Билік тармақтарының бастама көтеруі тым әлсіз. Бұл туралы 6-шы шақырылған ҚР Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында сөз  сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтты. «Бүгін Парламент жаңа жағдайда өз жұмысын бастайды. Оның палаталары мен Үкіметке қосымша өкілеттілік, демек жауапкершілік жүктеліп отыр. Ашығын айтайын, билік тармақтарынан бастамалар өте әлсіз көтеріледі. Мүмкін менің де кінәм бар шығар. Міндетті түрде айту керек. Өткен жолы Үкіметті ауыстырған кезде де айтып едік. Қазір де сол жағдай орын алуда. Мұнан ары осындай жағдайға жол бермеу керек.  Барлығы да Конституция, Заң бойынша жазылған. Әрбір министр өз учаскесіне жауап береді және жауапкершілік арқалайды», — деді Президент қатаң дауыспен.

Елбасының сөз саптауынан тағы бір аңғарғанымыз, Үкімет еліміздің экономикалық саясатына және белгіленген барлық бағдарламалардың жүзеге асырылуына толықтай жауап береді. Ал Парламент заң шығарушы әрі бақылаушы билік ретінде өз өкілеттігін жүзеге асырады. «Қазір негізгі жүктеме атқарушы билікке түсіп отыр. Практикалық міндеттер атқарушы билікке жүктелген. Ел Үкіметі негізінен заң жобалау жұмысының жылдық жоспары аясында заң жобаларының әзірлеуші болып қалуда», — деген Елбасы, Парламент депутаттары заңнамалық бастамаларды жиі көтере бастағандығын айтып, оны позитивті құбылыс деп бағалады. «Бұл ретте шағын ведомстволық немесе өңірлік ғана емес, жалпы мемлекеттік мүддені әр уақытта ескерген жөн. Біз мұны бақылап отырмыз. Әрбір депутаттың өз сайланған өңірге ұнағысы келетіндігі түсінікті де. Бұл әлемнің барлық парламенттерінде бар. Бірақ Конституция мен «Парламент туралы» Заңға сәйкес, барлығымыз да халыққа жұмыс істейміз деп айқындадық. Сонда барлық өңірге жақсы болады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сессия барысында қабылданатын заңдарды халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі де айтылды. «Соңғы уақытта заң шығармашылық процесі барынша ашық бола түсті. Парламенттік тыңдаулар өткізіледі, заң жобаларын қарауға сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары тартылады. Дегенмен, азаматтар барлық уақытта да ақпаратқа қанып отырған жоқ. Заңнан туындайтын өздерінің құқықтары мен міндеттерін білмейді» деген Елбасы қабылданатын заңдар алдымен қоғаммен, халықпен бірге талқыланып, түсіндірілмейтіндігін баса айтты. «Сондықтан депутаттар да, Үкімет мүшелері мен облыс әкімдері де түсіндіру жұмыстарына айрықша назар аударуы тиіс. Қазақстандықтардың барлық заңнамалық жаңашылдықтардан және біздің шешімдерімізден хабардар болуға толық құқығы бар», — деді ел Президенті. Осы орайда Қазақстан Президенті Кеңес заманында КСРО Жоғарғы кеңесінің қаулыларын қарапайым адамдарға жеткізу үшін тіпті трамвайларға да іліп қоятындығын еске салды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз