Өңірімізге һәм елімізге танымал ақын Ғайса-Ғали Сейтақтың осы бір өлең жолдарын ақжайықтық ағайынға таныстырып жатудың өзі артық. Бүгінгі ұрпақ Нұралы ханның қырық ұлының бірі әрі бірегейі Бөкей ханның есімін қаншалықты біледі және құрметтейді?!

Қазақ тарихына есімін алтын әріптермен қашап кеткен Бөкейдей белгілі тұлғадан гөрі оның ұлы Жәңгір тәуелсіздік жылдарында кеңірек дәріптеліп, әкесінің алдына «түсіп кеткен» жоқ па?! Сондай ыждағаттылықпен Жәңгірге университет, мектеп, көше, кітап дүкені, сауда үйлерінің атын беріп, кітаптар жазып, ескерткіш орнатып үлгергеніміз ешкімге жасырын емес.Тарихи әділдік тұрғысынан келсек, халықтың өзі: «Хан Бөкейдің кезінде, Шекер шайнап, бал іштік, Хан Жәңгірдің кезінде, Уыстап қара қан іштік» деп айтып кеткенін әсте ұмытпауымыз керек. Халықтан құдіретті ешкім жоқ. Бұған қазақтың: «Құдайдың жүз атының бірі – халық» дегенін қосыңыз. Жанұзақ жыраудың: «Байларға құба жайлатқан, Жарлыға мыңдап жылқы айдатқан, Алтынды тақтың үстінде, Рақыметті Бөкей хан өткен» деп жырлауы да кездейсоқ емес-ті. Орыс деректері де осы ойды қуаттап, «Бөкейдің ақылды, тәжірибелі хан болғанын» тиянақтай түссе, ғұлама ғалым Х.Досмұхаммедұлы өз ойын «Бөкейдің заманында қоныстың таршылығы сезілмеді, қазақтардың пайдаланған жері көп болды» деп қорытады. Өз ойымызды Ә.Кекілбаевтың Сырым батырға қарата айтқан сөзімен тұжырсақ, «Бөкей хан да тарихтың абақтысында ұзағырақ отырып қалған тұлғалардың» тізімінде тұр. Бөкей сұлтан – «бір оқ шығармай-ақ» ұлы атасы Әбілқайыр ханның асыл арманын жүзеге асырған дарынды дипломат.

Ойымызды аша түсу үшін тарихымызға сәл шегініс жасағанымыз дұрыс. Патша үкіметі Әбілқайыр ханның әйгілі хаты жазылмастан бірнеше жыл бұрын, Ертіс пен Жайық өзендерінің бойына әскери бекіністерін тізбектете салып, қазақ даласын қос бүйірден сақиналап қоршай бастады. Солардың Жайық өзені бойындағы ірілері Үйшік (Гурьев) пен Жайық (Орал) қалашығы еді. Бір сөзбен айтқанда, Ресей Қазақ даласына бодандықсыз-ақ басып кірді. Деректерге сенсек, Әбілқайыр хан 1718, 1720 жылдары 20 мың әскермен келіп Жайық қалашығын ала алмай кеткен. Орынбор генерал-губернаторлығына отаршылдықтың көрнекті теоретиктерінің бірі И.И.Неплюев келгеннен кейін жағдай тіпті шиеленісе түсті. Патша үкіметі Жайық өзеніне қазақтарды өткізбеу туралы жарлыққа қол қойды. Жайықтың тайдай тулаған қызыл балығы мен қара уылдырығы казак-орыстардың көзқұртына айналды. Олар қазақтарды өзенге жақындатпау үшін жыл сайын Жайық алабына жаппай өрт қоятын «дертке» ұшырады. Бұған шыдамаған Әбілқайырдай намысқой хан қарап отырмай, Ресейдің шеткі аудандарын аяусыз шауып, 1182 орыс тұтқынын қолға түсірді. Әбден зығырданы қайнаған ол орыс ұлықтарына жазған хатында: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақырзаман келгенше, қазақ халқы бұл жерден ешқашан айырылмайды» деп, қаһарына мінді. Осындайда Мұрат Мөңкеұлының: «Еділді біздің алғаны, Етекке қолды салғаны, Жайықты біздің алғаны, Жағаға қолды салғаны…»  деп зар қаққаны еске түседі. Кеңпейіл қазақтың бағына орай Тәңір тілеуін беріп «Жанды су – Жайық» өзіне осылай қайта оралған-ды. Бұл – кімнің еңбегі? Сөз жоқ, Бөкей сұлтанның. Ол ұлан-ғайыр жерді сұңғыла саясаткерлігі мен көреген дипломатиялық шеберлігінің арқасында ерекше ептілікпен қайтарып алды. Құдайдың қазаққа қарасқаны сол, І Павел патша 11 наурызда осы жарлыққа қол қойып үлгеріп, 12 наурыздың түнінде сарай төңкерісінің құрбаны болып, бақиға аттанып кете барды. Әлем жұртшылығы бүгінде Қазақстанды еуразиялық ел деп таныса, республикамыздың еуропалық бөлігі тек Бөкейдің арқасында ғана қазаққа қайта оралғанын мүлде ұмытпаған жөн. Кейбір әріптестеріміз қазіргі Бөкей ордасы ауданы со кісінің есімін иеленді, соның өзі бұ тұлғаның «тақиясына тар келмейді» деген ұстанымда. Шын мәнінде, Бөкей хандай қиядағыны көріп, алысты болжайтын дала дипломатының ұрпақ алдындағы орасан зор еңбегін бір аудан көлемімен шектеп қою тарихи әділеттілікке жата ма?! Өкінішке орай біздің көп замандастарымыз кезіндегі Бөкей ордасының жер аумағына қазіргі сол ауданның көлеміне қоса Жәнібек, Жаңақала, Қазталов аудандары, қала берді Атырау, Астрахань (Қажы-Тархан), Волгоград (Еділ), Саратовтың (Сарытау) біраз жері, яки, Еділ-Жайықтың аралығындағы байтақ қоныс енгенін біле бермейді. Әйгілі ханның асыл сүйегінің Астрахань жерінде мәңгілік тыныс табуы – осының дәлелі. Бертін келе әртүрлі әкімшілік-территориялық бөліністер кезінде хандықтың жері тарам-тарам боп шашырап кеткен-ді. Ол жердің құнары мен шұрайы, мал-жанға таптырмас жайлы әм құтты қоныс екені бөлек әңгіме. Махамбетше айтсақ, «Құм-Нарында – жанға жайдың бәрі бар». Әлі күнге дейін БҚО-дағы барлық мал санының жартысы сол аудандарға, яғни, бұрынғы Бөкейлікке тиесілі екені аталған жағрафиялық аумақтың өмір сүруге қаншалықты қолайлы екенін айғақтайды. Демек әлі күнге дейін Жайықтың оң жақ беті – облыс ауыл шаруашылығының локомотиві.

