Жұрт үшін білек түрмесек, АЗАМАТТЫҒЫМЫЗ ҚАЙДА?

0
149

Партияішілік бәйгеде кімнің аты озатынын уақыт бағамдар. Алайда Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары политехникалық колледжі директорының орынбасары болып қызмет атқаратын Балдырған Мұраханның ел үшін атқарамын деген еңбегі көңілден шығады, халықтың көсегесін көгертеді деген ой туғызады. Сөз бен істің үйлесімділігін сүйетін азаматпен сұхбаттың барысын ықшамдап, оқырманның да назарына ұсынғанды жөн көрдік.

         – Балдырған Мұраханұлы, алдымен өзіңіз жайында аз-кем әңгімелеп берсеңіз.

– Мен 1985 жылы Мойынқұм ауданында туып өстім. Қазіргі таңда Тараз қаласында тұрамын. Шалғай ауылда есейіп, ес білгендігімнен болар, қарапайым жандардың тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру салты маған бес саусағымдай таныс. Соңғы онжылдықта экономикалық, әлеуметтік ахуалды сезініп өстік. Сол жылдардағы уақытша тоқырау менің замандастарымды қиындыққа үйретті деп білемін. Сол тұста қалай еңбек еткенін көрдік, сезіндік. Енді міне өзіміз де елдің қамын күйттейтін жасқа келдік. Жұрт үшін білек түрмесек, азаматтығымыз қайда?

Мен 9 сыныпты тәмамдай сала облыс орталығына бағыт алдым. Жамбыл политехникалық колледжінде Құқықтану мамандығы бойынша білім алдым. Оқу орынын үздік бітіріп, 2007 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білімімді шыңдадым. Еңбек жолым 2004 жылы өзім оқыған Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде оқу-өндірістік шебері қызметімен басталған еді. Кейін құқық пәндерінің оқытушысы, әлеуметтік педагог болдым. Соңғы жеті жылда құқықтық тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарып жүрмін.

– «Жастармен жұмыс істеуде тәжірибе болды» деп айтып қалдыңыз. Демек, қазіргі таңда жұмысыңыз сол жастармен тікелей байланысты ғой деймін?

– Иә, бүгінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргіземін. Бұл орайда Тараз қаласы ювеналды полиция басқармасымен қойын-қолтық қызмет атқарамыз. Соңғы жылдары Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің кәмелетке толмағандарға арналған баптарын сақтау негізінде іргелі істерге жол салған жайымыз бар. Мәселен, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыспен күресу мақсатында қаладағы ойын-сауық орындарында және түнгі клубтарда рейд жүргізетін «Дабыл» тобын құрдық. Бұл маған полиция бөлімдерімен нәтижелі жұмыс атқаруға сеп болды.

Былтыр, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Тараз химиялық технология колледжінің қосылуы кезінде құқық бұзушылықтар көрсеткіші біршама өсе түсті. Іргелі, жоспарлы істеріміздің арқасында полиция бөлімдерінде есепте тұрған студенттер санының азаюына үлкен үлес қостым.

Бес жыл бұрын Жамбыл облыстық Құқықтық кеңес байқауының жеңімпазы атандым. Алда жоспар көп. Алаштың қайраткері Әлихан Бөкейханұлының «Тірі жүрсем, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» дегені бар. Міне, басты ұстанымым осы.

– Қазір бітірген жұмысыңа қарап қана, баға беретін уақыт емес пе? Басқада да атқарған істеріңіз бар ма?

– Әлбетте, төрт жылдан бері «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы “Руханият” бастауыш партия ұйымының төрағасымын.Мұнымен қоса, соңғы үш жылда Тараз қалалық мәслихаты депутатының көмекшісі болдым. Бірнеше мәрте депутаттық сауалдарға да атсалысып үлгердім. Тараз қаласы тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсартуға да тамшыдай болса да үлес қостым. Халық қалаулысының сайлаушыларының мүддесін қалай қорғау қажеттігін білемін десем де болады.

«Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Бақытты балалық шақ», «Stop қылмыс», «Сәтті қадам» сынды жобаларына да атсалысқанмын. 2012 жылы осы ұйымның республикалық «Jas Otan» жастар қанатының II сьезінің делегаты болып сайланғанмын.

Ал сайлауалды бағдарламама келсем, мен ананы бүйтемін, мынаны сөйтемін деп ауыз көпіртуден аулақпын. Жоғарыда айтқанымдай, сөз бен істің үйлескеніне не жетсін!

«Nur Otan» партиясының өңірімізді дамыту мақсатында айқындаған басымдықтарын мен сайлауалды бағдарламамда былай жүзеге асырамын.  Алдағы бес жылдың ішінде 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етуге жеке бизнесті тартып, қаржыландырудың ваучерлік тәсілін ата-аналардың қолдануына ықпал еткім келеді. Сонымен қатар кәсіби білім беру жүйесінің еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағытталуын зерделеуге үлес қоссам деймін. «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін орта мектептерде, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде оқыту арқылы кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік туғызу қажет.

Спорт, балалар үйірмелері қызметтерін жандандыру да уақыттың талабы. Бұл орайда, тұрғын үйлердің аулаларындағы ойын алаңшаларының санын жиілетіп, сапасына мән берген жөн. Білім беру мекемелерінде робототехника кабинеттерімен, бизнес-инкубатормен, коворкинг аймағымен жабдықталған жоғары технологиялық білім беру смарт-орталығын ашқым келеді. Ал бұған жету үшін студенттер арасында бос орындар жәрмеңкелері немесе алаңдардың баламаларын құрып, шетелдік және отандық компаниялармен бірлесіп, түрлі салаларда IT-шешімдерді әзірлеу бойынша өңірлік және республикалық идеялар конкурстарын өткізу керек.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалары бар отбасыларға әлеуметтік-құқықтық және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету жөніндегі орталықтар мен психологиялық қызметтер желісін дамыту мәселесі де қашанда маңызды.

Бұлардан бөлек, көше мен бұрылыстарды, мектепке кіре беріс жолдарды жарықтандыруды жедел қамтамасыз ету керек. Осы бағытта білім беру мекемелерін бейнекамералармен қамтып, турникеттер орнату да кезек күттірметін шаруа. Қаланың барлық мектептерінің аумағында модульдік полиция пункті тұруы тиіс.

18-ден 24 жасқа дейінгі жұмыс істеп жүрген жастардың жұмыс орындарының сақталуы шартымен кәсіптік оқыту көп мәселенің түйінін тарқатар еді. Әсіресе, жұмыссыздықтың алдын алатынына сенімдімін. Жастардың шығармашылық және іскерлік жағынан өзін-өзі жетілдіруіне жағдай жасау – менің сайлауалды бағдарламамның өзекті жолдарының бірі.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Бекнұр Сатыбалдиев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.