Аңырақай шайқасы – Тәуелсіздікке ұлы бетбұрыс

0
114

Биыл Аңырақай шайқасына 290 жыл. Кейінгі ұрпақ ел тәуелсіздігі үшін болған күрестегі мәні де, маңызы да орасан зор бұл тарихи 1729-1730 жыл аралығындағы қазақ‑жоңғар соғысының ішіндегі негізгі шайқас – «Аңырақай шайқасы». Шайқас атауына қатысты түрлі пікір мен жорамалдар айтылады: бірі алапат шайқастың бірінші жекпе-жегінде қаза тапқан қалмақ батырының атымен «Аңырақ өлген жер» деп аталынып кеткен десе, енді бірі жоңғар әскерінің қырылып, аңырап қалғанымен байланыстырады. Қалай болса да атаудың шығу тегі әлі де зерттеліп нақтылана жатар, бастысы тап осы шайқас қазақ халқының жаугершіліктің қиын‑қыстау кезеңіндегі ел тәуелсіздігі үшін күресте ірі бетбұрыс болғандығы. Ынтымақтың туын көтеріп, біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бұл жеңістің мәні зор, бағасы жоғары болды: ол – ынтымақ пен бірліктің өлшемі, сенім мен үміттің алауы, елдік пен ерліктің шежіресі болды.

Ордабасы жиынында (1726) бүкіл қазақ қолының бірігуі жауға қарсы шабуылға шығуға және жоңғар шапқыншылығына мүмкіндік туғызды. Енді саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары тізе қосып, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, қазақ жерін тұтастай иелену ниетіндегі жоңғарлармен ұрысқа әзірлене бастады. Қазақтардың әрекетін сезген әккі жау да қарап қалмады: Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрып, қамдана бастады. Аңырақай шайқасының тарихы осы тұста өз бастауын алды. Қапы қалуға болмайтынын, бірігіп соққы беріп, жаудың бетін қайтаратын кезең келгенін қазақ батырлары мен қолбасшылары да, билік басындағы хан‑сұлтандар да өте жақсы түсінді. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хан тауында, Сұңқар тауында жиналып, алдағы соғыс жайын кеңеседі. Бұл таулардың бауырында «Үлкен Орда қонған» деген жер атаулары күні бүгінге дейін сақталған екен.

Шайқас солтүстік Балқаш, оңтүстік Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы жерлерде өткен. Бұның дәлелі – осы өңірде кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары. Бұл қалың қорым КСРО Бас штабының 1942 жылғы құпия карталарында көрсетіліп, «маңызды нүкте» деп белгіленген екен.

Аңырақай шайқасында үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Бөгенбай жүзеге асырды. Қан майданда сан қилы соғыс тәсілін қолданып, ел азаттығы үшін күресте ерен ерліктерімен басым түсе бастаған қазақтар Итішпестің Алакөлі маңында ірі жеңіске қол жеткізді. Балқаштан оңтүстікке қарай 120 шақырым жердегі бұл көлді жергілікті ел бүгінгі күнде Сорқұдық деп атайды.

Аңырақай шайқасы – қазақ сарбаздарының соғысу әдісі мен әскери шеберлігінің шыңы, ел қорғау өнерінің, ерлік шежіресінің тарихы. Екі жақ та өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдалана білді. Бастапқыда екі жақ та аса сақ болды, аз шығынмен, өз дұшпанын көп қыруға тырысқан барлау соғысы ретінде әрекеттерін жүзеге асырып отырды. Ауыр шайқастар алда екенін де жақсы сезінді. Қалмақ жағының қару-жарағы басым. Мылтықпен бірге Ресейден келген әртүрлі қашықтыққа атқылайтын зеңбіректері де бар. Қазақтар жауынгерлік ұрыс өнерін меңгергенде мұны ескерді, зеңбірекке қарсы ұрыс тәсілдеріне машықтанды. Ат үстінде ұрыс салу шеберлігімен қатар аузынан от шашқан қаруға қарсы барудың айла‑тәсілдерін танытып, соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. «Ай қорланды», «Құйрық жеу», «Ашамай», т.б. қазақтың байырғы ұрыс-тәсілдерін кеңінен қолданды. Әр жүздің ардақты тұлғалары майдан шебін басқару барысында бірлесе кеңесіп, ақылдасып отырды. Мәселен, ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, бұл қолдың құрамындағы дулат тайпасының әр руының қолын: сиқым Қара батыр (Төле бидің күйеу баласы), жаныс Өтеген, ботбай Сәмен, шымыр Қойгелді, ошақтыларды Саңырық, ыстыны Төлек, шапыраштыны Қазыбек бек, албандарды Хангелді батырлар бастады. Орта жүз қолын қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, керей Жәнібек, қыпшақ Тілеулі, қаракерей Қабанбай, абақ керей Жауғашар (Шақантай), кіші жүз қолын тама Есет, шекті Тайлақ, т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Ел аузында аңызға айналған деректерді жинастырып, зерттеу барысында шайқастың ірі тұлғалары, шайқас өткен жерлер туралы мәліметтерді толықтыру жүзеге асырыла бастады.

Аңырақай шайқасы туралы «Батыр бабалар» мемориалды музейінде жыл бойы сан түрлі шараларды жүзеге асыру барысында негізгі дереккөз ретінде тарихи мәліметтер, ғылыми зерттеулерді негізге алып, сонымен қатар Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабына сүйендік.

