Түлкібас ауданында еңбекке қабілетті тұрғындарды жұмыспен қамту және өз кәсібін таба алмай жүрген жандарға арналған дәстүрлі бос жұмыс орындары мен лауазымды қызметтер жәрмеңкесі болып өтті.
Сандарды сөйлетер болсақ, бос жұмыс орындарына арналған осы жәрмеңкеде аудандағы 59 мекеме өздеріне қажетті 179 бос жұмыс орындарын, олар туралы мағлұматтар ұсынып, қойылатын талаптарды түсіндірді. Жәрмеңкеде, әсіресе, білім саласы бойынша, дәлірек айтқанда, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын, математика пәнінің мұғалімі және дәнекерлеуші, жүргізуші, электрик секілді мамандықтарға деген сұраныс көп болды. Бұл жергілікті тұрғындарға да қай мамандыққа көбірек көңіл бөлу керектігі жөнінде де ой салмай қойған жоқ.
Және бір айта кетер маңызды жайт, Түлкібас ауданында жыл басынан бері 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, 1044 адам жұмысқа орналасқан екен. Бұл, әрине, жоғары көрсеткіш болса керек.
Ш. Молдабек, Оңтүстік Қазақстан облысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз