Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Орал қаласында мониторингтік топтардың жұмысы бәсеңсіген емес. Бұл туралы БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде қаладағы мониторинг тобының жетекшісі Аслан Жармұханов баяндады.

– Ел аумағында төтенше жағдай енгізілгеннен бастап Орал қалалық әкімдігі халық арасында коронавирустық инфекцияның кеңінен таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шараларды қолға алды. Соның бірі – қала тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілерінің карантиндік шараларды сақтауына мониторинг жүргізу. Бекітілген округтер бойынша мониторинг жұмысын жүзеге асыру үшін қала әкімдігі бөлімдерінің, кенттер мен ауылдық округтердің қызметкерлерінің тізімі қала әкімінің өкімімен бекітілді. 2020 жылдың наурыз және сәуір айларында облыс орталығында мониторингтік топтар қызметкерлерінің жұмысы күшейтілген режимде жүргізіліп, төтенше жағдай режимін қатаң сақтау туралы түсіндіру іс-шаралары жүргізілді, – деген Аслан Дастанұлы мониторинг барысында жасалған жұмыстармен таныстырды. Топ мүшелері шаһардағы сауда үйлерін, ойын-сауда орталықтарын, базарлар мен дүкендерді, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету орындарын және басқа да адамдар көптеп шоғырланатын жерлерді қамтып, төтенше жағдай талаптарының сақталуын қадағалаған. Нәтижесінде олар бірқатар тәртіпке бағынбау фактілерін анықтаған. Айталық, өткен жылдың мамыр-сәуір айлары аралығында осындай 535 факті анықталып, ҚР Әкімшілік Кодексінің 3-тармағының 462-бабының негізінде Орал қаласының әкімшілік соты 158 жеке және заңды тұлғаға қамауға алу түрінде санкциялар қолданса, 3 239 637 теңге сомасына хаттамалар толтырылған.
2020 жылғы 13 мамырда төтенше жағдай режимі жойылғаннан кейін де мониторингтік топтың жұмысы бәсеңсіген жоқ. Керісінше, Қазақстан Республикасының, Батыс Қазақстан облысының және Орал қаласының бас санитарлық дәрігерлерінің Қаулыларына сәйкес шектеу шараларына байланысты күшейтілген жұмыс тәртібі жалғасты.
Топ жетекшісі тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілері арасында шектеу шараларын қатаң сақтау туралы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілгенімен оларға бағынбау оқиғалары жиі кездескенін жасырмады. 2020 жылғы мамыр-желтоқсан айларында ҚР Әкімшілік Кодексінің 425-бабының 1-тармағы негізінде жеке және заңды тұлғалардың тәртіп бұзуына байланысты 1925 факті анықталған.
– Көпшілік жиналатын іс-шаралар өткізу шектеу шаралары кезеңінде отбасылық ойын-сауық кештері мен корпоративтер ұйымдастыру толастамады. Шектеу шараларын қасақана бұзу фактілері орын алды. Шектеу шараларын жүйелі түрде бұзған алты нысанның қызметі ҚР Әкімшілік Кодексінің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен үш айға тоқтатылды. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап мониторингтік топтар шектеу шараларының 164 бұзушылығын анықтап, барлық материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты мекемеге жолданды, – деді А.Жармұханов.
Жұмыс күшейтіліп, талапқа бағынбағандар жазаланғанымен, карантиндік шектеу шараларын бұзу фактілері әлі де тыйылмаған. Жыл басынан бері қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жалпы сомасы 5 658 980 теңгені құрайтын 96 хаттама жасақтаған. Сондай-ақ шектеу шараларын жүйелі бұзған алты нысанның жұмысына екі айға тыйым салынған.
Аслан Дастанұлының айтуынша, мониторингтік топтардың құрамы қайта қаралып, облыстық ішкі саясат, мәдениет, спорт және дене шынықтыру басқармаларының ведомстволық бағынысты ұйымдарының 57 қызметкері енгізілген. Кәсіпкерлік субъектілеріне мониторинг жүргізу кезінде заңға қайшы және құқыққа қарсы әрекеттерді болдырмау мақсатында қала әкімінің өкімімен Орал қаласы мониторингтік топтарының іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Шектеу шараларының бұзылуы туралы азаматтардан түскен шағымдарды тіркеуге арналған журнал жасақталған.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз