Жуырда Алматы қаласы, Алатау ауданында орналасқан №180 ЖББМ білім ордасына белгілі қоғам қайраткері, ғалым, тіл жанашыры Асылы Осман апай оқушылармен кездесуге қонаққа келді. Кеш барысында сахнада М. Жұмабаев, Ж.Молдағалиев, М.Шаханов сынды белгілі ақын-жазушылардың өлеңдерін оқушылар жатқа оқығанда, тебіреніспен тыңдап отырды. Оқушылар тарапынан қойылған төмендегідей сұрақтарға да бар ынтасымен жауап беруге тырысты.
— Асылы Әлиқызы, мектебімізге қош келдіңіз! Сіз секілді тіл жанашыры болып жетілу үшін қандай қасиеттерді бағалауымыз керек деп ойлайсыз?
— Ең, алдымен, осындай әсем ғимаратқа, осындай өнерлі, талапты шәкірттерге толы білім ордасына, ұстаздар қауымына басымды иіп сәлем бергім келеді. Әрбір адам баласы өмірге келгенде оның алғаш рет шыққан ана тілі болады. Сол тілде сөйлеу, онымен мақтану-әрбір азаматқа міндетті саналу керек. Қазіргі сәтте, сіздердің міндеттеріңіз- қазақ тілін сауатты, еркін меңгеріп, оны қоғамдық салаларда пайдалануды үйрену. Өзіміз қадірлемесек, біздің тілімізді ешкім құрметтеп, қастерлемейді деп ойлаймын. Сондықтан да, сіздердің бойларыңызда намыс, махаббат, жанашырлық деген қасиеттерді дамыту керек!
— Асылы апай, Елбасының «Рухани жаңғыру» Жолдауындағы ұлттық код терминін қалай түсіндіресіз?
— Елбасының осы Жолдауын түгелдей оқып шықтым. Маған ұнағаны- қазақтың бойындағы ұлттық намысты оятуда ұлттық құндылықтарды ұмытпауымыз керек деген сөздері. Өз тіліміз, әдеби мұрамыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз барда басқа ұлтқа еліктеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ұлттық код дегеніміз-ол біздің тарихымыз, дәстүріміз, тіліміз, дініміз және мәдениетіміз деп есептеймін.
— Асылы Әлиқызы, өміріңізде сіз кезіктірген ғажап адам кім?
— Менің өмірімде кездестірген ғажап адам-қазақ ұлты дер едім. Өйткені менің туып өскен жерімде тек ғажайып адамдар болатын. Мен қазақтың жасандылықсыз тұлғасына, бай тілімен бай тарихына тәнтімін.
— Асылы апай, жақында Парламентте латын әліпбиінің нұсқасы ұсынылды. Осы әліпби туралы ойыңызды айтсаңыз?
— Жалпы, латын қарпі негізінде жасалған қазақ әліпбиі деп түсіндіру керек еді басында. Өйткені кейбір адамдар латын тіліне көшіп жатырмыз даурығып жатыр. Шындығына келгенде, біз латын тіліне көшпейміз, латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиіне ауысамыз. Өзім қолдаймын. Әуелде көрші мемлекеттер 90-жылдардың басында өтіп жатқанда, біздің өтіп кеткеніміз де дұрыс еді-ау деген ойлар болатын. Әлі де кеш емес. Сіздер де бірден үйреніп аласыздар деген сенімім мол. Елбасы айтқандай, Парламентте ұсынылған бұл әліпби соңғы нұсқасы емес. Халықпен, ғалымдардың келісімімен жасалатын ортақ дүние екені даусыз.
— Атақты батыр Б.Момышұлының: «Мен үш нәрседен қорқамын, бірінші-баласына бесік жырын айтпаған анадан, немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшіншісі -бірі-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан қорқамын» деген өткір ойы бар. Сіз неден қорқасыз?
— Мен жалпы, ана тілінде сөйлемейтін барлық адамнан қорқамын. Өз тілінде сөйлемеген адамды адамзат қатарына қосқым келмейді.
Осындай сауалдар төңірегінде ұтымды, өткір жауаптарымен Асылы Әлиқызы барша оқушыларды таң қалдырып жатты. Кештің соңында мектеп директоры Қыздығой Байшығарқызы Асылы Осман апайдың біздің білім ордасына ат басын бұрып, ғибратқа толы ой-пікірлерін ортаға салғаны үшін алғысын білдірді. Еліміздің болашағы саналатын саналы ұрпақ мектептен тәрбие алып шығады. Асылы Осман сияқты тіл жанашыры, мемлекет қайраткерімен жүздесуі мен ақыл-ойлары санасында сақталып, ешқашан ұмытылмайды деген сенімдемін.
Мырзахметова Майра
№180 ЖББМ қазақ тілі және
әдебиет пәні мұғалімі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз