Мемлекет басшысы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламенттің жоғарғы Палатасының заң шығарушылық қызметі туралы, Сенаттың қарауында жатқан заң жобалары жөнінде мәлімет берілді. Олардың ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен енгізілген жер қатынастарын реттейтін түзетулер ерекше орын алады. Спикер: «Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы осы айдың аяғына дейін Сенаттың отырысына енгізіледі, содан кейін құжат Президентке қол қоюға жіберіледі. Ал сайлау заңнамасына енгізілетін өзгерістерге келсек, сенаторлар аталған заң жобасының Мәжіліс қарауынан өтуін күтіп отыр. Сенат бұл мәселені мамыр айының бірінші онкүндігінде қарап, тиісті заң жобасын қабылдауды жоспарлаған. Парламент жыл басынан бері Еуразиялық экономикалық одақ аясында қол қойылған 8 халықаралық шартты ратификациялады. Қазіргі уақытта Армения мен Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуына байланысты кейбір мәселелерді айқындайтын келісімдерді ратификациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сенатта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс тобы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылды. Заңнамаға енгізілетін тиісті өзгерістер мен толықтырулар биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп әзірленеді»,— деді. Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Мемлекет басшысына сенаторлардың қатысуымен өтетін алдағы бірқатар халықаралық іс-шаралар жөнінде мәлімет берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз