Қарияларға құрмет

0
359

1 қазан – халықаралық қарттар күні. Жылдағы дәстүрге сай Оралда бұл мереке кең көлемде атап өтіліп, бір айға жалғасатын қайырымдылық акциясы басталды.

Бұл күні жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі қарияларды қамқорлап жүрген Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығында «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.

Пандемияға байланысты санитарлық талапқа сай мекеме ғимаратының ауласында өткізілген шараға 15 шақты қария жиналды. Оларды атаулы мерекемен қала әкімі А.Шыныбековтің атынан құттықтаған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Ерлан Ғалиев аға буын өкілдерінің ел дамуына сіңірген еңбектері орасан зор екенін атап өтті. – Қариясын құрметтеу – кейінгі ұрпақтың басты міндеті. Сіздер өз уақыттарыңызда сан салада қызмет атқарып, бүгінде кемел жасқа жетіп отырсыздар. Жарқын болашақтың қалыптасуында сіздердің де қолтаңбаларыңыз бар. Сондықтан бұл мерекенің маңызы ерекше, – деді Ерлан Ерсайынұлы. Мерекелік құттықтауды жалғаған аталмыш орталықтың директоры Арман Дәулетов қарттарға үйден әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, оларды қоғаммен етене байланыстыруға барынша күш салатындарын жеткізді.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Жастар мәдениет үйінің әншілері Болат Өтешов, Гүлмира Қалымбетова, Әсел Қажымова, Омар Хибашев әуелете ән салып, ата-әжелердің көңілдерін көтерді.

Мерекеге жиналған үлкендер Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы жасақтаған кітап көрмесін тамашалады. Мереке иелері өздерін елеусіз қалдырмаған ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Қалалықзейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы ұжымы бір ай бойына «Мейірбандылық күндері» акциясы аясында өз қамқорлықтарындағы қарияларға арнап қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын болады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.