Соңғы жылдары қаламыздың БҚАТУ орналасқан бөлігінде Жәңгір ханға байланысты бірсыпыра ономастикалық тірліктер (университетке, көшеге, сауда үйіне ханның аты беріліп, ескерткіш тұрғызылды) жедел жүзеге асырылғанына ілкіде тоқталдық. Со жақтан Орал қаласына қарай жүрген жолдағы «Хан тоғайында» әкелі-балалы Бөкей мен Жәңгірдің инаугурациясы кезінде сән-салтанатпен өткенін тарихтан жақсы білеміз. Бүгінде «Хан тоғайына» заманауи үлгіде тарихи-сәулеттік ескерткіш орнату – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Одан бері қарай жүргенде қос тарлан Исатай-Махамбеттің ескерткіші асқақтап аспанмен таласып тұр. Соның іргесіндегі бұрынғы «Чагано-набережная» көшесіне Исатай-Махамбеттің аты берілгенін оралдықтар жақсы біледі. Сәл төменге жылжысақ, Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ өзінің ерекше архитектуралық келбетімен көрікті. Сол университеттің алдындағы «күй атасы» Құрманғазы мен «күй анасы» Динаның тарихын Бөкейліктен кім бөліп қарастыра алады екен?! Мұның бәрін «шұбыртып» айтып отыруымның сыры – шаһарымыздың осы бөлігіндегі бір-біріне алтын шынжырдай жалғасып жатқан Бөкейлік тұлғалар галереясы тұтас бір ансамбльді көз алдыңа әкеледі. Аспан астында «ән салып» тұрған осынау ғажайып оркестрге бір дирижер жетпей тұрғандай көрінеді. Ол – Бөкей!!!

Ұрпақ алдында осындай орасан зор еңбегі бар тұлғаға «Зачаганск» кентінің атын бергеннің қандай «айыбы» бар?! Қазақ хандарына құрмет – қазақ мемлекеттілігіне құрмет! Бұған бүгінгі ел билігінің әлеуметтік-экономикалық жағынан ес жиғаннан кейін Түркістандай қасиетті мекенде жатқан ұлы хандарымызға назар аударып, оларды дәріптеуге білек сыбана кіріскенін қосыңыз. Қысқасы, өңірлік ономастикадан өлке тарихының иісі бұрқырап шығып тұруы тиіс. Біздіңше, Бөкей хан болашақта БҚО-ның бренді болып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі жаңа кезеңнің – жаңа парақтарының басы болуы керек. Өлке һәм қазақ тарихының төріне жайғасқан осынау ірі тұлғаға ескерткіш орнату, халықаралық конференциялар ұйымдастыру, архивтердегі құжаттарды жинақтау, монографиялар шығару, деректі фильмдер, бейнероликтер түсіру, әдеби шығармалар жазу, т.с.с. жұмыстар жүйелі қолға алынса. Бұл – ұлттық тарихи сананы жаңғырту бағытындағы кезек күттірмейтін міндеттердің бірі.

P.S Бөкей ханның қазақ халқының алдындағы тарихи миссиясын терең түсіну үшін, тарихтың тар тұстарында бабаларымыздың Ұлы Даланың үштен бірінен айрылып қалғанын еске түсірсек те жеткілікті. Еділ (Волга), Қажы-Тархан (Астрахань), Сарытау (Саратов), Селебе (Челябинск), Қорған (Курган), Орынбор (Оренбург), Төмен (Тюмень), Барнауыл (Барнаул), Үстіқұт (Усть-Кут), Ащылы (Ачинск), Байкөл (Байкал), Енесай (Енисей), Аңғар (Ангара),т.б. деп аталатын ондаған-жүздеген елді мекендер мен жер-су атауларының күні бүгінге дейін таза түркілік-қазақтық мән-мағынада айтылуы көп жайды аңғартатыны айғақ.

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ

Орал қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз