекке айналдырғандар. Онда да естелік, ғибрат жазса бір сәрі ғой. Көркем әдебиеттің кестесін түрлендірем деп тырысатындар қазіргі әдебиеттің бағасын құлдыратып жіберді. Осындай еріккендердің ермегіне айналған кітап шығару үрдісінің кең қанат жайғаны сонша, қазір жақсы қаламгердің жаңа кітабы шықса да, көпшілік «е-е-е, қазір кім кітап шығармайды?» деп селқос қабақ танытады. Екіншіден, мұндай зейнетке шығып, зеріккенде «әдебиет» деген ойыншық тапқандар «теңгесін берсем, тауды да қопара аламын» деп жаңсақ ойлайды. Олар тиынға жаздырып алған туындыларының жілігі татымсыз болатынын ескере бермейді.

Үшіншіден, өз бойында жоқ өнерді өзгеден сатып алғысы келетін мұндай әлін білмеген әлектердің басты мақсаты әдебиетке үлес қосу, руханиятқа қызмет ету емес, әр жерде бір кітабын шығарып, арзан атақты малдану.  Бірдің кесірінің мыңға тиетіні бар. Осындай кітап шығарғыштардың кінәсінен жақсы кітаптардың оқырманын таппай қалу қаупі туындайды.

Мәселенің екінші жағына үңіліп көрейік.

Жалдамалы жазушы болу қатері қандай жағдайда туады? Біріншіден, қазіргі қаламгер атаулыда кеңес кезіндегідей уыстап берілетін қаламақы жоқ. Там-тұмдап төленетін, сайт, порталдарда мүлде төленбейтін қаламақы мәселесі қазір ушығып-ақ тұр. Қалтасы таяз жазушы істеп жүрген қызметінен бөлек күнкөріс үшін тапсырысқа жазуы мүмкін.

Сана тұрмысты билемей, тұрмыс сананы билеген қысылтаяң шақта «тапсырысқа жазады екен» деп әлдекімге ренжудің өзі артық тәрізді.  Екіншіден, тапсырыспен жазылған дүниенің тұшымды болмайтыны белгілі. Оқылмайтын кітаптар, оқырманға ой тудырмайтын туындылар осындайдан шығады. Үшіншіден, қаламгердің қалтасы қалың, мәртебесі биік болса, тапсырыс жазуға уақыт өлтірмей, шындығында таңғажайып әдеби туындыны дүниеге әкелер еді.

Өзім «құрсақ жазушы» деп атаған бұл құбыжық құбылысты жан-жақты ашуға тырыстым. Әрине, ұлт әдебиетін жалдамалы жазушылар жасамайды. Олардың әдебиеттегі үлесі мыңнан біреу ғана болса да, нұқсан келтірер күші одан әлдеқайда мықты. Жалпы, бұл  үрдістің бар екендігін таразылап үлгерген қаламгерлер аталмыш тақырыпқа өздерінің туындыларын арнап та үлгеріпті. Атап айтқанда, ақын Ғалым Қалибекұлының «Күпірлік» өлеңінде осы тақырып ащы сыналады:

…Байлығы сыймаған соң қалтасына,

Ақын болды ақымақ, алқашың да,

Мыңмен жалғыз алысып өтіп едің,

У ішемін ұлтымның ортасында…

Ғалым ақынға «ұлтының ортасында у ішкізген» бұл қасиетсіз құбылыс  Нұрлыбек Саматұлының «Жалдамалы жазушы» деген әңгімеге қалам тартуына себепші болды.

 

 

Сөз соңында Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз жазушы, шындап келгенде, ешкімге қызмет етпейді», деген ғибрат сөзін түйін еткім келеді. Қазақ әдебиетінің қасиеті арта түсуі үшін киелі айдынға қонған әрбір қаламгер тек нағыз жазушы деңгейінен табылуы қажет. Қазақ жазушысы тек қана ұлтқа, қоғамға қызмет етуі шарт.

 

 Айзат Рақыш,

жазушы  

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.