Мәжілістің пленарлық отырысында құқық қорғау органдары саласы қызметкерлерінің санасына сіңіп қалған жағымсыз әдеттер туралы айтқан Қазақстанның бас прокуроры Жақып Асанов: «Экономикаға қатысты күрделі бір мәселе – құқық қорғау органдарында ескі бір аурудың барлығы, ол — өзімізді қылмыстық істің қожайыны деп санайтынымыз. Қылмысқа тартылып жатқан адамның тағдыры менің қолымда деп кеудемізді ұратынмыз. Ол Кеңес Одағынан келе жатқан көзқарас, қанымызға сіңген әдет, қалыптасқан менталитет. Мен оны мойындаймын. Өйткені мен 86 жылдан бері құқық қорғау органдарында жұмыс істеймін. Осы ауруды қалай емдеу керек? Біз соны көп қарадық. Шетелге бардық. Бірақ оның шешімін Елбасы өзінің Жолдауында айтты, тапсырма берді. Ол – қылмыстық процесті цифрлық форматқа ауыстыру. Мәселен, Сауд Арабиясында, Түркияда, Грузияда, Литвада болдық. Осы мемлекеттер өздерінің қылмыстық процесін 10-15 жыл бұрын цифрлық форматқа ауыстырған. Оларда да осындай проблема болған. Олардың қызметкерлерінде де осындай әдет болған. Жеке өзім Сауд Арабиясының бас прокурорының қабылдауында болып, соны өз көзіммен көрдім. Сондықтан, біз де басқа елдер сияқты қылмыстық істі цифрлауымыз қажет. Мұның маңызы мынада, яғни сол арқылы біз әріптестерімізді қателіктен сақтап, түрмеден қорғаймыз. Өкінішке қарай, істі болып жатқан әріптестеріміз өте көп. Мәселен, бір жылда ұсталған прокурорлардың көптігі сонша, біз 15 жылда мұнша прокурорды ұстаған емеспіз. Бізге бұл оңай емес. Бірақ солай істеуге тиіспіз. Бас прокуратураға арыз жазса, біз істі аймақтан сұраймыз. Ол бізге жетуі үшін екі апта керек. Сосын тергеуші де барлық құжатты жібермейді. Өзінің кемшіліктерін жасыру үшін ол кей құжаттарды алып қалады. Сосын мен оған сене алмайтынымды, кей фактілер мен дәлелдер оның сейфінде қалғанын айтам. Цифрлы формат ең әуелі қылмыстық істе тәртіп орнатады, осылайша қызметкерлердің санасында өзгеріс болады. Осы арқылы жұртшылықтың сеніміне ие болуға мүмкіндік туады. Бас прокуратура 2018 жылы қылмыстық процесті түгел цифрлауды жоспарлап отыр. Онда біз арыз келіп түскен уақыттан бастап, тергеу барысы, істің сотта қаралуы және жазаның орындалуына дейін қамтимыз. Яғни әрбір іске қатысты сот алды тергеуден бастап, немесе жазасын өтеуге кеткенге дейінгі бүкіл процесс цифрланады. Осы бағытта көп жұмыс жасап жатырмыз. Елбасының тапсырмасымен қазір бюджеттен қаржы сұрамай, прокуратураға IT мамандарды алдық. Қазір пилоттық жоба алты облыста іске асырылып жатыр. Соның аясында 200-дей санкция тікелей электронды форматта алынды. Психо, наркодиспансерлер бұрын кезекке тұрып күтетін, қазір жылдам алып жатыр. Ең алдымен, бұл қағаз сияқты жоғалып кетпейді. Қылмыстық іс жоғалып кетпейді. Бір жапырақ қағаз үшін қаншама шығын келеді. Ал, цифрлық форматтың ерекшелігі – адамның құқығын қорғайды. Өйткені, барлығы алақандағыдай анық көрінеді. Халықаралық стандарттарға сай.