Қазақ дәстүрінде әр істе ақылдасу, кеңесу алдыңғы орында тұрады. Әрбір соғыс алдында әскери кеңес шақырылып «ойластық» жасалатын. Осындай жиынға: сіргелі руынан Қара Тілек, қарақалпақтан Қылышбек пен Жәнгел, суаннан Бағай, ошақтыдан Саңырық, албаннан Хангелді, дулаттың жанысынан Сеңкібай мен Шойбек, шапыраштының асылынан Сатай мен Бөлек, Қазыбек бектің баласы Қасқары, Төлемісінен Наурызбай, Шыбылынан Мәмбет, Айқымынан Жапар және Қарасай батыр баласы Түрікпен ұрпақтары Қаумен, Дәулет, Жәпек, арғынның Алтай руынан Олжабай, Құдаменді, Естербек, шақшақтан Жаныкеш, қаракесектен Қарабек, Темеш және атақты Ағынтай батырдың немересі Тұра (Нұра болуы да мүмкін), атығайдан Ағындық, тарақтыдан Тоғай, қарауылдан Қасым мен Қалабек батырлар қатысқаны туралы деректер бар.

Қазақ жасақтарын басқарған Бөгенбай батырдың: «Иншалла, Қазкен, егер осы жолы жеңгендей болсақ, бұл – қалмақтың құруының басы болады» дегені де бізге жетіп отыр.

Осы кеңесте жекпе-жекке кім шығатыны шешілгені айтылады: шапырашты Сатай баласы Бөлек батыр, екінші жекпе-жекке Алтай Олжабай батыр шығатын болады. Қазыбек бек өз кітабында таңдаудың неліктен Бөлекке түскендігін айтады және жекпе‑жектің өтілуін тамаша сипаттап жазады. «Бөлек атүстін меңгерген, шабандоз» дей келе, «Оның тақымынан ең үлкен қара күш иесі Наурызбай көкпарды тартып ала алмайтын. Садақты да екі қолымен бірдей тартатын. Бір кісідей күші де болатын. Әсіресе оның өндіршектен ұрған найзасы жаза баспайтын» деп, оның әскери өнерге шебер жауынгер екенін атап көрсетеді. Сол Бөлек ерекше өнерімен, сақ етерін шебер қолданып, Аңырақпен жекпе‑жекте жеңіске жетіп, қазақ әскерін рухтандырады. Түстен кейін жекпе-жек кезегі келген Олжабай батыр Жадамбаны жеңіп, ерліктің ұранын еселейді. Ол өз жекпе‑жегінде найза, қылыш және босмойын шоқпарды қолданған екен. Бұл жекпе‑жектер қазақ халқының ұлы жеңістерінің бастауы еді. Онан кейін жекпе-жектер жалғасын тапқаны, он бір күнге созылғаны, жиырма тоғыз қалмақ өлгені айтылады.  екен. Ауыр да сұрапыл шайқас тағдырын шешкен айқастар. Аңырақай шайқасында қазақ жасақтары сол уақыттағы соғыстың барлық озық тәсілдерін пайдаланған.

Осы шайқаста атақты Абылай алғаш рет ерлігімен көзге түскен. Далатаудағы шайқаста Дулат-Сиқым қолын бастаған Ырысбек батыр, Дулат – Ботпай қолын бастаған Сәмен батыр, Дулат – Шымыр қолын бастаған Сарттың ұлы Қойгелді батыр, оның інісі Ақша да ерекше ерлік көрсеткен. Қазыбек бектің айтуы бойынша, Шапырашты – Айқым – Қайдауыл Жапар батыр мен Арғын – Алтай Олжабай батырдың сарбаздары да ерекше көзге түсіп, қалмақтарды көп шығынға ұшыратқан.

Қазақтар жағы «Үштоғыс» соғысы біткен соң «екі аша» ұрысын салған. Өйткені қалмақтар Батыр қонтайшы тұқымы бір жақ, Шамал хан мен Қаскөлең бір жақ болып екіге бөлінгенін жоғарыда айттық. Терістікке беттеген қалмақ қолының соңынан Бөгенбай сардардың қолы, шығысқа қарай ойысқан қалмақтар соңынан Қазыбек бектің жасағы түседі.

Қазыбек бек: «Бірігудің, иттифак арқасында біз қалмақтың легінін он мыңдайын осы Далатауда қырдық. Енді жүре соғыс салатын халге келдік. Далатаудағы, «Аңырақай өлген жер» деп жүріп, Аңырақай атанып кеткен адырдағы бір жарым айлық кескілескен ұрыс біздің қалмақты – ойратты, хошоутты, торғауытты, дүрбітті – дүниенің бетінен түп орнымен құртып жіберуіміздің басы болды» деп жазған өз кітабында.

Аңырақай шайқасы – қазақ батырларының бірігуі, ынтымақтаса отырып, ел қорғау, әскери істі сауатты да шебер жүргізуі, тәуелсіздік үшін күрестің тұғырын бекітуі. Осы тұрғыда «Батыр бабалар» мемориалды музейінде шайқасқа қатысқан тұлғалар мен олардың қолданған қару‑жарақтары туралы түсірілімдер топтамасы жинақталып, жорық жағдайындағы емшілік туралы да зерттеулер жүргізілуде. Иә, тәуелсіздік – қастерлі ұғым, ата‑баба аманаты, елдік шежіресі. Тарих тынысын сезініп, елдік шежіресінің ұрпақтар жадында сақталуына үлес қосу – әр ұлт азаматының міндеті мен борышы.

 

Айсұлу Қасымбек,

Алматы облыстық «Батыр бабалар»

мемориалды музейінің ғылыми қызметкері,

Әлеуметтік ғылымдар магистрі

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.