Тергеу барысында құқық қорғау органдарының билігі, құзіреті көп. Ол адамның әңгімесін жасырын тыңдай алады, жүріс-тұрысын шектейді, қамай алады, аңдиды, мүлкіне тыйым салады. Мұндай билік кез келген мемлекетте бар. Бірақ құқық қорғау органдары қылмысты ашамыз деп артық кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан заңның басты міндеті – осындай заңсыздыққа тосқауыл болу. Ал, прокурор қылмысқа барса, онда басқаларға не деуге болады? Міне, сондықтан да адамның құқығын және қылмыспен күресу арасындағы балансты ұстап тұру керек. Осы себептен елдегі ахуалға байланысты қылмыстық заңға әр мемлекет өзгеріс енгізіп тұрады. Мысалы, АҚШ-та терроризм көбейді. Сол үшін Патриотизм актісі деген арнайы заң қабылдады. Ол арқылы құқық қорғау органдарының құзіретін күшейтті, ФБР-ға, ЦРУ-ға бірақ өкілеттік берді. Еуропа елдері де тиісті шара қолданады. Мысалы, 90-ы жылдары қылмыс өршіп тұрды. Сонда біз құқық қорғау органдарын күшейттік. Елбасы қылмыспен күресуді өз қолына алды. Соның нәтижесінде 96-ы жылдан бастап адамға қарсы жасалатын аса ауыр қылмыстар жыл сайын азайып келеді. Мысалы, 80-і жылдарды қылмыстың Кеңес кезеңіндегі ең керемет кезі деп есептейміз. Қазір сол көрсеткішпен салыстырғанда, кісі өлтіру екі есе азайды. 90-ы жылдары КСРО колонияларында 105 мың адам отырса, қазір үш есе қысқарып, 35 мың адам отыр. Сол жылдары әлемде жүз мың адамға шаққанда үшінші орында болдық. Қазір 70-орында тұрмыз. Еліміздің құқық қорғау саласында жақсы өзгерістер болып жатыр. Бірақ барлығы қазір қылмыс көп, бұрын аз еді деп есептейді. Себебі, қазір қылмыс туралы ақпарат тез тарайды. Өйткені қазір бәрі – ашық, бұрын жабық еді. Халық көп нәрсені білмейтін. Бір қылмыс болса, интернетте жылдам тарап, ел болып талқылаймыз. Ал, енді екінші жағынан, статистика баяғыдай өтірік емес. Бұрын аса ауыр қылмысты жасырса, әрі кетсе, сөгіс беретін. Қазір ол үшін соттайды. Талай әріптесіміз сотталды. Сондықтан қазір оған көп бара бермейді. Менің айтайын дегенім, қазақстандықтардың өмірі қауіпсіздік жағынан жылдан жылға жақсаруда. Кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру сияқты ауыр қылмыстар азайып жатыр.

Заңды жетілдіру — тоқтамайтын процесс. Әр мемлекет өзінің ішкі жағдайына қарай заңға біртіндеп, таразылап, кезең-кезеңмен өзгерістер енгізіп тұрады. Бүгінгі заң жобасы сондай кезекті бір қадам болып отыр. Осы заң жобасына қатысты Елбасы біздің алдымызға: «Біріншіден, қылмыстық іс-жүргізу кодексіне қарапайым адамның көзімен қараңдар. Екіншіден, бізде қылмыстық процесс мемлекет үшін өте қымбат. Айта кетсек, ол жерде тергеушілер, прокурорлар, соттар, мыңдаған сараптамалар қамтылған. Сонымен қатар, атқару мерзімі тым ұзақ, қиын да күрделі. Осыған үнемдеу тұрғысынан қараңдар, бірақ үнемдеймін деп артық кетпеңдер, адамның құқығы бұзылмасын. Үшіншіден, бұл заң жобасымен құқық қорғау органдарын күшейтпеңдер. Оларға ешбір жаңа билік пен құзірет бермей, керісінше мойынға міндет алып, жауапкершілікті арттырыңдар»,— деп, нақты үш міндет қойды. Сондай-ақ, Елбасы бізді: «Сіздер істі бір факті бойынша қозғап, ештеңе таба алмаған соң барлық жерді «қазбалай» бастайсыздар»,— деп сынаған болатын. Бұрын солай болған, ол — рас. Ендігі жерде  осы практиканы аталған заң жобасымен тоқтатамыз. Заңның жаңа редакциясында күдіктілерді ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқарту туралы норма қарастырылған»,— деді. Мәжілісте талқыланып жатқан құқық қорғау қызметінің процессуалды негіздерін жаңғырту мәселелеріне байланысты «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ҚР ҚПК, «Шұғыл іздестіру қызметі туралы», «Прокуратура туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Ұсынылған түзетулер қылмыстық процесте азаматтардың қорғаныш деңгейін жоғарылатуға, қылмыстық істерді тергеу процедураларын жеңілдетуге, адвокаттардың процессуалды мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қылмыстық процесте жарыспалылықты жоғарылатуға, сотқа дейінгі кезеңде сот бақылауын одан әрі кеңейтуге бағытталған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз